Оралда шенеунік әйеліне пәтерді кезексіз әперген
Сурет: Ашық дереккөзден
Оралда мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер беру мәселесі бойынша дау шықты. 2023 жылдың 13 шілдесінде Альмира Қарасаеваның Строитель шағын ауданындағы 39/3 мекенжайында орналасқан бір бөлмелі пәтерді алу туралы өтініші 6 күнде қаралды. Ол – әділет басқармасының қызметкері әрі сол уақытта ТКШ секторын басқарған Әлихан Мыңжасаровтың әйелі, деп хабарлайды janabastau.kz «Орал апталығы» сайтына сілтеме жасап.
Әдетте үй алу үшін азаматтар бірнеше ай бойы жүреді. Ресми мәліметтерге сәйкес, қазір Оралда тұрғын үй кезегінде 21 мыңнан астам адам тұр. Соның ішінде әлеуметтік жағдайы төмен адамдар, көпбалалы отбасылар мен балалар үйінің тәрбиеленушілері де бар.
Ал Альмира Қарасаеваның өтініші 6 күнде – 2023 жылдың 19 шілдесінде қаралды. Өтінішке сол кездегі ТКШ бөлімінің жетекшісі Азамат Халелов қол қойған. Келісімді әкімнің орынбасары Жандос Дүйсенғалиев бекіткен. Өтінішті орындаушы сол уақытта ТКШ секторын басқарып отырған Әлихан Мыңжасаров болған, ол Альмира Қарасаеваның заңды жұбайы еді. Ал Қарасаева өтінішке өзінің жұбайы туралы ақпарат қоспапты.
Кейін Альмира Қарасаева Әлихан Мыңжасаровпен ажырасқанын хабарлады.
Сурет: Көрнекілік үшін
Пікірлер (0)