Қосшыдан кейінгі кезегін күткен Қояндыға да газ қосылды
Фотосурет: Ақмола облысы әкімдігінің баспасөз қызметінен
Ақмола облысының Целиноград ауданына қарасты Қоянды ауылына газ беру басталды, деп хабарлады JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі облыстық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ұзындығы 226 шақырымнан асатын газ құбырлары желісі сағат сайын шамамен 30 мың текше метр газ тасымалдауға мүмкіндік береді. Жаңа газ реттегіш және тарату пункттері 5 мың үйді тұрақты және үздіксіз газбен қамтамасыз етуге жағдай жасайды. Жоба мемлекет басшысының Астана агломерациясының экономикалық әлеуетін дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында іске асып отыр.
Салтанатты рәсімге облыс әкімі Марат Ахметжанов және Қоянды ауылының тұрғындары қатысты. Осы орайда облыс әкімі халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған инфрақұрылымдық жобаның маңызын атап өтті.

Президенттің тапсырмасы бойынша Астананың айналасындағы елді мекендерді «Сарыарқа» газ құбырының 1-кезеңіне қосу үшін газификация жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазір Қоянды ауылына көптен күткен газ тартылды. Бұл – Целиноград ауданындағы орталықтандырылған газбен қамтылған 6-елді мекен. Жоба аясында 226 шақырым газ тарату желілері салынып, 12 газ тарату пункті орнатылды. Табиғи газбен 21 мың адам немесе 5,4 мың абонент қамтамасыз етілді. Сондай-ақ атаулы әлеуметтік және тұрғын үй көмегін алатын отбасыларға үйлерін газға қосу үшін 70 АЕК-ке дейін қолдау көрсетіледі, – деді Марат Ахметжанов.
Облыстық әкімдіктің мәліметінше, Қоянды ауылына газ жеткізілуінің арқасында тұрғындардың өмір сүру сапасы жақсарып, кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдай жасалады. Сонымен қатар бұл қадам экологиялық жағдайға оң әсер етеді.
Қоянды ауылының тұрғыны Акатолла Абышев табиғи газға алғашқылардың бірі болып қосылған.
Бұрын қыста қиын болатын. Отын, пеш, бітпейтін шаруалар. Қазір үй жылы, әлдеқайда ыңғайлы. Бізді газбен қамтамасыз етіп, өмірімізді жайлы еткен барлық адамға алғысымды білдіремін, – деді ол.
Жыл басынан бері Ақмола облысында Нұрлы, Шұбар, Аққайың, Талапкер, Ыбырай Алтынсарин ауылдары және Қосшы қаласы газбен қамтылды.
Пікірлер (0)