Қожамжаровқа қатысты тергеу амалдары жүріп жатыр
Фото: ҚР Парламент Сенаты
Бас прокурорының орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев Сенаттың бұрынғы депутаты Қайрат Қожамжаровқа қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын айтты, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Қожамжаровқа қатысты тергеу амалдары жүріп жатыр. Сондықтан осы жұмыстың нәтижесін күту керек. Жалпы, осы іске қатысты басқа деректерді жариялай алмаймын. Тергеу ақталғаннан кейін, барлық мағлұматты жариялаймыз, - деді ол Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Журналистер Бас прокуратура өкілінен қазір Қайрат Қожамжаровтың қайда жүргенін сұрады.

Оның бәрін тергеу барысында анықтаймыз, - деді ол.
Қайрат Қожамжаров кім
Қайрат Қожамжаров 1965 жылдың 24 наурызында Жамбыл облысында дүниеге келген. 1982 жылы Алматыдағы республикалық физика-математика мектеп-интернатын бітірген. 1987 жылы А. Жданов атындағы Ленинград мемлекеттік университетін «заңгер» мамандығы бойынша аяқтаған.
Ол 1987-1996 жылдары прокуратура органдарында қызмет атқарған. 1992 жылы «Қазақстан прокуратурасының үздік тергеушісі» атағын алған.
1996-1999 жылдары кеден органдарында, соның ішінде Қорғас кеденінде жұмыс істеген. 1999-2001 жылдары салық полициясында қызмет етті. 2001-2012 жылдары қаржы полициясы органдарында түрлі лауазымдарды атқарған.
Әр жылдары Ақтөбе облысындағы экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарымен күрес департаментін басқарды, Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарымен күрес агенттігі төрағасының орынбасары болды, ал 2008-2012 жылдары аталған ведомствоның төрағасы қызметін атқарды.
2012-2013 жылдары Қ. Қожамжаров Ақмола облысының әкімі, 2013-2014 жылдары – ҚР Президентінің көмекшісі, Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы болды.
Одан кейінгі жылдары мемлекеттік органдарда басшылық қызметтер атқарды:
• Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы (2014-2015, 2016-2017 жж.);
• Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының төрағасы (2015-2016 жж.);
• Қазақстан Республикасының Бас прокуроры (2017-2019 жж.).
2019 жылы 19 наурызда Қ. Қожамжаров ҚР Парламенті Сенатының депутаты болды. Бұл өкілеттілік 2023 жылдың қаңтарында тоқтатылды.
Сонымен бірге Қайрат Қожамжаров — қаржы полициясының генерал-майоры, «Даңқ» орденінің I және II дәрежелерімен, бірнеше медальмен марапатталған, «Қазақстанның еңбек сіңірген білім беру ісінің қызметкері» төсбелгісін алған. Үйленген. Үш ұлы мен бір қызы бар.
Қожамжаровқа қатысты қылмыстық іс
Бұған дейін Бас прокуратура Қайрат Қожамжаровтың «Қорғас ісіне» қатысы барын растаған еді. Ол кезде қаржы полициясы қылмыстық іс қозғап, құқық қорғау органдарының бірқатар қызметкерін, кеденшілер мен кәсіпкерлерді жауапқа тартқан болатын.
Еске сала кетсек, Алматы облысындағы кеден бекеттерінде ірі көлемдегі ұрлық деректері туралы Қаржы полициясы 2011 жылдың соңында хабарлаған еді. Ол жерде 100-ден астам адамнан тұратын ұйымдасқан қылмыстық топ әрекет еткен.
Қаржы полициясының мәліметінше, бұл қылмыстық топтың жұмысына қылмыстық құрылымдардың өкілдерімен бірге құқық қорғау органдарының жекелеген лауазымды тұлғалары да тартылған.
Олар топты қаржылай сыйақы үшін қолдап отырған.
Еске салсақ, бұған дейін Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев Парламент Сенатында болған брифингте бұрынғы Бас көлік прокуроры Мақсат Дүйсенов Германиядан Қазақстанға экстрадицияланатынын айтқан болатын.
 
                                     
                                     
                                     
                                     
                                     
                 
                 
                 
                 
                                 
                                 
    
Пікірлер (0)