«QOSSHY PROMENADE»
Редакция таңдауы
215
ЕЛ ІШІ – ӨНЕР КЕНІШІ
Қосшы қаласының үздік өнерпаздарының қатысуымен «QOSSHY PROMENADE» атты қызықты кеш өтті. Ән айтып, поэзия оқуды ұнататын жандар ашық аспан астында өнерлерін көрсетсе, саябақта серуендеп жүргендер қосшылықтарды зор қошеметпен қарсы алды. Талантты өнерпаздарды анықтау, қолдау және олардың шығармашылығын дамыту – мәдениет саласының басты бағыттарының бірі. Музыкалық кештің мән-маңызы айрықша. Кәсіби өнерпаздарға ғана емес, ел ішінен шыққан үлкен-кіші таланттардың өнеріне қанат бітіру мерейді өсіретіні сөзсіз. – «QOSSHY PROMENADE» жобасының ашық микрофон кешін Қосшы мәдениет үйі ұйымдастырды. Тұрғындардың өнерлерін ортаға салу мақсатында өткізілген бұл кеште әр қатысушы өз өнерін сахнада еркін паш ете алады және енді сахнаға үйреніп келе жатқан жас дарындарымызды шыңдау мақсатында жасалып отыр», – дейді қалалық мәдениет үйінің әдіскері Аяна Абаева. «QOSSHY PROMENADE» екінші жыл қатарынан өткізіліп жатқан іс-шара Р.Қошқарбаев атындағы № 1 мектеп жанындағы саябақта ұйымдастырылды. Қуантарлығы, отбасыларымен, бала-шағасымен, дос-жарандарымен келген халықтың қарасы мол болды. Сахна ажарын бүлдіршіндер ашты десек, артық айтқанымыз емес. Аталмыш кеш небір талантты, жанып тұрған балалар үшін ұмытылмас жұлдызды сәт болды. Олар өздерін сан қырынан танытты. Барша қауымға өнерлерін паш еткен ұл-қыздарды көрермендер ду қол шапалақпен қарсы алып, жерлестерінің өнерлеріне сусындап, бір серпіліп қайтқандарын жасырмады. – «Жастар бізге керемет көңіл-күй сыйлады. Жақын жерде тұрамын, кешке қарай құрбыларыммен саябаққа келіп, әңгімелесеміз, демалып отырамыз. Бүгін немерелерімізбен келген едік. Әне, сахнада ән айтып жүр. Осыны ұйымдастырып жүрген адамдарға рақмет! Алдағы уақытта да жұма немесе сенбі сайын мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылса, нұр үстіне нұр болар еді», – дейді Әмина Қарымсақова. «QOSSHY PROMENADE» кешінде халық арасында кеңінен таралып кеткен әсем әндер де шырқалды, мөлдір жыр да оқылды. Ақындарымыздың туындылары кімді болса да тебіренткені анық. «Ел іші – өнер кеніші» деген сөз бекерден бекер айтылмаған. Аталмыш іс-шара қызықты, жарқын, толғандыратын сәттерге толы таланттарды сыйлады. Айта кету керек, ашық микрофон форматында қала тұрғындары мен қонақтарға арналған концерттік бағдарлама да ұйымдастырылды.Жанар АХМЕТОВА
«Jańa Bastau» газетінен алынды
Оқи отырыңыз
Редакция таңдауы
Хасан Қасымбаев Сенат депутатының туысы - дереккөз
Редакция таңдауы
«Хуторские» тобы: атышулы Хасан Қасымбаев ұсталды
Пікірлер (0)