Қосшы қаласында жас домбыра шеберлерінің республикалық байқауы өтеді
Фотосурет: gov.kz
Қосшы қаласының әкімдігі мен «Саз аспаптар шеберлерінің одағы» Республикалық қоғамдық бірлестігі бірлесіп «Телқоңыр» атты бірінші республикалық жас домбыра жасаушы шеберлердің байқауын ұйымдастырады, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Байқауға еліміздің барлық өңірлерінен 20-35 жас аралығындағы жас саз аспап шеберлері қатыса алады.

Байқаудың мақсаты – Қазақстандағы дәстүрлі саз аспап жасау өнерін дамыту, кәсіби стандарттарды қалыптастыру, үздік шеберлерді анықтау, ұлттық дәстүрді сақтау, тәжірибе алмасуды қамтамасыз ету және жас шеберлерді ынталандыру. Қатысу үшін әр шебер бір жұмыр формадағы құрама домбыра ұсынады. Жол жүру, тұру және тамақтану шығындары қатысушылардың өз тарапынан немесе өңірлік атқарушы органдар арқылы өтеледі.
Қатысушыларға қатысқаны үшін қаламақы төленеді, ал жүлделі орын алғандарға ақшалай сыйақылар мен дипломдар беріледі. Аспапқа қойылатын негізгі талаптар: құрама технология бойынша жасалған, кәсіби деңгейде аяқталған домбыра; ағаш материалы – еркін таңдау; дыбыс анық және тұрақты интонациялы; қазақша ою-өрнек немесе сүйектеу ерікті; қатты футлярмен қамтамасыз етілуі міндетті; бетқорғаны шпоннан жасалуы тиіс.
Бағалау кезінде дәстүрлі технологияның сақталуы, ағаш өңдеу мәдениеті, аспаптың беріктігі мен ұзақ мерзімділігі ескеріледі.
Байқауға қатысқан барлық домбыра Қосшы қаласында ашылатын Саз аспаптар шеберлерінің мұражайында сақталады.
Жалпы жүлде қоры – 5 550 000 теңге, оның ішінде:
бас жүлде – 1 000 000 теңге,
I орын – 700 000 теңге,
II орын – 500 000 теңге,
III орын – 350 000 теңге (2 шебер),
арнайы номинация – 150 000 теңге (3 шебер).
Бағалау тәжірибелі шеберлер мен кәсіби музыканттардан тұратын қазылар алқасы арқылы кодтау жүйесі бойынша жүргізіледі.
Қазылар алқасының мүшесі өз шәкіртіне, туысына немесе тапсырыс берушісіне тиесілі аспапты бағалауға қатыспайды.
Пікірлер (0)