Қос министрлік азық-түлікті әдейі қымбаттату схемаларын жойғалы жатыр

Жаңалықтар
view 53
news

Фотосурет: Сауда және интеграция министрлігі

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев бағаны тұрақтандыруға бағытталған қосымша шараларды жариялап, кең көлемді «Береке Fest» акциясының өтетінін хабарлады, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі. 

Бұл ретте министрлік әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесінің сақталуын бақылауды күшейтіп отыр. Министр Арман Шаққалиевтің төрағалығымен еліміздің барлық өңірінен 80-нен аса сауда желілерінің өкілдері қатысқан кеңейтілген отырыс өтті. Іс-шараға Қазақстан сауда желілері қауымдастығы, облыс әкімдерінің орынбасарлары, сондай-ақ Magnum Cash&Carry, Small&Skif, Anvar, Dina, Dana, Norma, Metro, Toimart, Galmart, INMART, Greenwich және басқа да ірі сауда желілері қатысты. 

Министр Үкімет бекіткен әлеуметтік маңызы бар тауарларға 15% мөлшеріндегі сауда үстемесін сақтау қажеттігін еске салып, бұзушылық болған жағдайда қатаң шаралар қолданылатынын ескертті. Жыл басынан бері министрліктің аумақтық департаменттері 2 562 әкімшілік қаулы қабылдады, оның 1 360-ы – 56,5 млн теңгеден аса сомаға айыппұл, 1 202-і – ескерту. ӘҚБтК-нің 204-4-бабына сәйкес, ӘМАТ-қа сауда үстемесін асырып жібергені үшін 2 191 қаулы шығарылды, соның 1020-сы – 39,6 млн теңге айыппұл.

Ет өнімдері нарығында белгіленген сауда үстемесінің сақталуына ерекше назар аударылды. Әлеуметтік маңызы бар сиыр етіне үстеме бағаны асырғаны үшін 45 қаулы рәсімделді, оның 33-і – айыппұл. Сауда және интеграция министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, ет өнімдерін сауда орындарына жеткізу кезінде үстеме бағаның сақталуын бақылау үшін қосымша мониторингтік топтар құрып отыр. Сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өткізуде жасырын қымбаттату схемаларын және ретро-бонустарды алып тастауға бағытталған заңнамалық өзгерістер дайындалып жатыр. 

Аймақтық комиссиялардың жұмысы аясында жыл басынан бері 747 отырыс өткізіліп, 2 301 бұзушылық фактісі анықталды, 1 956 әкімшілік қаулы қабылданды, 345 өнімсіз делдалдар алынып тасталды. Электронды шот-фактураларды талдау барысында 9 015 мың тауарлық тізбектің ішінен 823 тәуекелді бұзушылық анықталды. 

Бұдан бөлек, Сауда және интеграция министрлігінің бастамасымен еліміздегі ірі сауда желілерінде «Береке Fest» акциясы басталады. Акция аясында жаңа өнімдер, әсіресе халықтың сұранысына ие жаңа піскен көкөністер, жемістер мен сиыр еті ұсынылады. Сауда желілері қазақстандық өндірушілер үшін арнайы орындар бөліп, өнімдерді нарықтан төмен бағада сатуға мүмкіндік береді. Бұл ішкі өндірісті қолдап қана қоймай, бірінші қажеттіліктегі азық-түлік бағасының тұрақтануына ықпал етеді. Сонымен қатар Ауыл шаруашылығы министрлігі мен жергілікті әкімдіктермен бірлесіп, өңірлерде ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінің саны көбейтіліп жатыр. Бұл өз кезегінде тұтынушылардың сапалы отандық тауарларға тікелей қол жеткізуіне жағдай жасап, делдалдардың соңғы бағаға ықпалын төмендетеді.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *