Жаңа Конституция жобасы: депутаттар Қосшы қаласында түсіндіру жұмыстарын жүргізді
Фотосурет: қала әкімдігінің баспасөз қызметі
Қосшы қаласында Мәдениет және ақпарат министрлігі мен «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының ұйытқы болуымен өткен сараптамалық кездесуде «Қазақстан Республикасының жаңа конституциясының жобасы және кешенді реформалар» тақырыбы талқыланды. Бұл басқосу жай ғана жиын емес, мемлекеттің «әділ, құқықтық және адамға бағдарланған» моделіне көшуінің нақты көрінісіне айналды.
Маңызды шараға Сенат депутаты Геннадий Шиповских, Мәжіліс депутаты Екатерина Смолякова, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Конституциялық және азаматтық құқық кафедрасының профессоры Ермек Әбдірасұлов, Қолданбалы этноосаяси зерттеулер институтының директоры Луиза Узарова, Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясының қорытынды-аналитикалық сектор меңгерушісі, саяси ғылымдарының кандидаты Дастан Көшербаев, Қосшы қаласының белсенді азаматтары мен ақ жағалылары қатысты.
Жиынды ашқан Қосшы қаласының әкімі Азамат Қапышев бұл кездесудің стратегиялық маңызына тоқталды.
Құрметті қонақтар, Қосшы қаласына қош келдіңіздер! Мәні мен маңызы жоғары жиын ашық, әрі қоғамдағы орны бөлек мәселені оңтайлы шешуге үлес қосады деп сенемін, – деді қала басшысы.
Содан кейін Сенат депутаты Геннадий Шиповских реформалардың заңдық негізі мен ақпараттық тазалық мәселесін көтерді. Ол президенттің Құрылтайдағы бастамаларын еске сала отырып, азаматтарды сақ болуға шақырды.
Бүгінгі басқосу ашық, еркін форматта ұйымдастырылып отыр екен. Сондықтан сіздердің тараптарыңыздан болатын ұсыныстар болса, тыңдауға әзірміз. Біз өзгеріс, дамудың жаңа сатысындамыз. Тек осы жерде ерекшелеп айтып өтетін жайт, жанама, жалған ақпараттарға сенбесеңіздер екен. 95 бап, 11 бөлімнен тұратын жаңа контитуциялық жоба жақында ғана әлеуметтік ашық алаңда пайда болғалы, біршама азаматтың пікірі мен көзқарастарын көріп, біліп жатырмыз. Кез келген сапалы заңның шығуы жергілікті тұрғындардың сұранысы мен ұсынысына қарай құрылады, – деді депутат.
Мәжіліс депутаты Екатерина Смолякова болса, Ата заңның заман ағымына икемделуге тиіс екенін, әсіресе технологиялық және экологиялық аспектілердің маңыздылығын атап өтті.
Контитуция – күнделікті өмір, балаларымыздың болашағымен байланысты жоба. Әлем жылдам өзгеріп жатыр. Сондықтан қазақ халқы да сол өзгерістен шетте қалмай, жаңашылдыққа ұмтылуы шарт. Осыдан үш жыл бұрын жасанды интеллект арқылы жұмысты жеңілдетіп, ақпаратты тез өңдеуге болады деп еш ойламадық. Бірақ бұл өзгеріске де бой үйреттік. Жаһандық өзгерістер де бізді айналып өтіп жатқан жоқ. Бұрын Конституция принциптерінде экологиялық мәселелер көтерілмеген еді. Жаңа жобада бұл тақырып шетте қалмады. Білім, ғылым, инновация, технологияның дамуы да басты назарда болмақ, – деді Екатерина Смолякова.
Жиында Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Конституциялық және азаматтық құқық кафедрасының профессоры Ермек Әбдірасұлов Ата заңға өзгерістер енгізудің әлемдік тәжірибесіне де талдау жасап өтті. Сарапшының пікірінше, заңның өзгеруі оның әлсіздігі емес, заман талабына сай динамикалық дамуының белгісі.
Заманның сұранысына сай, Контитуцияның өзгеріп отыруы – заңдылық. Францияның өзінде Ата заңға 28 рет, Германияда 66 рет өзгеріс енгізілген. Қазір ең басты ресурс – энергиялық емес, интеллектуалдық ресурстар. Сондықтан осы жағын да баса ескеруіміз керек, – деді ол.
Гүлназ БИСЕН
Пікірлер (0)