Баға «ұшып» барады – қымбатшылық қысып барады
Экономика
371
Осы аптада Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов қызметінен босатылды. Президент естеріңізде болса, осыдан бір ай бұрын ғана оған сөгіс жариялаған еді. Министрдің лауазымынан кетуін сарапшылар мен экономистер қымбатшылықты еңсере алмауымен байланыстырады. Қазір бір ғана қант бағасының өзі шарықтап кетті. Баға «ұшып» барады – қымбатшылық қысып барады.
Осы ретте халық азық-түліктің қай түріне ақшаны үнемдей бастағанын талдап көрелік.
Таяуда қоғам белсендісі Ерлан Сәкеновтің қымбатшылыққа байланысты жүргізген сауалнамасында азық-түлік бағасының шарықтап кеткені сөз болды. Ол сауалнамада «Азық-түліктің бағасы қымбаттап бара жатыр. Осыған байланысты олардың қай түрінен бас тарта бастадыңыздар?» деп сұрақ қойған. Сауалнамаға белсене қатысқандар қымбатшылық мәселесіне қатысты 500-ден астам пікір қалдырған. Міне, осыған қарап қымбатшылықтың қоғамды қатты толғандырып отырғанын байқауға болады.
Сонымен халық қазір қымбатшылыққа байланысты азық-түліктің қай түрін алуды азайтты? Тимуржан Ибраев есімді азамат ет, қант, тәтті-дәмділерге жұмсайтын қаражатты үнемдей бастағанын жазған. Ол сонымен қатар бұрынғыдай мейрамханаға баруды да азайтқанын атап өтеді.
Ал Айдана Оразымбетова «қанттан бас тарттым» дейді. Сол секілді Мурат Астана газдалған сусындарды алмайтынын, одан көп ақша кететінін жазыпты. Оның бұл шешімін әлеуметтік желідегі басқа да адамдар қолдап жатыр – «жөн шешім, газдалған сусындар денсаулыққа зиян» дейді олар.
Қымбатшылық келгелі азық-түлікке ақшаны аямайтын адамдар да кездеседі. Мысалы, сауалға Елена Зевакина «ештеңеден бас тартпадық» деп жауап берген. Светлана Марабаева болса «қазыны, жылқы етінен, ананасты» бұрынғыдай алмайтынын жазады. Әділ Семей деп тіркелген кісі «еттен» дейді. Бақыт Дильдарова «шұжықтан, ірімшіктен, конфеттерден» ақшаны үнемдей бастағанын білдіреді.
«Негізі ештеңеден бас тартқан жоқпыз. Тек бұрынғыдай емес, тамақты азырақ ала бастадық. Акциялар мен жеңілдіктерді көбірек іздейміз. Тәтті-дәмділер, піспенанды азырақ сатып ала бастадық», – деп жазады Айгүл Үсен.
Эльмира Исабаева есімді азамат етті бұрынғыдан да сирек сатып алуға мүмкіндігі барын жазады.
«Бұлай кете берсек, етті мереке күндері ғана жейтін шығармыз. Манты әзірлемегелі 100 жыл болған шығар. Көбінесе тауықтың етін жейміз», – дейді ол. Гүлнар Сарбасова «қанттан, майонез бен шұжықтан» ақшаны үнемдеп жүр.
Асхат Түнқатаров атты азамат негізінен ештеңеден бас тартпағанын жазады. Алайда азық-түлікті бұрынғыдан азырақ сатып ала бастағанын білдіреді.
«Бұрын 10-15 келі ет алып келсек, қазір екі есе аз аламыз. Денсаулыққа пайдалы асқа өттік. Таңертең ботқа, кешке сүт. Пайдалы әрі керемет», – деп пікір қалдырған Асхат. Жұрттың көбі ет пен қанттан ақшаны үнемдей бастағанын аңғаруға болады. Әсия Әли атты әйел оған конфеттер мен қазыны қосады. «Бұлай кете берсе, қазақтар вегетарианға айналатын шығар», – деп әзіл-шыны аралас пікір қалдырады Дания Ибраева. Санди Абдикаримова кептірілген жемісті азырақ ала бастағанын жазған. Осылайша, бір ғана сауалнама қымбатшылықтың халыққа қалай әсер етіп жатқанынан хабар беріп тұр.
Айта кетсек, Ұлттық статиска бюросы таяуда ғана таратқан ресми ақпарат бойынша Қазақстандағы қант түрлі жанжалға себеп болып қана қоймай, қымбатшылығымен барлық азық-түліктің алдын ораған. Ресми мәліметке сүйенсек, тәтті өнім бір жылда 90 %-ға қымбаттаған. Шекердің орнатқан рекордын пияз да қуып жетуге сәл-ақ қалған. Бұл көкөніс бағасы бойынша жылдық өсім 80 %-ға жуықтайды. Құны аспандап тұрған азық-түліктің бестігінде ұн да бар – 40 %-ға өскен. Ал макарон өнімдері мен түрлі жармалардың бағасы 30% қымбаттаған. Азық-түлік емес тауарлар да қалыспай келеді. Ыдыс-аяқ жуатын сұйықтықтар, тұрмыстық құрылғылар, құрылыс материалдары және жиһаздың нарықтағы бағасы 20%-ға артқан. Осылайша шілде айындағы жылдық инфляция 15%-ды құрады.
Былтырғы кезеңмен салыстырғанда 2022 жылғы шілде айында азық-түлік бағасының өсуі мынадай:
қант – 87,3%
пияз – 71,7%
ұн – 36,6%
макарон өнімдері – 33,0%
дақылдар – 31,4%
құс еті – 28,6%
нан-тоқаш өнімдері – 27,4%
қатты ірімшік – 26,7%
минералды және ауыз су – 24,6%
сүтқышқылды өнімдер – 24,5%
кептірілген жемістер мен жаңғақтар – 24,4%
кондитер өнімдері – 21,9%
пастерленген сүт – 21,7%
салқындатылған сусындар – 20,5%
көкөністер – 18,3%
нан – 17,9%
сары май – 17,0%
шұжық өнімдері – 16,7%
жылқы еті – 16,5%
темекі өнімдері – 14,8%
қой еті – 13,7%.
Нұрән ӘДІЛЕТ
Пікірлер (0)