Оюмен өрнектелген өмір

Редакция таңдауы
view 1015
news

Ою-өрнек өнері – қазақтың қоршаған ортадан, табиғаттан бойына сіңген көркем өнер. Осы сұлу дүниені жетік меңгеріп, жұмыстарын ұлттық нақышта өрнектеген, бір қатар жетістіктерге жеткен Қосшы қаласы, Тайтөбе ауылының тұрғыны Әлия Қалиасқарова жайлы азды-кем сөз қозғасақ. Өнер деген ұғымға біз айтып жүрген әдебиет, бейнелеу өнері, музыка, театр, кино және т.б атаулар симайтын сияқты болып көрінеді. Адам баласы ойлап тапқан әр бір жаңа дүниені өнер деп қабылдауымыз да бек мүмкін. Оған себеп өзіміздің қазақы болмыста, тыныс тіршілігімізде қаншама кереметтер пайда болып, қаншама ғажап туындылар дүниеге келді. Оларды қаз-қалпында сақтап әлі күнге қалпын бұзбай сақтап отырғандар бар. Қазақтың әншілік, сал-серілік дәстүрі, күй өнерінен тыс жасампаздықта да тапқырлаған дүниелері мен жеткен жетістіктері орасан. Соның басында тұратын биік өнер – ақ әжелеріміз бен ару аналарымыздың, сүйрік саусақты қыз-келіншектердің қолынан ою-өрнек арқылы жасалынатын әр түрлі жасау-жабдықтар мен әшекей бұйымдар еді. Ою-өрнек қазақтың қоршаған ортадан, табиғаттан бойына сіңген көркем өнер. Қазақтың ою-өрнектері төрт түрге бөлінеді: өсімдік тектес, жануарлар, геометриялық формада, космогендік (астрологиялық). Бұлардың әрқайсысының өзінің белгілі бір мағынасы бар. Бағзыдан бері қолданып келе жатқан ою-өрнек сызу дәстүрін жартас суреттерінен де байқай аламыз. Мүйіз – қазақ оюының негізі және ең көне мәнері. Одан сырт тұмарша, құстұмсық, өркеш, кемпірқосақ тәріздес түрлері де көп. Осы ойымызға дәнекер болып отырған оюшы, әртүрлі өрнек үлгілерімен ғажап туындылар тудырып жүрген, қазақ ою-өрнегінің шебері, сұлу өнерімен халқының қалауын жасап, көзайымы болып жүрген Қосшы қаласы, Тайтөбе ауылының тұрғыны Әлия жайында азды-кем сөз қозғамақпыз. Әлия Қалиасқарова Сапарбекқызы Қорғалжын ауданының тумасы. Кішкентай күнінен зергер әжесінің қолынан алуан түрлі қазақы нақыштағы әшекей бұйымдардың жасалуын көріп өскен зерек Әлия «балапан ұяда нені көрсе, ұшқанда соны алады» дегендей есейгенде экономист мамандығы бойынша білім алса да осы ұлттық салт-дәстүрдің ізімен сырмақ сырып, ою ойып, ұлттық бояуы бар әр түрлі әшекей бұйымдарды қолынан келгенінше жасайды. Ауыл арасындағы аздаған заказдарды тыңғылықты орындап жүргеннен кейін бірте-бірте сұраныс та көбейе бастайды. Қосшы қаласынан, Астанадан тіпті республиканың жер-жерінен ұсыныстар келіп, әр түрлі тапсырыстар қабылдай бастайды. Он саусағынан өнер тамған Әлия Сапарбекқызы сұраныстың көбеюіне байланысты жанына қолғабыс ететін екі көмекші алады. Бұл күнге дейінгі барлық тапсырыстар осы үш адамның қолынан жасалынған. Сырмақ, түскиіз, үй тұмары, бәйге аттың жабуы, т.б ұлттық түс алатын біраз жабдықтарды оюмен өрнектеп, әшекеймен әрлеп жасап, тұтынушылардың сұранысын жоғары деңгейде орындап, ел арасында таныла бастайды. Өнері өрге жүзген шебер республикалық конференцияларға қатысып, талай байқаулардың шағын қағып, жүлделі болады. Өзара тәжірибе алмасып, оны жұмысында қолданып, үйренген дүниесі өз жемісін береді. Оюшы Әлия Әскербекқызы 2021 - Түркістанда болған «BORN NOMAD POWER» фестивальнде республиканың жер-жерінен келген мықты шеберлермен танысып, ғажап туындыларды көріп көзайым болса, 2022 - жылы «Kazakh Tourism ҰҚ» басқармасының қолдауымен Алматыда өткен «QAZAQSTAN CRAFT FORUM» форумында қолөнер өнімдерін брендтеу және маркетингі бойынша оқыту семинарларына қатысып, өз тәжірибесімен бөліседі. Ұлттық нақышта жасалған өзге де шеберлердің дүниелерімен танысып олжалы оралады. Әлия Қалиасқарова жасаған заттарының қымбат тұратынына қарамастан тұтынушылардан көп тапсырыс келетінін айтады. Есесіне тапсырыс беретіндердің ішінде көбінесе жасау-жабдық, үйге іліп қоятын шілдерлер, т.б дүниелер жасататын алыс-жақыннан бөлек шетелге кететіндер де көп хабарласады дейді. Өйткені туған елінен, жерінен жырақта жүрген кезде үлттық ғұрпын, құндылығын есінде сақтап, осы қазақы дүниелермен сағынышын басатын сынды. Және бір себебі шетелде жүрген кезде бөтен елге, өзге ұлттарға көрсететін өз ұлтының бет-бейнесі, жарқын белгісі сияқты. Олар да ешқандай тігіссіз жасалынған, бедері бөлек басқаша дүниеге таңғалыспен қарайды екен. Әлия Қалиасқарованың жасаған оюлы заттары құрлық асып Америка еліне де бірнеше мәрте жеткен. Қазақы нақыштың шетелде көрсетіліп, өзге ұлттардың қызығарлық дүниесі болып тұрса одан артық қандай қуаныш болмақ. Шебер Тайтөбе ауылында, өз үйіндегі арнайы шеберханасында жұмысын қалыпты жүргізіп жатыр. Жасалған дүниеге кететін материялдар, көмекшілерінің жалақысынан сырт айлық таза кірісі миллионға жуықтайды. Осылайша өз ырыздығын даладан емес өз үйінен тауып, ауыл бизнесін дамытып, ауылдағы сауда-саттықтың маңыздылығын, ұлттық құндылықтарымызды ою-өрнек арқылы дәріптеп, әр күнін ғана емес өмірін оюмен өрнектеп жүрген шебер апайымыздың алдағы жолы тіпті де даңғыл болмақ.

Тілеубек БАТЫС

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *