«Сотталған Бақытгүл Хаменова тойда жүр»: Бас прокуратура пікір білдірді

Жаңалықтар
view 74
news

Фото: atpress.kz

Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев жемқорлық айыбымен сотталған Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменованың не үшін тойда жүргеніне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Бас прокуратура не деді

Хаменова ханымға қатысты айтар болсам, иә, үш жылға кейінге қалдырылды (жаза мерзімін өтеу – автордың ескертпесі). Кейінге қалдыру, негізінен, оның мұндай шараларға қатысуына тыйым салынды деген сөз емес. Оның үстіне ол пробация қызметінен рұқсат алған.

Жалпы кейінге қалдыруға қатысты айтарым, 16 шілдеде қылмыстық заңнамаға өзгерістер енгізілді. Бұрын жазаны өтеуді кейінге қалдыруға рұқсат беру не бермеу соттың еркі бойынша шешілетін. Енді кейінге қалдыруға рұқсат беруді сот шешуге міндетті.

Алайда жаза мерзімін өтеуді кейінге қалдыру ауыр және аса ауыр қылмыстарға — терроризмге, экстремизмге, ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелеріне, кәмелетке толмағандарға қатысты сексуалдық әрекеттерге қатысты қолданылмайды, - деді Бас прокурордың орынбасары.

Бақытгүл Хаменова кім

Ол 1981 жылы Атырау облысы Атырау қаласында туған.

Білімі:

Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін бітірген, қазақ тілі және әдебиеті пәндерінің мұғалімі;

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, аспирант;

Атырау мұнай және газ институты, мұнай және газ инженері;

М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті, экономика және бизнес бакалавры.

Филология ғылымдарының кандидаты.

1999-2001 жылдары Атырау облыстық телерадио-ақпараттық компаниясының дикторы, редакторы.

2001-2004 жылдары Атырау мұнай және газ институтының қазақ және орыс тілдері кафедрасының оқытушысы, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің элитарлық мектебі директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары.

2004-2005 жылдары «Рахат ТВ» Атырау телерадио хабарларын тарату филиалы қазақ редакциясының корреспонденті.

2005-2016 жылдары Атырау Каспий өңірінің қазіргі замандағы колледжінің директоры.

2016 жылғы 24 наурыздан бастап – алтыншы сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты. «Нұр Отан» партиясының мүшесі, партияның Саяси кеңесінің мүшесі.

2020 жылдан бері Атырау облысы әкімінің орынбасары.

Наградалары:

«Ыбрай Алтынсарин» төсбелгісі (2010 жыл), ҚР Президентінің Алғыс хаты (2011 жыл), «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі (2013 жыл), «Қазақстан мәслихатының 20 жылдығы» медалі (2014 жыл), «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісі (2014 жыл), «ҚР Конституциясына 20 жыл» мерекелік медалі (2015 жыл), «KAZENERGY» медалі (2015 жыл), «Экономика Мақтанышы» ордені (2015 жыл), "Құрмет" ордені (2017 жыл).

Екі баласы бар.

Не үшін сотталды

2021 жылы 10 жетоқсанда Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова мен облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиев 4,5 миллион теңге көлемінде пара алды деген күдікпен ұсталды.

2022 жылы 15 қарашада сот шешімімен 7 жылға сотталды. 

Еске салсақ, бұған дейін Ғалымжан Қойгелдиев бұрынғы бас көлік прокуроры Германиядан Қазақстанға экстрадицияланатынын айтқан еді. Сондай-ақ ол Қайрат Қожамжаровқа қатысты тергеу амалдары жүріп жатқанын мәлімдеген болатын.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *