Қазақстан қыздар арасындағы халықаралық бағдарламалау олимпиадасында екі қола жүлде жеңіп алды

Жаңалықтар
view 300
news

Instagram: instagram.com/cpfed.kz

2025 жылғы 14–20 шілде аралығында Германияның Бонн қаласында қыздар арасындағы Еуропалық информатика олимпиадасы (European Girls Olympiad in Informatics – EGOI) өтті. Бұл – алгоритмдік бағдарламалау бойынша мектеп оқушыларына арналған әлемдегі ең ірі жарыстардың бірі. Биыл олимпиадаға Еуропа, Азия және басқа да өңірлерден 60 елдің 226 қатысушысы қатысты, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі. 

Қазақстан құрамасы ұлттық іріктеу нәтижесі бойынша жасақталып, олимпиадаға қатысты:

● Турғанбаева Тамила, 11-сынып, НЗМ ФМН, Астана қаласы

● Игзекова Алина, 9-сынып, ФМЛ, Қостанай қаласы

● Баймұхамбетова Аружан, 7-сынып, Flagman мектебі, Астана қаласы

● Исаева Анита, 9-сынып, РФММ, Алматы қаласы

Құраманың жетекшілері – Адина Мағавина мен Темірлан Сатылханов.

Қазақстандық команда EGOI олимпиадасына биыл Астанадан қашықтан қатысып, бұл формат олимпиада ұйымдастырушыларымен ресми түрде мақұлданды. Барлық турлар халықаралық жарыс стандарттарына сай, EGOI бақылаушыларымен қадағаланып өтті.

Қатысушылар үшін бұл осындай деңгейдегі алғашқы халықаралық олимпиада болды. Соған қарамастан, Қазақстан екі қола медаль жеңіп алды – жүлделерді Турғанбаева Тамила мен Баймұхамбетова Аружан ел қоржынына салды.

"Біздің қыздарымыздың бұл жеңісі — тек медаль емес. Бұл — Қазақстанда әлемдік деңгейде бәсекелесе алатын дарынды мектеп оқушылары өсіп келе жатқанының айғағы. Федерация еліміздегі барлық балалар үшін IT саласына жол ашып, жаңа буынды шабыттандыру бағытындағы жұмысын жалғастыра береді," — деді Қазақстанның Спорттық бағдарламалау федерациясының президенті Багдат Мусин.

Тағы бір маңызды нәтиже – Қазақстанның 2026 жылдан бастап EGOI-дің ресми қатысушы елдері тізіміне енуі. Бұл шешім құраманың жетекшілері төрт жыл бойы олимпиаданың Бас Ассамблеясында Қазақстанның мүддесін табандылықпен қорғауының арқасында қабылданды.

Қазақстан құрамасының EGOI-ге қатысуын қаржылай қолдаған – Федерацияның бас серіктесі Kaspi.kz. Федерация Kaspi.kz компаниясына бағдарламалау саласындағы қыздарға арналған білім беру мүмкіндіктерін кеңейтуге қосқан үлесі үшін алғысын білдіреді.

European Girls Olympiad in Informatics (EGOI) — жыл сайын өтетін халықаралық жарыс. Оның мақсаты – қыз балаларды компьютерлік ғылымға ынталандырып, IT саласындағы гендерлік теңсіздікті азайту. Қазақстан бұл олимпиадаға 2021 жылдан бері қатысып келеді. Федерацияның жүйелі жұмысының нәтижесінде елімізде жас программистердің ынталы және өршіл қауымдастығы қалыптасып үлгерді.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *