Отандық контроллер мұнай ұңғымаларын қашықтан бақылауға және басқаруға мүмкіндік береді

Жаңалықтар
view 27
news

Фото: Энергетика министрлігі

«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мен оның еншілес ұйымдарында Vanguard AI жобасын енгізу бойынша Энергетика министрлігінің өкілдері OPTI Well цифрлық платформасын әзірлеуші RECADO компаниясымен бірлесіп Құмкөл кен орнына барды, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Сапар барысында жұмыс істеп тұрған ұңғымаларда цифрлық шешімдердің іс жүзінде қалай қолданылып жатқаны таныстырылды. Әсіресе елімізде толықтай әзірленіп, өндірілген отандық өнім – ұңғымалық контроллерді пайдалану мәселесіне ерекше назар аударылды. Жобаны іске асыру ұлттық технологиялық құзыреттерді дамытуға және мұнай-газ саласындағы қазақстандық мазмұн үлесін арттыруға ықпал ететіні атап өтілді.

Өндірістік қызмет өкілдері OPTI Well цифрлық платформасының ұңғымаларды нақты уақыт режимінде қашықтан бақылау және басқару мүмкіндіктерін көрсетті. Жүйе технологиялық параметрлерді талдауға, пайдалану режимдерін оңтайландыруға, өндіру көлемін арттыруға және өндірістік нысандарға жиі баруды қажет етпей-ақ штаттан тыс жағдайларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, бірыңғай цифрлық интерфейс арқылы орталықтандырылған басқару шешім қабылдау жеделдігін арттырып, өндірістік және апаттық тәуекелдерді азайтады, сондай-ақ еңбек және материалдық ресурстарды тиімді пайдалануға жағдай жасайды.

Сапар барысында жүйенің нақты өндірістік жағдайларда тиімділігін көрсететін кейстер таныстырылды. Жүйе жұмыс режимдерінен ауытқуларды автоматты түрде анықтап, мамандарды уақытында хабардар етіп, өндіріс шығындарын азайтуға мүмкіндік береді.

Сапар қорытындысында цифрлық платформаларды енгізу өндіру тиімділігін арттыруға, саланы цифрландыруға және отандық IT-әзірлемелерді қолдау жөніндегі стратегиялық міндеттерге сәйкес келетіні айтылды. Сонымен бірге жобаның практикалық маңызы мен оны басқа кен орындарында қолдану мүмкіндігін қарастыру жайы сөз болды.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *