Қазақстан әлемдегі бәсекеге қабілетті 35 мемлекеттің қатарына енді - Мемлекет басшысы

Жаңалықтар
view 383
news

Сурет: Ашық дереккөзден

Мемлекет басшысы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 36-шы пленарлық отырысын өткізді, - деп хабарлайды  janabastau.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушыларға ілтипат білдіріп, Кеңестің инвестициялық климатты жақсартуға қатысты мәселелерді талқылайтын маңызды диалог алаңына айналғанын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық менеджментті дамыту институтының (IMD) мәліметіне сүйене отырып, еліміз әлемдегі бәсекеге қабілетті 35 мемлекеттің қатарына қосылғанын айтты.

– Біз 2029 жылға қарай шетелден қосымша 150 миллиард доллар тікелей инвестиция тартамыз деген өршіл мақсат қойдық. Бұл міндетті іске асыру үшін Үкімет жанындағы Инвестициялық штабқа туындаған проблемаларды жедел шеше алатын құзырет берілді. Биыл мамыр айында ұлттық экономиканы ырықтандыруға негіз қалаған Жарлыққа қол қойдым. Біз елімізде инвесторлардың жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасау бағытында жүйелі шаралар қабылдауды жалғастыра береміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы еліміздің минералды-шикізат қоры мол екенін жеткізді. Сондай-ақ геологиялық барлау және пайдалы қазбаларды игеру саласындағы үдерістердің тиімділігі мен ашықтығын арттыру шаралары жөнінде мәлімет берді. Президенттің айтуынша, Қазақстан соңғы алты жылда геологиялық барлауға 1 миллиард доллардан астам жеке инвестиция тартқан.

Қазір еліміздегі 1,6 миллион шаршы шақырымға жуық аумаққа геологиялық зерттеу жүргізу үшін жер қойнауын пайдалану құқығын алуға болады.

– Жақында қабылданған 2029 жылға дейінгі Ұлттық инфрақұрылым жоспары жергілікті өндірушілерге тың мүмкіндік ұсынады. Жалпы сомасы 86 миллиард доллардан асатын 200-ге жуық ірі инфрақұрылымдық жоба іске асырылмақ. Үкімет жергілікті өндірушілерден офтейк-келісімшарттар арқылы сатып алуға арналған тауарлар тізімін жасақтап жатыр. Өнеркәсіп өркендеуі үшін жоғары білікті жұмысшылар қажет. Сондықтан мен 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияладым. Біз Қазақстандағы кәсіптік-техникалық білім беру сапасын арттыруға, сондай-ақ тиісті инфрақұрылымды дамытуға ниетті инвесторларды іздейміз, – деді Президент.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *