"Алаш" базары маңында тағы да адам жоғалу дерегі тіркелді
Сурет: ontustik.tv
Шымкент қаласындағы "Алаш" базары маңында тағы да адам жоғалу дерегі тіркелді. Бұл туралы Сәкен Абдуәлиев әлеуметтік желідегі жазбасында мәлімдеді.
Жазбаны қаз-қалпында ұсынамыз:
🆘 АЙДЫН АМАНЫНДА ЕКІ БІРДЕЙ ЖАСТЫ ЖОҒАЛТТЫҚ
"Осы қыздың жоғалған маңынан 20 жасар Еділбек Бәйдібек Ақмырзаұлының жоғалғаны туралы мәлімет келді. Жас жігіт қаңтардың 14-і күні Түркістан облысы, Ордабасы ауданынан Шымкент қаласына көлік жүргізу куәлігін алып кетуге келген. Кейін жолдас баласын түскі уақытта әуежайға шығарып салған. Өз шаруаларын аяқтап, үйіне қайтпақшы болып "Алаш" базары маңынан таксиге мінген. Алайда, таксиге отырған сәттен бастап оның ұялы телефоны өшіріліп, жігіт үйіне жетпеген.
Айта кету керек, дәл осы маңнан жақында тағы бір жас қыз таксиге отырып, із-түзсіз жоғалып кеткен болатын. Екі адамның да жоғалған орны бір болғандықтан, бұл жағдай қоғамда алаңдаушылық туғызуда.
Бұл жағдай қаламызда екінші рет орын алып отыр. Іздеу жұмыстары басталғанына 2 аптадан асты, алайда еш нәтиже жоқ. Қалада орнатылған бақылау камераларының қызметіне күмән туындайды. Камералар машинаның нөмірін анықтап, қоқыс тастаған немесе темекі шегіп тұрғандарға айыппұл салады. Бірақ неге жоғалған адамдарды табу мүмкін болмай отыр?
Шымкент қалалық Полиция департаменті бұл оқиғаға толыққанды назар аударып, екі жасөспірім отырған көліктің нөмірі арқылы қылмыскерлерді анықтауы тиіс. Бақылау камералары халыққа қызмет етпесе, олардың орнатылу себебі неде? Сенім артып, үміт күтіп отырған ата-аналарға полиция департаменті қандай жауап береді?",-деді ол.
Пікірлер (0)