Президент тапсырмасы: Шетел көлігін қалай тіркеуге болады?

Экономика
view 561
news

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жасаған Жолдауында утилизациялық алымсыз әкелініп, тіркеуден өтпей жүрген шетелдік көліктерді заңдастыруды ұсынды. Бұл өзгеріс елге 1 қыркүйекке дейін кіргізілген көліктерді қамтиды. Газет тілшісі қандай көліктер тіркелуге жататынын шолып көрген еді.

Президент не деді?

Осыған дейін Ресейден, Армениядан және Қырғыз Республикасынан көлік әкеліп, оларды Қазақстан тіркеуінен өтпей пайдаланып жүрген азаматтар наразылыққа шыққан соң, ел билігі оларды уақытша тіркеген. «Кейбір жақын шетелдерден әкелінген автокөліктерге қатысты түйткілдер баршаға мәлім. Заң аясынан тыс қалып отырған мұндай көліктер қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіруде. Заңсыз көлік әкелетін амал-тәсілдің бәріне тосқауыл қою үшін батыл шаралар қабылдау қажет. Ал, биылғы 1 қыркүйекке дейін елге әкелінген автокөліктерге қатысты ахуалды реттеу керек. Оларды заңдастыру мақсатында утилизация және алғашқы тіркеу үшін төленетін қаржы көлемін 200-250 мың теңгеден асырмай, бәріне бірдей және бір реттік алым алуды ұсынамын. Бұл – іздеу салынбаған және кеден рәсімдерінен өткен көліктерге ғана қатысты шара», –  деді Мемлекет басшысы. Тоқаевтың аузынан осы сөз шыққаннан кейін әркім әртүрлі болжам айтып кетті. Бірі көліктердің бәрін тіркейді екен десе, екінші «сары нөмірлі» көліктер тіркеуге жатады десті.

Автожурналистің пікірі

Автожурналист Олжас Оқас президент Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырған «шетелдік көліктерді тіркеу» жөніндегі тапсырмасының мән-жайын түсіндіріп берді. «Елімізді еркін кезіп жүрген шетелдік тіркеудегі көліктер заңдастырылатын болды. Дұрыстап түсініп алыңыздар. Яғни, 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін Қазақстан территориясына кіргізілген автокөліктерге ғана бір реттік жеңілдік жасалды», – деді Олжас Оқас. Автожурналистің айтуынша, Президенттің бұйрығы бойынша заңдастыру аясында алғашқы тіркеу мен утилизация алымы 250 мың теңгеден аспау керек. «Қосымша ақпарат: аталмыш науқан криминалсыз, іздеуде болмаған, кедендік тазартудан өткен автокөліктерге ғана қатысты. Құрметті көрермен! Әзірге бұл ұсыныс ретінде жарияланды. Билік өкілдері әрекетке кіріскен жоқ. Қазақстанда көлік тіркеу бойынша ережені де ешкім жоққа шығармаған. Ол не деген сөз? Оң рөлдегі автокөліктер, экологиялық класы еуро4-тен төмен көліктер тіркеуге алынбайды деген сөз. Қазақстан ЕАЭО мүшесі екенін де ұмытпайық. Грузиядан әкелінген ескі көлікті арзанға тіркеу мүмкін емес. «Двойниктермен», жалған құжаттармен жүрген автокөліктер қудаланып, көшені тазарту процесі басталады деген сөз. Ресейден келген росучет та Тоқаев айтқан жеңілдік бойынша өтпейді. Ақыр аяғында бұл акция кімге арналған дейсіз ғой? Ертеректе сары нөмір алған кісілердің көліктері тап-таза болып шығады», – дейді Олжас Оқас. Ол бұл мәлімдемені «бас ауырғанда басатын таблеткаға» теңеді. «Проблема түбегейлі шешілмейді. Утилизация алымымен алғашқы тіркеу туралы айтшы деп өтінгендер бар. Айтайын. Мысалы, жаңа камридің бағасына оның құны 5 пайыздан аспайды. Машина сатып алуға ниеттенген адам үшін утиль мен «первичка» мәселе тудырмайды», – дейді ол.

Нұрән ӘДІЛЕТ

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *