Қазіргі заман баласының қиялы мен сезімін барынша шынайы көрсеткім келеді – балалар жазушысы

Жаңалықтар
view 59
news

Фотосурет: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Белгілі ақын, сатирик Абылай Мауданов қазір балалар әдебиетіне қалам тартып, жас оқырмандарының көңілінен шығуға тырысып жүр. Оның көптеген аудармасы жеке-жеке кітап болып шыққан. Осылайша жаңа бағытта бағын сынап, аудармамен қатар, шағын әңгіме, тақпақтар жазуға төселген қаламгер бүгінде балалар тақырыбында повесть жазуға кіріскен. Реті келгенде оның өзімен аз-кем сұхбаттасудың сәті түсті, деп жазады JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

 Әбеке, алдымен жеке шығармашылығың туралы айтып өтсең. Поэзия, сатирадан балалар әдебиетіне бет бұруыңа не әсер етті?

– Балалар әдебиетіне бір жағынан, өз балалық шағымды аңсаудан, екінші жағынан, қазіргі балаларға қызық әрі пайдалы дүние ұсынғым келгендіктен қалам тарта бастадым. Бала қиялы – шексіз. Сол қиялға қанат бітіру, оларды ойландыру, тәрбиелеу – мен үшін үлкен қуаныш.

Балаларға арналған көптеген шетелдік шығарманы қазақ тіліне аударып жүргеніңе куәміз. Бұл бағытқа қалай келдің?

– Шетелдік авторлардың балаларға арналған туындылары көп әрі өте сапалы. Соларды аздап болса да қазақтілді оқырманға жеткізгім келді. Аудармамен айналыса жүріп, көптеген жаңа стил, тың тәсіл үйрендім. Әсіресе, қазақ балалар әдебиетіне енгізгім келетін құндылықтар тіл жеңілдігі мен оқиға құрудағы динамика болды.

– Аударған қандай шығармаларыңды ерекше атауға болады?

– Соңғы жылдары бірқатар танымал авторлардың әңгімелері мен қысқа повестерін аудардым. Әсіресе, қиял-ғажайып пен шытырман оқиғаларды ұнататын балаларға арналған кітаптарды аудару қызықты. Әр шығарма барысында жаңа әлемге кіргендей күй кешесің.

– Қазір өзің де балаларға арналған повесть жазып жатыр екенсің...

– Иә, бұл – мен үшін өте қымбат жоба. Повесімде қазіргі заман баласының әлемге деген көзқарасын, оның қиялы мен сезімін барынша шынайы көрсеткім келеді. Оқиға өмірдің өзінен алынғандай әсер қалдырса деймін. Әзірге жұмыс үстіндемін, бірақ туындым жақын арада жарық көреді деп үміттенемін.

– Қазақ балалар әдебиетінің қазіргі деңгейіне көзқарасың қандай?

– Соңғы жылдары жақсы өзгерістер бар. Жас авторлар көбейіп келеді, жаңа тақырыптар, жаңа стильдер байқалады. Бірақ әлі де жүйелі қолдау, сапалы баспа саясаты мен шығармаларды оқушыларға жеткізудің тиімді жолдары қажет деп ойлаймын.

– Балалар жазушысы болғысы келетін жас авторларға қандай кеңес берер едің?

– Баланың орнына өзіңізді қойып көріңіз. Балаларға ұнау үшін емес, оларды түсіну үшін жазыңыз. Тіліңіз жеңіл, оқиғаңыз шынайы болуына мән беріңіз. Ең бастысы, көп оқу, көп бақылау және үнемі ізденіс қажет.

– Әңгімеңе рақмет! Жаңа повесіңді асыға күтеміз.

– Рақмет! Балаларға қуаныш сыйлай алсам – ең үлкен жетістік сол.

Сұхбаттасқан Ерік ЕЛЕУСІЗ

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *