Қазақстан тағы бір салада көршісіне тәуелді болып қалуы мүмкін
Сурет: canva.com
Қазақстан 2024 жылдың 10 айының қорытындысында 4 миллиард доллардың азық-түлігін шетелден тасып жеген. Бұл туралы ресми статистикаға жүгініп, janabastau.kz хабарлайды Tradereport.kz-ке сілтеме жасап.
"Қазақстанның дайын өнім импортына тәуелділігінің күшеюі жергілікті өндірісті дамытуды және елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуды талап етеді. Бұған қоса, республиканың бір жеткізушіге шектен тыс тәуелділігі де алаңдатады және импорттық көздерді диверсификациялау қажеттілігі туындағанын байқатады", – деп түсіндірді басылым.
Өйткені өткен жылдың 10 айында қазақстандықтар тұтынған барлық шетелдік тауарлардың жартысына жуығын – 1,9 миллиард доллардың тамағын тек бір мемлекет, Ресей қамтамасыз еткен.
Нәтижесінде, солтүстік көрші Қазақстанға азық-түліктің ең басты жеткізушісіне айналып отыр. Тиісінше, әлдеқалай жағдай болып, Ресей тамақ бермей қойса, қазақстандық дүкендердің сөрелері өткен ғасырдың 80-90-шы жылдарындағыдай бос қалып, елде алапат тапшылық туындауы ғажап емес.
Ресми статистика Қазақстанның шетелден импорттап жейтін азық-түлігінің үлесі жыл сайын ұлғайып бара жатқанын және 2023 жылғы қаңтар-қазанмен салыстырғанда, былтыр тағы 10%-ға өскенін паш етті.
Қазақстанды "асырап" отырған елдердің ішінде екінші орынға Қытай шықты. Еліміз шығыс көршісінен 252 миллион доллардың тамағын тасымалдап, тұтынды. Еліміздің азық-түлік импортындағы ҚХР-дың еншісі – 6,2%.
Әрі қарай Өзбекстан (200 миллион доллар немесе 4,9%), Беларусь (182,3 миллион, 4,5%) және Украина (123,1 млн доллар немесе үлесі 3%) тұр.
"Қазіргі кезде дүкен сөрелерінен қазақстандық өнімдер жоғалып кетті. Бұрын мысалы, өзіміздің "3 желанияның" (Eurasian Foods) майонез, кетчуптарын алатын едік. Алайда неге екені белгісіз, енді ірі гипермаркеттер отандық өнімдерді сөресіне көп жібермейтін болды. Негізгі қарасы ресейлік өнімдер болып кетті. Беларусьтің ірімшіктерін (сыр) алатын едік, олардың бағасы көтеріліп, қолжетімсіз болып қалды. Келісі 7 мың теңгеден арзаны жоқ. Дүкендер украиналық арзандау ірімшікті импорттап, тұйықтан шығуда", – дейді елорда тұрғыны Гүлбаршын Жаңқабаева.
Қазақстанның азық-түлік тауарларын шетелден импорттауы сегізінші жыл қатарынан өсіп жатқаны белгілі болды.
Осы кезеңде сырттан әкелінген тамақ көлемі долларға шаққанда 2,3 есеге артты. Мысалы, 2016 жылы елімізге шетелден әкелінген азық-түлік өнімдерінің жалпы құны 1,8 миллиард доллар болыпты. Енді бұл көрсеткіш 4 миллиард доллардан асты. Ал, осы 8 жылда физикалық шамада аталған импорт небәрі 7,7%-ға өскен. Бұл импорттық тауарлардың айтарлықтай қымбаттап кеткенін көрсетеді.
Шетелден жеткізілетін негізгі азық-түлік түрлеріне ұннан жасалған кондитерлік бұйымдар (өткен жылғы 10 айда 276,5 миллион долларға сатып алдық, импорттың жалпы көлеміндегі үлесі 6,8%), шоколад (267,2 млн доллар, 6,6%), қант (227,2 млн доллар, 5,6%), минералды су (182 млн доллар, 4,5%), ірімшік пен сүзбе (149,9 млн доллар, 3,7%), құс еті (147,8 млн доллар немесе 3,7%) және басқасы жатады.
"Россельхознадзор" Қазақстанның ресейлік астықты жеткізуге қойған тыйымын толық жойғанын растады.
Еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі былтыр бұл қадамға отандық өндірушілерді қорғау үшін барған болатын. Себебі, санкциялар кесірінен шетелдік нарықтардан шеттетілген Ресей Қазақстанды да, Орталық Азияны да кейінгі жылдарда жинаған рекордтық астығының астында қалдырды.
Содан салалық қоғамдастықтар Үкіметке хат жолдап, дабыл қақты. Көршінің бұл ісінен қазақстандық фермерлердің жағдайы ауырлап, алды банкрот болғанын жеткізді.
Алайда осыдан кейін Ресей өз аумағы арқылы әлемдік нарыққа транзитпен өтетін қазақстандық экспортқа тосқауыл қойып тастады. Осы арқылы Қазақстанды әлгі тыйымынан бас тартуға мәжбүрледі.
Биылғы жылдың басында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен "Россельхознадзор" өкілдерінің келіссөздері жалғасты. Онлайн форматта жүрген кездесуде қазақстандық тарап 2024 жылғы 1 тамызда енгізген ресейлік бидай импортына тыйымын алып тастағаны туралы хабардар етті.
"Енді Қазақстанға бидайымыз ешқандай шектеусіз енгізілетін болады", – деп мәлімдеді Россельхознадзор (РФ ветеринарлық және фитосанитарлық қадағалау жөніндегі федералдық қызметі).
Ал, қазақстандық экспорттаушылар өз кезегінде Ресей жағының транзиттік тосқауылдарды толық жоймағанына шағымданады.
Мұны түсіндірген Мәскеу соңғы онлайн келіссөздерде: "Қазақстаннан экспортталатын гүлдерге, жеміс-жидекке, көкөністерге, тұқымдарға, бидайға қатысты фитосанитарлық талаптар толыққанды сақталмай тұр" деген сылтауына табандаған көрінеді.
Сондықтан Россельхознадзор мәліметінше, тараптар тауарларды Ресейге қарай тиеп-жөнелту кезінде, Қазақстан территориясында жүргізілетін фитосанитарлық бақылау рәсімдерін жетілдіру мәселелерін талқылауды "таяу уақытта" қайта жалғастыруға уағдаласты. Салдарынан, қазақстандық экспортқа қойылған кедергіні алып тастауды Мәскеу белгісіз мерзімге кері сырғытуда.
Осылайша, 2025 жылы Ресей астығының Қазақстан нарығына қайта тасқындайтынына қарамастан, биыл елімізде азық-түлік, соның ішінде нан бағасы да әрі қарай қымбаттайтын түрі бар. Өйткені трейдерлер бүгінгі ең арзан бидай сұрыпының бағасының өзі тоннасына 180 долларға дейін көтеріледі деп болжауда.
Қазіргі кезде елордадағы ірі супер-гипермаркеттерде 250-350 теңгеден арзан тұратын қалыпты-стандартты нанды табу қиындады. Кейбір нанның құны мың теңгеден де асады.
"Жаңа жылда Қазақстанның астық нарығының қатысушылары бидайдың маусымдық қымбаттауын күтіп отыр. Мұның себебі ретінде өндірушілердің ішкі нарықтағы бағаларының өсуі, сондай-ақ жүкті теміржол көлігімен жеткізудегі логистикалық шығындардың артуы аталды", – деп жазады "ElDala" аграрлық порталы.
Өткен жылдың соңындағы ақырғы мәмілелерде 3-кластағы бидайдың экспорттық құны әр тоннасы үшін 165 долларды (DAP Сарыағаш) құрайды. Трейдерлер оның биыл 180 долларға дейін жоғарылайтынын тұспалдады. Онсыз бидай өзін-өзі ақтамайды, оны сату мәнсіз болып қалады екен.
Сарапшылар бүгінде Ресейдің ішкі нарығында бидай бағасы Қазақстандағыдан қымбат тұратынына назар аудартты. Ендеше РФ-тан астықпен бірге инфляция мен қымбатшылық та импортталуы мүмкін.
Пікірлер (0)