Педагог беделі қоғамның болашағын анықтайды
Фото: BAQ.KZ
Қазіргі Қазақстанда педагог кәсібінің беделі – тек білім саласының көрсеткіші емес, елдің әлеуметтік тұрақтылығы мен стратегиялық дамуының өзегі. Мұғалімнің мәртебесі артқан жерде сапалы білім, әділ қоғам және ұрпақ тәрбиесі қатар нығаяды. Сондықтан педагогтің еңбегін тану, қолдау және беделін күшейту мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының біріне айналған, деп жазады JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігінің тілшісі.
Білім берудің сапасы, балалардың қызығушылығы мен болашақ кәсіби бағыты көбіне мұғалімнің тұлғасына байланысты. Педагог – тек білім жеткізуші емес, ол тәрбиеші, бағыт-бағдар беруші, психологиялық тірек. Қазіргі күрделі ақпараттық дәуірде баланың дамуына ең жақын тұлға ата-анадан кейінгі мұғалім екені белгілі. Сол себепті мұғалім беделі төмендеген қоғамда білім сапасы да әлсірейтіні және анық. Ал беделі жоғары болған ортада педагогика ең құрметті, ең тұрақты, ең сенімді мамандықтардың бірі болып есептеледі.
Мәселен, 2020 жылы пандемия уақытында, қашықтан оқытуға толығымен көшу кезінде ең ауыр жүктің педагогтерге түскені белгілі. Кейбір өңірлерде интернет тұрақсыз болса да, мұғалімдер үй-үйді аралап, тапсырма таратып, оқушыларды оқудан шет қалдырмауға тырысты. Петропавл мен Түркістан облыстарындағы мектеп ұжымдары өз қаржыларына техника алып, әлеуметтік аз қамтылған балаларға таратқан мысалдар бар. Бұл педагог кәсібінің қоғам алдындағы жауапкершілігін айқындаса керек.
Ауылдардағы кадр тапшылығына қарамастан, көптеген жас педагог «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен елді мекендерге барып, білім сапасын көтеріп жүр. Мәселен, Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы №5 мектептің жас мұғалімдері робототехника үйірмесін ашып, республикалық байқауларда жүлде алғанын бұқаралық ақпарат құралдары талай рет жазды. Бұл – мұғалім беделін арттыратын нақты әрекеттер.
Соңғы жылдары Қосшыда білім беру саласы қарқынды дамып келеді. Осындағы №1 мектеп-гимназия педагогтері ата-аналармен серіктестік орнатып, тәртіп мәселесін шешудің тиімді үлгісін енгізген. Аптасына екі рет кеңес беру, психологпен бірлескен отырыстар, цифрлық бақылау жүйесі арқылы көпке үлгі болып отыр. Нәтижесінде соңғы екі жылда мектептегі құқықбұзушылық көрсеткіші екі есеге төмендеген. Ендеше бұл педагог беделі артқанда ортадағы мәдениеттің қалай өзгеретінінің айқын дәлелі деп айтуымызға болады.
Соңғы жылдары мұғалім мәртебесіне қатысты бірнеше жүйелі өзгеріс жасалғаны анық: мұғалімдерді артық жүктемеден қорғайтын, қызметтік міндетін нақты айқындаған «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданды; 2020 жылдан бері педагог жалақысы шамамен екі есеге артты; категориялық жүйе жаңарды – шебер-педагог, зерттеуші-педагог сияқты деңгейлер мотивацияны күшейтті; біліктілікті арттыру курстары жаңғыртылды – Назарбаев Зияткерлік мектептері енгізген әдістеме бүкіл ел бойынша тарады.
Иә, педагог кәсібінің беделі тек мемлекетпен емес, қоғаммен қалыптасады. Ата-ананың құрметі, мектепке деген сенім, баланың ұстазына үлгі ретінде қарауы мұғалімнің мәртебесін айқындайды. Соңғы жылдары әлеуметтік желілерде педагогке байланысты жағымсыз пікірлер жиілесе де, мұғалімдерді қорғау мәдениеті қалыптаса бастады. Мектеп басшылығына қысым көрсету, мұғалімді орынсыз айыптау – енді заң алдында жауап беруге әкеледі.
Ғани АТЫМТАЙ
Пікірлер (0)