Пәтерді қолма-қол сатып алу тоқтады: заң не дейді, халық не күтеді?

Жаңалықтар
view 715
news

Сурет: istockphoto.com

Пәтерді қолма-қол ақшаға сатып алу - енді заңсыз. Тұрғын үй нарығында жаңа кезең басталды. 

Қазақстанда тұрғын үй нарығына қатысты маңызды заңнамалық өзгерістер қабылданды. Енді салынып жатқан үйлерден пәтерді тек банктік аударым арқылы ғана сатып алуға болады. Бұл туралы 12 маусымда Сенат мақұлдаған заң жобасына сүйеніп, BAQ.KZ ақпарат агенттігіне сілтеп хабарлайды JANABASTAU.KZ порталы.

 Заң жобасы Мемлекет басшысының қол қоюына жіберілді. Құжатта тек қаржы тәртібіне ғана емес, құрылыс нарығындағы "көлеңкелі" мәмілелерге де түбегейлі өзгерістер қарастырылған.


Нені өзгертіп отыр?

Сенаттың қарауынан өткен заң жобасы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» құжаттағы өзгерістер:

  • Салынып жатқан үйлерге қолма-қол ақша төлеуге тыйым салады;
  • Ипотека тек рұқсат құжаттары бар жобаларға ғана беріледі;
  • Алдын ала келісімдер мен бронь шарттары жойылады, тек үлестік құрылыс шарты қалады;
  • Заңсыз жарнама мен келісімге барғандар үшін айыппұлдар көлемі еселеп өседі (1000–2000 АЕК – шамамен 4–8 млн теңге).

Неге бұл қажет болды?

Қабылданған нормалар тұрғын үй нарығындағы алаяқтық, заңсыз төлем және салықтан жалтару әрекеттеріне қарсы бағытталған. Көптеген құрылыс нысандары рұқсат құжаттарынсыз бой көтеріп, пәтерлер бейресми түрде сатылып келгені жасырын еместігін алға тартты. 

Экономист Айбар Олжайдың айтуынша, бұл – тұрғын үй нарығын ашық әрі есепті етуге жасалған нақты қадам:

"Алаяқтықты азайтып, салықтық түсімдерді арттыру – басты мақсат. Ипотека ақшасымен көлеңкелі схемалар жасайтындарға тосқауыл қойылады. Мәмілелер ашық жүргізілсе, халық сенімділікпен жаңа пәтерлерді алатын болады", – дейді сарапшы.


Сатып алушы не істеуі керек?

Егер азаматтың қолында тек қолма-қол ақшасы болса, оны банкке апарып, тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу шоты арқылы аударады. Бұл ретте банк мердігердің рұқсат құжаттарын тексереді. Егер бәрі заңды болса – төлем өтеді. Рұқсат болмаса – банк төлемді тоқтатады.


Заңның артықшылықтары:

✅ Мәмілелердің заңдылығы мен ашықтығы артады
✅ Құрылыс компанияларына қойылатын талаптар жеңілдетіледі
✅ Жаңа үйлерге деген сенім ұлғаяды
✅ Салықтан жалтару мен бейресми келісімдерге тосқауыл қойылады
✅ Көлеңкелі құрылыс нарығы қысқарады


Баға өседі ме? Құрылысшылар не істейді?

Құрылысшылар қауымдастығының президенті Виктор Микрюковтің айтуынша, шағын компаниялар да алаңдамауы тиіс. Керісінше, олардың заң аясында жұмыс істеуіне жағдай жасалады:

"Бұл өзгерістер тұрғын үй бағасына тікелей әсер етпейді. Рұқсаттары бар компаниялар өз жұмысын жалғастыра береді, ал көлеңкеде жүргендер нарықтан ығыстырылады", – дейді ол.

Сонымен қатар, тәжірибе мен салынған шаршы метр бойынша қойылатын талаптар да жеңілдетілген:
– Тәжірибе – 3 жылдан 2 жылға дейін;
– Алматы, Астана, Шымкент қалаларында – 18 мыңнан 10 мың шаршы метрге дейін;
– Облыс орталықтарында – 5 мың шаршы метрге дейін.


Жаңа жүйе қашан күшіне енеді?

Енді заң Президент қол қойғаннан кейін 60 күн ішінде күшіне енеді. Осы уақыт ішінде құрылыс компаниялары мен банктер жаңа тәртіпке бейімделуі қажет.

Құжатта Үлескерлерді қолдау орталығын құру туралы да ұсыныс бар. Бұл орталық азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған.

 

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *