«Қажет болса, біздің тергеушілер іске кіріседі»: Президент Айдос Садықовқа жасалған қастандыққа қатысты тапсырма берді
Сурет: ашық дереккөзден
Мемлекет басшысы су тасқыны болғанда құтқару шараларына қатысқан адамдарды салтанатты түрде марапаттау кезінде Қазақстанда заңның күшейіп келе жатқанын айтып, журналист Айдос Садықовқа қатысты тапсырма бергенін мәлімдеді,- деп хабарлайды Janabastau.kz Ақордаға сілтеме жасап.
«Елімізде Заң үстемдігін нығайтып жатырмыз, яғни барлық салада, ең алдымен, Заң үстемдігін қамтамасыз ету – басты міндет. Бұл мәселе бойынша менің көзқарасым – айқын. Мұны өздеріңіз де жақсы білесіздер. Қазақстанда Заң мен тәртіп бәрінен биік тұруға тиіс. Сондықтан қоғамдағы барлық қарама-қайшылықтар мен келіспеушіліктерді тек қана құқықтық тұрғыдан, яғни тиісті Заңнамаға және негізгі халықаралық нормаларға сәйкес шешу қажет. Кеше Қазақстан азаматы Айдос Садықовқа қатысты Киевте болған қылмысқа да дәл осы ұстаным тұрғысынан қараған жөн. Мен дипломатиялық арналар мен құқық қорғау органдары арқылы осы оқыс оқиға бойынша Украина тарапына ресми сұратулар жіберу туралы нақты тапсырма бердім. Сондай-ақ қажет болған жағдайда Қазақстанның ресми органдары істің ақиқатына жетуге жәрдем беру үшін тергеу жұмысына қатысуға дайын екенін айтқым келеді, – деді Президент.
Айта кетейік, 18 маусымда Киевте тұратын қазақстандық белсенді, "Бәсе" YouTube-арнасының авторы Айдос Садықовты белгісіз біреу атып кеткені туралы ақпарат тараған еді.
Пікірлер (0)