Түркияға қашып барған сақалды жігіттер Шыналиевті тапаншамен қорқытқан (ВИДЕО)

Жаңалықтар
view 145
news

Фотосурет: спортшының жеке мұрағатынан

Бокстан Пекин Олимпиадасының қола жүлдегері, әлемнің күміс және қола жүлдегері Еркебұлан Шыналиев өзіне қастандық жасалғанын айтып, полиция мен прокуратурадан көмек сұрады, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Айтуынша, 2025 жылдың мамырында қазақстандық екі азамат оны Стамбұлға (Түркия) бапкер болуға шақырған. Шытырман оқиғаның бәрі осы сапардан соң басталған.

Стамбұлға барғанда сол азаматтардың үйінде он күндей тұрдым. Екеуіне бапкер болып, жаттығулар жасадық. Елге оралғаннан кейін Шыңғыс Мұқашев қайта хабарласып, бір-екі азаматтың аяқ-қолын сындыру керектігін айтты. Мен үзілді-кесілді бас тарттым, - дейді Олимпиада жүлдегері.

Арада біраз уақыт өткеннен кейін Еркебұланға Түркиядан тағы да қоңырау түскен.

Биыл қаңтар айында олар хабарласып, Түркияға тағы шақырды. Әрі бапкер боласың, әрі жаңа жоспарлар бар деді. Мен барған соң әуежайдан күтіп алып, Стамбұлдан 150-200 шақырым алыстағы ну орманға алып барды да тастанды ғимаратқа кіргізді. Басыма оқталған пистолет тақап, бір қағаздарды көрсетті, «ҰҚК-нің өкілімін деп айтасың» деп мәжбүрледі. Мен қорыққанымнан талап еткеннің бәрін айтып бердім, - дейді боксшы.

Оның айтуынша, орманда тағы бірнеше адам болған. Бәрі де Орта Азиядан Түркияға қашып барған сақалды жігіттер көрінеді.

Менің ойымша, олар Түркия билігінен саяси баспана сұрап алу үшін осындай әрекетке барды, - деген болжамын айтты спортшы.

Видеоүндеу соңында Олимпиада жүлдегері еліміздің Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратурадан көмек сұрады.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *