Қасым-Жомарт Тоқаев биыл 95 заңға қол қойды

Жаңалықтар
view 142
news

Сурет: Ақорда

Оның 319-ы жарлық болса, 95-і – заң, деп жазады  janabastau.kz.

Еске салайық, Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы бес әлеуметтік кеселмен күресті күшейту жөнінде нақты тапсырма берген еді. 

– Осыған орай, биыл Әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігі туралы Заңға қол қойылды. Яғни, тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін қатаң жаза белгілейтін, балалар құқығының қорғалуын қамтамасыз ететін жаңа нормалар енгізілді. Бұдан бөлек, Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы арнайы заң қабылданды. Вандализм мен өзгенің мүлкіне зиян келтіргені, қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейтуге, құмар ойынға тәуелділікті азайтуға, вейпке тыйым салуға бағытталған заңнамалық өзгерістер жасалды. Аталған бастамаларға қатысты заң жобаларын әзірлеуге Парламент депутаттарымен қатар, Ұлттық құрылтай мүшелері де белсенді атсалысты. Осылайша, Президент үнемі айтатын "Заң мен Тәртіп" үстемдігі қоғамда біртіндеп орнығып келеді, – деп жазады Президент кеңесшісі Берік Уәли.

Мемлекет басшысы биыл 3 979 құжатты қарап, қол қойған. Яғни, 95 заң, 319 жарлық, 81 өкім, 28 отырыс хаттамасы, 3 456 қызметтік құжат қабылданып отыр. 

Сонымен қатар, Президент тапсырмасымен "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында қалалар мен қарқынды дамып келе жатқан елді мекендерде 460 мың оқушыға арналған жаңа 217 мектептің құрылысы жүргізілуде. Бүгінде 36 мектеп пайдалануға берілсе, оның 15-і ауылдық жерлерде орналасқан. 

– Бұл – білім беру саласының инфрақұрылымын дамыту ісінде қала мен ауылға бірдей көңіл бөлінеді деген сөз. Ал бірнеше жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан "Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасы аясында алғашқы санитарлық-медициналық көмек көрсететін 276 нысанның құрылысы аяқталды. Оның 99-ы 2023 жылы, ал 117-і биыл іске қосылды. Келер жылы 125 нысанның құрылысы жүргізіледі. Оның ішінде 32 аудандық аурухананы жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр, – дейді Б.Уәли.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *