ҚЫТАЙ САПАРЫ: ӨҢДЕУ ӨНЕРКӘСІБІ МЕН БІЛІМ САЛАСЫНДА БІРЛЕСКЕН ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛАДЫ

Жаңалықтар
view 37
news

Фотосурет: дереккөз

Қытайдың Ляонин провинциясына жұмыс сапарымен барған батысқазақстандық делегация мүшелері Цзиньчжоу қаласы мэрінің бірінші орынбасарымен кездесті, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Лю Симин меймандарға шаһар шежіресі, әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, бауырлас қалалармен ынтымақтастық жөнінде мәлімет берді.

 – Цзиньчжоуда өнеркәсіптің 33 санатын қамтитын 1700-ден астам өнім түрі шығарылады. Бұл тәжірибе Батыс Қазақстан облысының мұнай-газ өндіру саласындағы әлеуетін толықтыра түсер еді. Біз ресурстарды өндіруден бастап оларды терең өңдеуге дейінгі бүкіл өндірістік тізбек бойынша ынтымақтастықты ілгерілете аламыз, – деді Лю Симин.

Аймақ басшысының орынбасары Тілепберген Каюпов Орал мен Цзиньчжоудың бауырлас қалалар атануы БҚО мен Ляонин провинциясының арасындағы стратегиялық әріптестікті жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді.

– Біздің облыс ҚХР төрағасы Си Цзиньпин Астана қаласында көтерген «Бір белдеу, бір жол» бастамасын жүзеге асыруда маңызды көлік торабы саналады. Екіжақты меморандум аясында өндірістік кооперацияны кеңейтуге, инвестициялық байланыстарды нығайтуға және жаңа жобаларды тиімді жүзеге асыруға дайынбыз, - деді Тілепберген Каюпов.

Орал қаласы әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиев еліміздің батыс қақпасы саналатын шаһардың инвестициялық әлеуетін таныстырды.

– Бүгінде негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемі 205 млрд теңгеден асты. Қытайлық компаниялар құны 23 миллиард теңгеден асатын «Еуразия» индустриялық-логистикалық хабы мен жел электр стансасын салып жатыр. Өзге жобаларды да бірлесе талқылауға, жүзеге асыруға мүдделіміз, – деді Жандос Дүйсенғалиев.

Делегация құрамындағы батысқазақстандық жоғары оқу орындарының проректорлары ғылыми зерттеулер жүргізу, біліктілікті арттыру, академиялық ұтқырлықты дамыту, қосарланған білім беру бағдарламалары, инженерлік кадрларды даярлау бойынша бірлесе жұмыстану мүмкіндіктерін талқылады.

Қытайлық тарап Ляонин провинциясының 12 жоғары оқу орны бұл бағытта ынтымақтастық орнатуға дайын екенін мәлімдеді. БҚО әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *