Қымбат Досжан Жәнібекті шетелге сатып жібергендерді ақыры әшкереледі

Жаңалықтар
view 416
news

Фото: inbusiness.kz

Танымал тележүргізуші Қымбат Досжан туған ата-анасын іздеген Жәнібекке (Мұрат Савельев) қатысты соңғы мәліметтермен бөлісті, деп жазады  janabastau.kz inbusiness.kz -ке сілтеме жасап.

Оның айтуынша, Жәнібек өзін "Қазақстанға алдыруын" сұраған.

"Жәнібек жаңа жыл мерекесімен құттықтады. "Қазақстанға тағы да мені алдыртыңыз, билет алып беріңізші, жаңа жылды сіздермен қарсы алғым келеді" деп айтқан өтінішіңді орындай алмадым. Уақыт тығыз болды, екіншіден, сені шақырғаныммен қуантатындай жаңалығым жоқ, әзірге..", – деп жазды Қымбат Досжан. 

Ол Жәнібекті асырап алуға келгенде бельгиялық анасы аудармашыға 12 мың АҚШ долларын бергенін айтты.

"2024 жылдың 9 желтоқсанында ҚР Мемлекеттік кеңесшісі мен ҚР Бас прокуроры атына ресми хат жолдадым. Хатта Жәнібек Жұмағұловты асырап алған бельгиялық жалғызбасты әйел – Валери Савельеваның бала асырап алуға Арқалыққа келгенде *** деген аудармашыға 12 мың АҚШ долларын бергені туралы және ақшаны алған адамның аты-жөні ашық жазылды", – деп жазды журналист.

Ал аудармашы Валери Савельеваға "өтірік ойланған кейіп танытып тұрыңыз" деп тапсырма берген.

"2024 жылдың көктемінде осы мәліметті растап, Валери Савельева асырап алған ұлы Жәнібекке берген видеосұхбатында өз аузымен сол оқиғаны тағы айтты. Валери Савельева Бельгиядан Арқалыққа келгенде, Астана әуежайынан көлікпен екі адамның күтіп алғанын, Арқалыққа сол көлікпен жетіп, аудармашы әйелдің үйіне қонғанын, таңертең 12 мың долларды санап қолына беріп, Балалар үйіне екеуі бірге барғанын ашық айтты. Балалар үйіне барғанда ақша алған әйел: "…бірден Жәнібекті таңдамай, ойланған кейіп танытып, басқа балаларға да қарап, өтірік істеп тұрыңыз…" деп үйреткен. В.Савельева оның айтқанын бұлжытпай орындапты. Бұл сұхбаттың түпнұсқасы Жәнібек Жұмағұловта жене Жәнібектің заңды өкілі мен – Қымбат Досжанда", – деп жазды ол.

Бұдан өзге осы уақытқа дейін 54 әйелден ДНҚ сараптамасы алынғанын, оның бір де бірі Жәнібектікімен сәйкес келмегенін мәлім етті.

"Жәнібектің туған шешесі неге табылмай жатыр?" деген жанашыр халыққа айтарым, қателеспесем, сол жылдары босанған әйелдін 54-нен ДНҚ материал алынды. Жәнібектікімен ешқандай әйелдікі сәйкес келмейді. "Қалған әйелдер қайда, олар неге тапсырмайды?" деген сауал да орынды. Оған келер болсақ, "Ол әйелдерді табу қиынға соғып тұр, шетелге көшіп кетіпті, бізде тергеуші жетіспейді.." деген сынды түрлі сылтау естимін полициядан", – деп жазды Қымбат Досжан.

Журналист болжамды әкенің табылғаны рас екенін де тілге тиек етті.

"Болжамды әкесі табылды дедім, ол рас. Бірақ ол кісінің өзі бұл өмірде жоқ, туған балалары ДНК анализ тапсырудан бас тартты. Бірақ, сол қайтыс болған кісінің туған бауырлары бар, олар да бәрін біліп отыр. Мен тіпті полиция қызметкерімен арнайы барып жолықтым, айғайға бастым, өтінішімді тыңдамады. Кезінде осы балаларды шетел азаматтарына ұсынып, долларды санап алғандардың қазір ұйқысы тыныш еместігіне сенімдімін. Бұл оқиғада аудармашы жалғыз фигурант емес. Тергеп-тексеру жұмысы дұрыс, әділ жүрсе, Астанадан жеке көлікпен Арқалыққа жеткізгендерден бастап, ресми лауазым атқарғандардың барлығы жауап беруі тиіс. Міне, бір жыл өтті, Жәнібек екеуіміз осындай нәтиже күтіп жүрміз. Осы бір жыл ішінде қаншама әйелдің тағдырымен таныстым. Бірінің де атын атап немесе фото-видеосын жариялап жіберген жоқпын. Өйткені Қазақ медиасына 40 жыл қызмет етіп келе жатқан мен – жауапкершілік дегеннің не екенін білемін. Дәл солай, Валери айтқан аудармашы кім, ол қазір қайда тұрады, бұрын қайда жұмыс істеді, қазір қайда жұмыс істеп, қандай қызмет атқаратынына дейін білемін, Жәнібек те біледі", – деп жазды ол.

Сондай-ақ Қымбат Досжан хайп қуып жүрмегенін, бала саудасына қатысты шындықты ашатынын айтты.

"Осы елдің заңына бағынатын азамат және Жәнібектің ресми өкілі болғандықтан, ең бастысы, тергеу ісіне кедергі келтірмейін деп әлеуметтік желіге жарияламай отырмын. Хайп қуған біреу болсам, жайып салып қарап отырмаймын ба? Бала саудасына қатысы барларға айтарым, Жәнібектің шындығын ашыңыздар, маған хабарласыңыздар. Біздің қазіргі басты мақсат – баланың туған шешесін табу. Ал бала саудасына қатысты мәселемен тиісті органдар айналыссын. Жиырма жыл тұрмақ, елу жыл өтсе де, бала саудасының жүгі жеңілдемейді-ay", – деп жазды журналист. 

Сонымен қатар Жәнібектің қазіргі уақытта Испанияда тұратынын және анасын іздеумен күн өткізіп жүргенін жазды.

"Қазір Жәнібек Испанияда, қолына түскен жұмысқа жегіліп, түрлі салада қызмет етіп жүр. Туа сала туған анасынан, туған жерінен жырақ кеткен ол қиындыққа әбден шыңдалған, иммунитеті мықты, бірақ жағдайы онша емес. Күлсе де, әлемнің ең көрікті жеріне саяхаттаса да "Менің шешем кім?" деген сұрақпен өмір сүріп келеді. Баланың кеші солай батады, таңы солай атады", – деп жазды Қымбат Досжан.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *