"Құдайдың сынағынан сүріндім…": Бишімбаев сотта соңғы сөзін айтты
Фото: Jogargy_sot
Астанада әйелі Салтанат Нүкенованы "асқан қатыгездікпен қинап өлтірді" деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаев пен "қылмысты жасырып қалмақ болды" деп жауапқа тартылып отырған оның інісі Бақытжан Байжановқа қатысты сот процесі жалғасып жатыр, деп хабарлайды janabastau.kz. Айыпталушы Қуандық Бишімбаев соттағы соңғы сөзін сөйледі. Ол өзіне тағылған қасақана кісі өлтірді деген айыпты мойындамады.
Ол алқа билерге жүгініп, олардың сотқа қатысуын өзі сұрағанын, Құдайға сенетінін, Салтанаттың өлім аузында жатқанын білмегенін айтады. Салтанаттың және өзінің туған-туыстарынан кешірім сұрайды. Өз туыстарының еш кінәсі жоқтығын айтып, кінәламауды өтінеді.
"Сіздер Құдайға сенсеңіздер, мен де сенемін. Біз күн сайын Құдайдың сынағына түсеміз. Ең жоғары адамгершілік құндылықтар сынға түседі. Сол күні, яғни қарашаның 8-нен 9-ына қараған түні бұл сынақтан өте алмадым. Осы әрекетке барғаным үшін өкінемін. Менің ата-анам мен туыстарым еш кінәлі емес, бұл менің кінәм және тек менің жауапкершілігім. Мен қолыммен істегенді мойныммен көтеремін. Алқабилер алқасы! Сіздер мені түсініңіздер. Бұл жерде менің тағдырым шешіліп жатыр. Әлеуметтік желіде мені жеккөрінішті етіп, жалған ақпарат көп тарап кетті. Соттың өзін де адвокат Игорь Вранчев маған қарсы қоюға тырысуда. Өздеріңіз ойлаңыздаршы, менің орнымда қарапайым азамат болғанда, осыншама жалған ақпарат таралатын ба еді? Әлеуметтік желіде осыншама жала болар ма еді? Дәлелдерсіз ол кісіге осындай ауыр қылмыс жасады деп айып тағылар ма еді? Бір сәт жақын адамдарыңыздың біріне осындай сынақ болғанын елестетіп көріңіздерші? Сіздерден өтінерім, барынша әділетті болыңыздар. Мен Салтанаттың өліміне кінәлімін. Абайсызда өлтіріп алғанымды мойындаймын. Бірақ қасақана жауыздықпен өлтірмедім, - деді Қуандық Бишімбаев.
Бишімбаев Нүкеновтер отбасынан кешірім сұрап, олардың өзіне қарсы өте ауқымды ақпараттық соғыс жүргізгенін атап өтті.
Пікірлер (0)