ЖОО-ны дамытудағы мәселелерді шешу – ортақ жауапкершілік

Жаңалықтар
view 38
news

Фотосурет: jjtv.kz

Қазақстанның жоғары білім жүйесі елдің адами капиталын қалыптастыруда шешуші рөл атқаратын стратегиялық сала. Соңғы жылдары әлемдік жаһандану, цифрлық трансформация, еңбек нарығының өзгеруі, халықаралық бәсекенің күшеюі білім беру жүйесіне жаңа талаптар қойды, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін ЖОО саны айтарлықтай өсті. Бүгінде елде мемлекеттік және жекеменшік сипаттағы әртүрлі университеттер жұмыс істейді. Бұл жастар үшін білім алу мүмкіндігін арттырғанмен, сапаны бақылауды қиындатты. Елімізде жүргізілген реформалар нәтижесінде соңғы жылдары сапасыз жоғары оқу орындарын жабу және біріктіру үрдісі іске асып жатыр.

Қазақстанда жоғары білімді қаржыландырудың мемлекеттік гранттар, ақылы оқу, университеттердің ғылыми және шаруашылық келісімшарттары сияқты аралас моделі қолданылады.

Соңғы жылдары грант саны өсіп келе жатқанмен, гранттар алдымен сұранысы жоғары мамандықтарға бағытталып отыр. Бұл еңбек нарығының нақты қажеттіліктеріне жауап беруге мүмкіндік береді.

Қазақстан Болон үдерісіне қосылғалы бері жоғары білімнің еуропалық стандартына бейімделу белсенді жүріп жатыр. Кредиттік оқыту технологиясы, дипломдардың өзара танылуы, академиялық мобильділік бағдарламалары (Erasmus+, Mevlana, ішкі мобильділік) кеңінен жолға қойылған. Халықаралық рейтингтерге кіруге ұмтылу да университеттерді ғылым, академиялық сапа, менеджмент жүйесін жақсартуға итермелеп отыр.

Жүйеде бірқатар күрделі әрі түбегейлі шешімді қажет ететін мәселелер әлі де бар. Мысалы, университеттер арасындағы сапа алшақтығы – үлкен проблема. Кейбір өңірлік ЖОО-ларда материалдық-техникалық база жеткіліксіз, профессорлық-оқытушылар құрамының әлеуеті төмен. Қазір әлі де Қазақстан университеттерінің басым бөлігінде ғылым өндіріс пен технологиялық инновациялардың нақты мәселелерін шеше алмай отыр. Ғылыми жобалардың көптеген нәтижесі практикалық іске аспай, қағаз жүзінде қалып қояды. Жұмыс берушілердің пікірінше, түлектердің практикалық дағдылары жеткіліксіз, жаңа технологияларды қолдану қабілеті төмен, тілдік дайындық деңгейі түрліше, креативтілік және soft skills дағдылары әлсіз. Мұндай жағдай негізінен білім беру бағдарламаларының икемсіздігі мен өндірістің қазіргі талаптарына баяу бейімделуінен туындайды.

Сондай-ақ плагиат, формалды бағалау, «жалған» ғылыми мақалалар сияқты проблемалар әлі де кездеседі. Бұл білім сапасы мен ғылыми ортаға деген сенімді төмендетеді. Оқытушылардың әлеуметтік мәртебесі жеткілікті деңгейде қамтамасыз етілмеген. Жаңа білім беру технологиялары бойынша біліктілікті арттыру да біркелкі емес. Сондықтан бағдарламаларды аккредиттеу халықаралық деңгеймен сәйкестендірілге тиіс.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, университеттерді рейтингке емес, нақты нәтижеге – жұмысқа орналасу деңгейі, ғылыми өнім, инновацияларға қарай бағалау маңызды. Материалдық-техникалық базаны жаңғыртуға инвестицияны ұлғайту қажет. Университет ғылымын нақты кәсіпорындармен байланыстыру – инновациялық дамудың басты жолы. Студенттік стартаптарды қолдап, технопарктер мен бизнес-инкубаторлар құрған, ғылыми жобаларға венчурлық инвестиция тартқан жөн.

Білім берудің цифрлық платформаларын дамыту, онлайн курстарды мойындау, жасанды интеллектті оқыту жүйесіне енгізу – болашақ университеттің басты компоненттері. Бұл ретте EdTech секторын қолдау арқылы университеттер нарықтағы бәсекеге қабілетті болуы мүмкін. Ол үшін жақсы кадрларды тарту, халықаралық тағылымдамалар, мотивациялық жалақы жүйесін енгізу керек. Демек жоғары білім сапасын жақсартудың негізгі факторы – кәсіби деңгейі жоғары профессорлық-оқытушылар құрамы.

Сонымен қатар университеттердің жұмыс берушілермен бірлесіп, оқу бағдарламаларын жаңартуы, дуальды оқыту мен практика үлесін арттыруы, «өмір бойы білім алу» моделін дамытуы қажет.

Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы адами капиталды негізгі күш ретінде қарастырады. Осыған сәйкес, жоғары білім саласы мына бағытта дамуы керек:

  • Инновациялық университет моделі – ғылым мен өндірісті байланыстыратын экожүйе;
  • Халықаралық бәсекеге қабілеттілік – Орталық Азиядағы білім хабын қалыптастыру;
  • Әлеуметтік қолжетімділік – білімге тең мүмкіндік;
  • Үздіксіз білім беру – қысқа курстар, микродипломдар, қайта даярлау бағдарламалары;
  • Жасанды интеллект дәуіріне дайындық – жаңа инженерлік және ІТ мамандықтарын дамыту.

Қорыта айтқанда, қазіргі талап сапалы білім, ғылыми инновация және еңбек нарығымен тікелей байланыс. Жоғары білімді дамыту тек университеттердің міндеті емес, мемлекеттің, қоғамның және жеке сектордың ортақ жауапкершілігі. Осылайша, стратегиялық реформалар жүйелі жүргізілсе, Қазақстан өңірлік білім және ғылым орталығына айнала алады.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *