Президент педагог мамандығын таңдаған жастар санының артып келе жатқанын атап өтті

Жаңалықтар
view 33
news

Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалім мамандығын таңдаған жастар қатарының көбеюін жақсы үрдіс деп бағалады.

Биыл 12 мыңнан астам түлек, оның ішінде 2 мыңнан аса «Алтын белгі» иегері педагогика мамандығы бойынша мемлекеттік грантқа ие болды. Педагогикалық бағыттағы студенттердің шәкіртақысы 2,5 есе өсті. Жаңа оқу жылы қарсаңында өңірлерде 15 мыңнан астам мұғалім жұмысқа қабылданды, олардың жартысына жуығы – жас мамандар.

– Бұл – мектептерге білімді, жігерлі, ұшқыр ойлы мұғалімдердің жаңа буыны келіп жатыр деген сөз. Ұстаздыққа енді қадам басқан жас мамандарға аға буын көп көмек көрсетуге тиіс. Сонда олар да өз ісінің нағыз шебері болып қалыптасады. Біз оқу-ағарту саласының кадрлық әлеуетін күшейте түсуіміз керек. Білікті мұғалімді мықты мемлекеттің тұғыры деп айтсақ, артық болмайды, – деді Президент.

Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне жоспарлы түрде енгізудің маңызын да атап өтті.

– Дұрыс пайдалана білсе, жаңа технология мұғалімдердің қызметін әлдеқайда жеңілдетеді, оларды артық жұмыстан босататын сенімді құралға айналады. Тәлімгерлікке ден қойып, оқушылармен тікелей жұмыс істеуі үшін ұстаздардың уақыты болуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы еңбекқор, білімге құштар, ізденімпаз ұрпақ тәрбиелеудің маңызын атап өтті.

– Еңбексіз ешқандай табыс та, жетістік те болмайды. Бұл – өмірдің қағидасы, заңы. Өмір жолын тек жан-жақты дайындалған, біліммен қаруланған адам ғана еңсере алады. Осы қарапайым түсінікті балаларға түсіндіріп айту маңызды. Стратегиялық мақсатымыз – биік шыңдарға көз тігетін, бәсекеден тайсалмайтын жасампаз ұрпақ тәрбиелеу, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент қоғамда жаңа этика қалыптасып келе жатқанын атап өтіп, тазалық, еңбекқорлық, адалдық және өзара сыйластық қасиеттерінің маңызын айтты.

– «Таза Қазақстан» акциясы жалпыұлттық сипат алып, еліміздің келбетіне және ең бастысы, азаматтарымыздың болмысына оң әсер ете бастады. Табиғатты аялау, жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру мемлекетіміздің конституциялық міндеті саналады. Осындай елдік маңызы зор іске сіздер, жалпы ұстаздар қауымы мол үлес қосып жатсыздар.

Себебі көзі ашық, көкірегі ояу, тәрбиелі, заңға бағынатын адал азаматтар ең алдымен мектептегі мұғалімнен тәлім алады. Сондықтан мен еліміздегі барша ұстазға шынайы ризашылығымды білдіремін. Ұстаздық еткен әр адамның ерен еңбегі зор құрметке лайық деп санаймын, – деді Мемлекет басшысы.

 

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *