«Прокуратура Назарбаевтардың дегенін орындаған»: депутат дабыл қақты

Жаңалықтар
view 60
news

Фотосурет: parlam.kz

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи Бас прокурор Берік Асыловтың атына резонансты депутаттық сауал жолдады. Ол «Әділетті Қазақстан» құру жолында әділетсіздік пен заңсыздықтарға көз жұма қарауға болмайтынын айтып, атышулы Нұрбол Назарбаевқа қатысты деректерді қайта көтерді, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі Qaz365.kz-ке сілтеме жасап.

Депутат өз сауалында әріптесі Ринат Зайыттың өткен аптадағы депутаттық сауалын қолдайтынын атап өтті. Оның пікірінше, азаматтардың көз жасына толы өтініштерін жауапсыз қалдыру президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан» бастамасына қарсы жасалған қастық саналады.

Ермұрат Бәпи бұған дейін де Алматы облысының Қарасай ауданындағы бұрынғы Каменское мал асылдандыру зауытының жұмысшылары атынан бірнеше мәрте депутаттық сауал жолдағанын еске салды. Оның айтуынша, Нұрбол Назарбаев 9 мың гектардан аса жекешелендірілген жер үлесін заңсыз иемденіп алған.

Депутаттық сауалда қарағандылық кәсіпкер Қуат Ерментаевтың да оқиғасы ерекше атап өтілді. Оның «PORUS» ЖШС-індегі үлесін рейдерлік жолмен тартып алғаннан кейін кәсіпкер бар мүлкінен айырылған. 2022 жылы прокуратура қылмыстық іс қозғағанмен, 2024 жылы ол «қылмыс құрамының болмауына байланысты» тоқтатылған. Депутат мұны Назарбаевтар әулетінің ықпалы деп бағалады.

Міне, сол «мықты» Нұрбол Назарбаев жасаған зорлықтан араша сұрап, рейдерлік жолмен тартып алынған бизнесін қайтарып беруді өтінген қарағандылық Қуат Ерментаев деген азаматтан тағы да өтініш түсті. Бұл жігіт сол рейдерлік шабуылдан кейін барлық мүлкінен айырылып, тақырға отырып қалған. Бір қызығы, өтініш берушінің талабы бойынша 2022 жылы Алматы қаласының прокуратурасы мен Алматы қаласы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті оның мүлкін, атап айтқанда «PORUS» ЖШС-індегі үлесін рейдерлік басып алу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғаған екен. «Бірақ белгілі себептерге байланысты, мен ол кезде рейдерлік басып алу Нұрбол Назарбаевтың нұсқауы бойынша жасалды деп айта алмадым» дейді менің депутаттық қабылдауымда болған өтініш иесі. Бірақ арада екі жыл өткенде – 2024 жылы Алматы қаласының прокуратурасы қозғалған қылмыстық істі «қылмыс құрамының болмауына байланысты» деген желеумен тоқтатқан. Себебі айтпасада да түсінікті: прокуратура Назарбаевтардың дегенін орындаған, – деді Ермұрат Бәпи.

Сондықтан ол Бас прокурордан осы істі қайта қарауды, жапа шеккен азаматтардың аргументтерін ескеруді талап етті.

Заңсыздықтан зәбір көрген азаматтарға қорған болайық, Бас прокурор мырза!  деп түйіндеді сөзін Ермұрат Бәпи.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *