ҚРКФ Төрағасы Түркі мемлекеттерінің кәсіподақтар ұйымының Бас хатшысы болып сайланды

Жаңалықтар
view 20
news

Фото: kasipodaq.kz

2025 жылғы 22 мамыр, бейсенбі күні Анкара қаласында штаб-пәтері Түркия Республикасында ресми тіркелген Түркі мемлекеттерінің кәсіподақтар ұйымының (OTUTS) 1-ші Конгресі өтуде. Жаңа интеграциялық бірлестікке Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түркияның ұлттық кәсіподақ орталықтары кіреді. Форумға Қазақстан атынан ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин бастаған ҚР Кәсіподақтар федерациясының делегациясы қатысуда, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі. 

Айта кетейік, 2023 жылғы 29 шілдеде Әзербайжанның Шуша қаласында Әзербайжан, Қазақстан, Түркия және Өзбекстанның ұлттық кәсіподақ орталықтары Түркі мемлекеттерінің кәсіподақтар ұйымын құру туралы келісімге қол қойған болатын. Жаңа интеграциялық бірлестіктің құрылтай жиналысы сол жылдың 22 қыркүйегінде Самарқан қаласында өткен.

Конгресс жұмысын аша отырып, OTUTS Президенті – Түркияның Türk-İş кәсіподақтар конфедерациясының төрағасы Эргюн Аталай Түркі мемлекеттерінің кәсіподақ қозғалысының дәйекті дамып келе жатқанын атап өтті.

«Біз еңбеккерлердің ортақ мүдделеріне негізделе отырып біріктік – Түркі мемлекеттерінің кәсіподақтар ұйымы қызметкерлердің ортақ мүдделерін қорғау, еңбек жағдайларын жақсарту және әлеуметтік құқықтарды қамтамасыз ету мақсатында құрылды. Бірлесіп, біз ұлттық кәсіподақ орталықтарының алдағы іс-қимыл жоспарын қабылдайтын боламыз», – деді Эргюн Аталай.

Анкарада өтіп жатқан Түркі мемлекеттерінің кәсіподақтар ұйымының I Конгрессінде OTUTS Жарғысының жаңа редакциясы қабылданып, басқару органдары сайланды. Жасырын дауыс беру нәтижесінде Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин OTUTS-тың Бас хатшысы болып сайланды, ал Түркияның Türk-İş кәсіподақтар конфедерациясының төрағасы Эргюн Аталай OTUTS Президенті болып сайланды.

OTUTS Бас хатшысы – Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин жаңа интеграциялық бірлестіктің маңыздылығын ерекше атап өтті.

«Түркі мемлекеттерінің кәсіподақтар ұйымы – Түркі халқының институционалдық құрылымының бір бөлігі. Біздің ұйымымызды Түркия Республикасының әділет органдарында ресми тіркеуге күш салған түрік бауырларға ерекше алғыс айтамыз. Осы сәттен бастап біз тек пікірлестердің одағы ғана емеспіз. Біз – Түркі елдері еңбеккерлерінің құқықтарын дәйекті және табанды түрде қорғауға қабілетті ресми, легитимді күшпіз. Түркі мемлекеттерінің кәсіподақтар ұйымының I Құрылтай конгресі – бұл жай ғана кездесу емес. Бұл – бірлігіміздің жаңа кезеңі басталған сәт. Біз күш-жігерімізді, білімімізді және рухымызды миллиондаған отандастарымыздың лайықты өмірі үшін біріктірудеміз! Біздің мақсатымыз анық әрі жігер берерліктей ұғымда болмақ: Түркі мемлекеттерін XXI ғасырдағы маңызды экономикалық, мәдени және адамзатқа пайдалы орталықтардың біріне айналдыру. Астанада өткен Мемлекет басшыларының X саммитінде қабылданған «Түркі әлемінің келешегі – 2040» құжатында бекітілген бастаманы қолдай отырып, біз былай дейміз: лайықты еңбек, әділеттілік және жұмысшылардың құқықтары – ортақ өркендеудің негізі», – деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.

Оның айтуынша, Түркі мемлекеттерінің ұйымы қарқынды дамып келеді, оның қызмет бағыттары – экономикадан бастап мәдениетке, қауіпсіздік пен білімге дейін – кеңейіп жатыр, ал кәсіподақтар осы түркі интеграциясының құрылымында лайықты орнын алуы тиіс.

«Біздің міндетіміз – түркі ынтымақтастығының кәсіподақтық өлшемін қалыптастыру. Жай ғана бақылаушы болмай, Түркі мемлекеттері ұйымының белсенді серіктесіне айналу, әлеуметтік күн тәртібін әзірлеуге қатысу, еңбек, көші-қон, жастарды жұмыспен қамту және гендерлік әділеттілік мәселелері бойынша бастамалар ұсыну. Біз Түркі мемлекеттерінің кәсіподақтар ұйымы мен ТМҰ құрылымдары – Ақсақалдар кеңесімен, Экономикалық және әлеуметтік форуммен, ал болашақта – ТМҰ жанындағы әлеуметтік-еңбек мәселелері жөніндегі кеңеспен диалог механизмдерін әзірлеуді ұсынамыз. Біз ТМҰ құжаттарында біздің де ұсыныстарымыз көрініс тапқанын қалаймыз. Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау бағдарламаларын нақты жағдайды жақсы білетін кәсіподақтар әзірлеуі керек», – деп мәлімдеді OTUTS Бас хатшысы Сатыбалды Дәулеталин.

Түркі мемлекеттерінің кәсіподақтар ұйымының міндеттерін айқындай отырып, Бас хатшы басым бағыттарға кеңінен тоқталды.

«Біздің мақсатымыз — билік немесе атақ емес, еңбектің адамға қызмет етуі, экономикасын көтеріп, қалалар салатын және ұрпақтар тәрбиелейтін Еңбек адамына қызмет ету. Бір-бірімізден үйреніп, озық тәжірибені бейімдеп, кәсіподақ орталықтары арасындағы көлденең байланыстарды нығайта білейік. Біз жастарға ерекше көңіл бөлуіміз керек. Олар – біздің кәсіподақтарымыздың, еліміздің және бүкіл түркі жұртының болашағы. Біз олардың өсіп-өнуіне, білім алуына, көшбасшы болуына жағдай жасап, оларға тек тәжірибе ғана емес, бауырмалдық рухты, сенімділік пен әділдікке деген сенімді де сіңіруіміз керек. Бір тілде – ынтымақ, әділдік, өзара сыйластық тілінде сөйлейтін уақыт келді.. Енді біз түркі еңбек кеңістігін құруымыз қажет, онда әрбір жұмысшы өзін қорғалғанын, естілгенін және құрметтелгенін сезінуі керек. Бүгінгі таңда біз мақсатты әрі үйлестірілген әрекеттердің қажет екенін сезініп отырмыз. Бізге тек интеграция қажет емес – бізге синергиялық даму қажет. Бұл конгресс тек идеялармен алмасу орны ғана емес, нақты әрекеттер үшін, жаңа бірлескен бастамалар үшін алғашқы қадам болмақ, олар біздің халықтарымызға айқын нәтижелер әкеледі. Біздің ұранымыз осындай болсын: «Еңбек – біздің күшіміз. Бауырластық – біздің жолымыз. Әділеттілік – біздің мақсатымыз», – деді Сатыбалды Дәулеталин OTUTS мүшелеріне.

Жаңа интеграциялық бірлестіктің қатысушыларының айтуынша, I Конгресі ұлттық кәсіподақ орталықтарының күштерін біріктіруге, түркі мемлекеттерінің кәсіподақтарына мүше 15 миллионнан астам адамның әлеуметтік-еңбек, кәсіби және экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған іс-шараларды үйлестіруді бастау болды.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *