Қосшыда 101 жастағы ҰОС ардагері дауыс берді

Жаңалықтар
view 28
news

Фотосурет

Қосшы қаласында 101 жастағы Ұлы Отан соғысының ардагері Нұрқасым Әжітайұлы сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасады, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Нұрқасым Әжітайұлы 1925 жылғы 1 қаңтарда Семей облысы Абыралы ауданының Сарықамыс ауылында дүниеге келген.

1938 жылы ауылда еңбек ұжымшары құрылып, жетіжылдық мектеп ашылған кезде 13 жастағы Нұрқасым мектеп табалдырығын аттайды.

1943 жылдың қаңтарында Жаңасемей аудандық әскери комиссариатының шақыртуымен әскер қатарына алынады. Бір жыл ішінде Новосібір қаласындағы мергендер мектебін үздік тәмамдап, нысана көздеудегі шеберлігімен ерекшеленеді. Сынақ кезінде қолына берілген үш оқтың үшеуін де нысанаға дәл тигізген жас сарбаз басшылықтың назарына ілігіп, Мәскеу түбіндегі майданға жіберіледі.

Құралайды көзге атқан мерген кейін маршал Родион Малиновскийдің қолбасшылығымен Керчь қаласын жаудан азат етуге қатысады. Сондай-ақ Курск доғасындағы шайқастарда және Берлинді алу операциясы кезінде авиациялық бөлім құрамында атқыш ретінде жауынгерлік міндет атқарады.

Жеңістен кейін де оның әскери жолы аяқталған жоқ. 1945 жылдың тамыз-қыркүйек айларында Жапонияға қарсы соғысқа қатысып, 293-атқыштар дивизиясының құрамында келесі майданға аттанады.

Квантун армиясына қарсы кескілескен ұрыстарда Нұрқасым Әжітайұлы ерлігімен көзге түсіп, марапатқа ие болады.

Ғасырдан астам ғұмыр кешкен майдангер бүгінде Қосшы қаласында бала-шағасының ортасында тұрады. 101 жасқа келген ардагердің сайлауға қатысып, азаматтық таңдау жасауы – кейінгі буын үшін тағылымды өнеге.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *