«Қазақ поэзиясының ақ гүлі»: Аида Балаева ақынның жақын-жуықтарына көңіл айтты
Фотосурет: ашық дереккөзден
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бүгін дүниеден өткен белгілі ақын Күләш Ахметованың отбасы мен туған-туыстарына, барша ағайынға көңіл айтты, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
«Күләш Ділдәқызы ұлттық поэзияға өзгеше леп әкелген қаламы қуатты, өлеңі шуақты, әдебиетіміздің шоқтығы биік қаламгері еді. Абыз Әбіш Кекілбайұлы айтқандай, «жыры күннің нұрындай, гүлдің әріндей, сүттің өңіндей, бөбектің иісіндей» ақын болатын. Оның қаламынан туған ел мен жерге деген сүйіспеншілікке толы туындылар оқырман жүрегіне жетіп, терең сезімге жетеледі.
Ақын өлеңдерінен биік болмысы, өр рухы, адам жанын дәл танып, ішкі әлемін көркем де қуатты тілмен ашатын ерекше шеберлігі айқын аңғарылады. Қаламгер ғибратты ғұмырында мөлдір жырымен, көркем жүзімен қазақ поэзиясының ақ гүлі атанып, халқының ыстық ықыласына бөленді. Ол нәзік те сыршыл, өміршең өлеңдерінде барша қазақ қыздарының жан сезімін, жүрек үнін көркем кестеледі.
Күләш апамыздың жарқын бейнесі мен өнегелі өмір жолы жұртшылықтың жадында мәңгі сақталады деп сенемін.
Алла тағала апамыздың жатқан жерін жарық, топырағын торқа етсін!
Бақұл болыңыз, апа!» – деп тебіренді министр.
Пікірлер (0)