Orda.kz бас редакторы Гүлнар Бажкенованың үстінен қылмыстық іс қозғалды
Фото: Гүлнар Бажкенова/Facebook
Алматыда Orda.kz порталының бас редакторы Гүлнар Бажкеноваға қатысты бірнеше қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, журналистің тұрғылықты жері мен жұмыс орнында тінту жүріп жатыр.
ҚазТАГ агенттігінің ресми сауалына берген жауабында Алматы қалалық ПД:
Полиция департаментіне түскен бірнеше арыз негізінде «О.» ресурсының бас редакторы, азаматша Б.-ға қатысты бірнеше қылмыстық іс қозғалды. Оған бірнеше рет және әдейі жалған ақпарат тарату фактілері бойынша айып тағылып отыр, – деп хабарлаған.
Полиция мәліметінше, арызданушылардың уәждері бойынша жан-жақты тергеу басталған.
Алдын ала дерекке сүйенсек, 2024 жылы жарияланған бір материалда құқық қорғау органының қызметкері пара алып жатқанда ұсталды деген ақпарат таратылған. Тергеу бұл деректің шындыққа жанаспайтынын анықтаған.
Жалған мәліметтің салдарынан аталған қызметкердің кәсіби беделіне нұқсан келген. Ал басқа бір жарияланымда мүліктік дауға қатысты залал көлемі мен себептері бұрмаланып көрсетілген. Бұл да қоғамды шатастырып, арызданушының делегей беделіне айтарлықтай зиян келтірген, – деді ПД.
Сондай-ақ алдыңғы жылдары шыққан өзге де материалдар бойынша азаматтардан түскен арыздар тексеріліп жатыр. Тергеу олардың да жалған және қоғамды жаңылыстыратын ақпарат болуы мүмкін екенін қарастыруда.
Қазір Гүлнар Бажкенованың үйі мен жұмыс орнында тінту жүргізіліп, электронды құрылғылар мен материалдар тәркіленуде. Тергеуге алынған деректер арқылы жарияланымдардың қалай дайындалғанын және ақпараттың шығу көзін анықтамақ.
Пікірлер (0)