Қазақстанда кітап оқу мәдениеті қалай өзгеріп жатыр
фотосурет: ашық дереккөз
Бір отбасының бес мүшесі бір кітапты қатар оқып, кейін оның кейіпкерлерін талқылауы немесе мұғалімдердің сабақ жоспарын емес, көркем шығарманы талдап жарысуы осыдан бірнеше жыл бұрын көпшілікке тосындау көрінуі мүмкін еді. Қазір Қазақстанның бірқатар өңірінде мұндай көрініс арнайы жобаның бір бөлігіне айналды. «Кітап оқитын әулет», «Кітап оқитын педагог», «Кітап оқитын мектеп» деген атаулардың өзі кітапты жеке адамның әдетінен қоғамдық құбылысқа айналдыру талпынысын көрсетеді.
Қазақстанда кейінгі жылдары кітап туралы әңгіме жиілегені байқалады. Бірақ мәселе халықтың кенеттен жаппай кітап оқи бастағанында емес. Өзгергені - кітапты насихаттау тәсілі. Бұрын оқу мәдениеті негізінен мектеп, университет пен кітапхананың міндетіндей көрінсе, қазір бұл іске отбасы, мұғалім, мемлекеттік қызметкер, жеке баспа, кітап дүкені, әлеуметтік желідегі контент авторлары да араласып келеді.
Осы өзгерістің ең ауқымды мысалдарының бірі - «Кітап оқитын ұлт» жобасы. Оның аясында «Кітап оқитын мектеп», «Кітап оқитын колледж», «Кітап оқитын университет», «Кітап оқитын педагог», «Кітап оқитын әулет», «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» секілді бағыттар ұйымдастырылды. Қазір жобаға «Кітап оқитын спортшы» бағыты да қосылған. 2026 жылы бастаманы Қазақстанның барлық 20 өңіріне таратып, 2 миллионнан астам адамды қамту және ел көлемінде 10 мыңнан аса кітап оқу марафоны, әдеби кездесу, буккроссинг пен интеллектуалдық шара өткізу жоспарланған. Бұл жай ғана атауы әдемі мәдени акция емес екенін алғашқы өңірлердің нәтижесінен байқауға болады. Қарағанды облысында жобаның әртүрлі бағыттарына 67 мыңнан астам адам қатысқан. Соның ішінде «Оқитын мектеп» бағытына 30 мыңнан астам оқушы, «Оқитын педагогқа» 17 мыңнан астам мұғалім, ал «Оқитын әулетке» 10 мыңнан астам адам тартылған. Қостанай облысында да алғашқы айлардың өзінде жобаға тіркелушілер саны 55 мыңнан асқан, оның 11 мыңнан астамы педагог болған. Осы сандардың ішінде ерекше назар аударатын екі бағыт бар. Бірі - педагог, екіншісі - отбасы.
Мектепте балаға күн сайын «кітап оқы» дейтін мұғалімнің өзі не оқып жүр? Оқыған соң оны әріптесімен талқылай ма? Жаңа шыққан қазақ прозасын біле ме? Балалар әдебиетінен хабардар ма? «Кітап оқитын педагог» осы сұрақтарды мұғалімнің өзіне қайта қояды. Қарағанды облысындағы байқауда педагогтер арнайы шығармаларды оқып, интеллектуалдық сайыстарға қатысты. Жеңімпаздарға 1 миллион, 600 мың және 400 мың теңгелік ақшалай сыйақылар белгіленген.Қомақты сыйақы кітап оқуға қызығушылық тудыратын құрал болуы мүмкін. Бірақ мұнда одан да маңызды нәрсе бар. Бала кітапты көбіне үлкендердің әрекетіне қарап қабылдайды. Үйінде кітап ашылмайтын, мектебінде мұғалім тек оқулықпен шектелетін ортада оған «оқы» деген талаптың өзі жасанды естілуі мүмкін. Сондықтан «Кітап оқитын әулет» бағытының идеясы назар аудартады. Мұнда кітап баланың жеке тапсырмасы емес, отбасының ортақ ісіне айналады. Нұра ауданында да осы бағыт бойынша отбасылық командалар бақ сынап, 2026 жылғы сәуірде аудандық кезең жеңімпаздары анықталған. Ал Қарағанды облысындағы қатысушылардың бірі Назым Құрал жоба балалардың кітапқа көзқарасына әсер еткенін айтқан. Дегенмен оқу мәдениетін тек байқаумен қалыптастыру мүмкін емес. Жоба аяқталған соң бала келесі кітабын өз еркімен қолға ала ма деген сұрақ бәрібір қалады. Дәл осы жерде мемлекет ұйымдастыратын жобалардың қасына кітап нарығы қосылады.
Қазақы тіптың түрі де өзгерді.
Кейінгі жылдары қазақ тіліндегі кітап сөресіне қарағанда бұрынғыдан өзгеше көріністі байқауға болады. Әлемдік классикамен қатар қазіргі бестселлерлер, фэнтези, балаларға арналған суретті кітаптар, комикстер мен жасөспірімдер әдебиеті көбейді. Бұл өзгеріске жеке баспалардың ықпалы айтарлықтай. Соның бірі - Steppe & World Publishing әлем әдебиетін қазақ тіліне аударумен және балалар кітаптарын шығарумен айналысады. Баспаның негізін қалаушы Раиса Қадырдың айтуынша, бұл идея Қазақстанға келгенде балаларына сапалы қазақша кітап табу қиындығынан туған. Кейін баспа «Груффало», «Хәрри Поттер» сериясы секілді әлемге танымал шығармаларды қазақ оқырманына ұсынды. 2025 жылғы сұхбатында Раиса Қадыр баспадан сол уақытқа дейін 150-ге жуық қазақша кітап шыққанын, олардың шамамен 80 пайызы балалар аудиториясына арналғанын айтқан. Бұл - жай аударма мәселесі емес. Бала ағылшын тіліндегі кейіпкерді қазақ тілінде қабылдап, әлемдік әдебиетпен ана тілінде танысса, қазақ тілі тек мектеп оқулығының тілі болып қалмайды. Ол шытырман оқиғаның да, фантастиканың да, әзілдің де тіліне айналады. Сондықтан әдебиетті дамытуда «отандық авторларды көбірек шығару керек пе, әлде әлем әдебиетін аудару керек пе?» деген таңдаудың өзі шартты. Екеуі қатар дамуы қажет. Аударма әдебиет қазақ тілінің қазіргі оқырманға қажет жанрлардағы мүмкіндігін кеңейтсе, отандық балалар әдебиеті сол оқырманға өзінің ортасын, қаласын, ауылын, мектебін және болмысын көрсетеді.
Кітап насихаты телефон ішіне көшті.
Бұрын оқырман жаңа кітап туралы көбіне газет-журналдағы рецензиядан, мұғалімнен немесе кітапханашыдан білетін. Қазір кітап таңдау жолы өзгерді. Instagram мен TikTok-та кітап туралы контент түсіретін қазақстандық авторлар көбейді. BookTok және Bookstagram форматында біреу бір минутта жаңа роман туралы пікір айтады, екіншісі бір айда оқыған кітаптарын көрсетеді, үшіншісі балаларға арналған әдебиеттерді салыстырады. Қазақстандық кітап блогерлерінің кейбірінің аудиториясы ондаған, тіпті жүздеген мың адамға жеткен. Kitapal секілді кітап сататын платформалар да тек дүкен ретінде қалмай, аудиокітап, электронды кітап және кітап төңірегіндегі цифрлық контентті қатар ұсына бастады. Бір жағынан, бұл парадокс сияқты. Кітаптың басты бәсекелесі деп жүрген телефонның өзі енді кітапты насихаттайтын құралға айналды. Жасөспірім үш жүз беттік роман туралы алдымен он бес секундтық видеодан білуі мүмкін. Содан кейін кітапты іздейді. Автордың парақшасына кіреді. Пікірлерді оқиды. Досымен талқылайды. Демек мәселе «жастар әлеуметтік желіде отыр, сондықтан кітап оқымайды» деген қарапайым қорытындыдан күрделірек. Әлеуметтік желі адамның уақытын кітаптан тартып алуы да мүмкін, керісінше оқырманды кітапқа әкелуі де мүмкін. Оның қайсысына айналатыны ұсынылған контентке байланысты.
Байқаудан кейін не қалады?
«Кітап оқитын ұлт» сияқты бастамалардың ауқымы ұлғайып келеді. 2025 жылы бірнеше өңірде басталған тәжірибе 2026 жылы республикалық деңгейге шығуда. Жоспар бойынша қатысушылар белгілі бір кітаптарды оқып, тест тапсырып, эссе жазып, интеллектуалдық сайыстарға қатысады. Бірақ жобаның шын нәтижесін қатысушы саны ғана анықтамауы керек. Бір миллион теңге жеңіп алған педагог келесі жылы да кітап оқи ма? Байқауға дайындалған отбасы жарыс аяқталған соң да кешкі уақытта бірге кітап аша ма? Он бес кітап оқыған оқушы он алтыншы кітапты тапсырмасыз таңдай ма? Міне, оқу мәдениетінің қалыптасқан-қалыптаспағанын осы сұрақтар анықтайды. Кітапты міндетке айналдыру оңай. Оны қажеттілікке айналдыру қиын. Қазақстандағы қазіргі өзгерістің қызық тұсы да осында. Бір тараптан миллиондаған адамды қамтуды көздеген мемлекеттік және қоғамдық жобалар жүріп жатыр. Екінші тараптан Steppe & World секілді жеке баспалар қазақ тіліндегі кітаптың мазмұны мен сыртқы сапасына жаңа талап қалыптастыруда. Үшінші тарапта әлеуметтік желідегі кітап блогерлері кітапты жастардың күнделікті ақпараттық кеңістігіне кіргізіп келеді. Бұлардың әрқайсысы бөлек жүрсе, әсері уақытша болуы мүмкін. Ал отбасыда кітап оқылып, мектепте оны талқылайтын мұғалім болып, кітапханада жаңа әдебиет табылып, дүкенде сапалы қазақша басылым сатылып, әлеуметтік желіде сол кітап туралы еркін пікір айтылатын орта қалыптасса, жағдай өзгереді. Сонда кітап оқу арнайы акцияның талабы болмайды. Қалыпты әдетке айналады. Бәлкім, «кітап оқитын ұлт» деген ұғымның түпкі нәтижесі де жарыста қанша адамның жеңгенімен емес, бір күні қоғамға мұндай ұранның қажет болмай қалуымен өлшенетін шығар.
Пікірлер (0)