«Қайрат»-«Реал Мадрид» матчы: алыпсатарлар 1 билетті жарты млн теңгеге сата бастады
Фотосурет: Дастан Шанайдың коллажы
Алматыда өткен Чемпиондар лигасы аясындағы «Қайрат» пен Еуропаның үздік клубы саналатын «Реал Мадрид» арасындағы ойын билеттерін сатып алуға 300 мың адам талпынды, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Онлайн-платформалар арқылы ғана сатылған билеттерге қызығушылық аса жоғары болды. Сауда басталмай жатып-ақ үлкен онлайн-кезек қалыптасты. Кассалардан билет алу мүмкіндігі қарастырылмады.
Сатылымның ең қызған шағында кезекте тұрған қолданушылар саны 300 мыңға жетті. Алайда қолжетімді билет саны небәрі 20 мыңнан сәл аса болды.
Айта кетсек, екі команда арасындағы матчтың билеті кеше сағат 17:00-де басталып, ресми түрде түгел сатылып біткені туралы хабарлама сағат 21:30-да жарияланған болатын. Ең арзаны 30 мың теңгеден басталып, 250 мың теңгеге дейін жеткен. Билет ала алмаған көптеген жанкүйер қосымшалардың жұмысында ақаулар болғанын айтып шағымданды.
Threads әлеуметтік желісіндегі хабарландыруға қарасақ, алыпсатарлар қазір 1 билетті 500 мың теңгеден сатуды бастап кеткен.

Жарайды, алыпсатарлар, билетке қатысты өз бағаларыңды айтыңдар, – деп жазды матч билетін сатып ала алмай қалған жанкүйердің бірі.
Сол сәтте оған алыпсатарлар адам шошырлық бағаларын жарыса жазып жатты.

150 мың теңгеге алдым. Енді 500 мың теңгеге сатамын. Алатын болсаңыз, алдын ала 70 пайызын төлеуіңіз керек. Ал қалғаны – кіреберісте. Өзіміздің жеке куәлігімізбен кіргізіп жібереміз, – деп жазды алыпсатардың бірі.
Ал тағы бірі 50 пайызын алдын ала төлеуді талап етіп отыр.

41-сектор. Билет құны – 500 мың теңге. Ұнамаса, үндемей өтіп кете беріңіз. Ойыңыздан айнып қалмас үшін алдын ала 50 пайызын төлеуіңіз керек. Себебі билеттің өзін матч болатын күні ғана береді. Өзіміз де матчқа барамыз. Күйеуім екеуміз жеке барып, кіргізіп жібереміз. Өзіміздің ЖСН нөмірімізге алдық, – деп жазды желі қолданушы.
Ескерту: алаяқтардың да осы қарбаласты төңіректеп жүргенін ескерсек, ешкімнің де «алдын ала төлем жасау» талабын орындамаған жөн. Әлгі 50-70 пайызы деген сомаларды қалтаға басып алып, өздері қаннен-қаперсіз матчты тамашалап отыра беруі мүмкін.
Пікірлер (0)