«Реал Мадрид» командасы Алматыдағы қонақ үйді түгел жалға алды (ВИДЕО)
Фотосурет: 101hotels.com
29 қыркүйекке қараған түні Алматы әуежайына мадридтік «Реалдың» ойыншыларын алып келген чартерлік рейс қонды. Құрамында Килиан Мбаппе, Винисиус Жуниор, Джуд Беллингем сияқты жұлдыздар бар команда бесжұлдызды InterContinental Almaty қонақ үйіне жайғасты. Алдағы күндері бұл қонақ үй өзге меймандар үшін жабық аймаққа айналады, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Қазір қонақ үйді онлайн-сервистер мен ресми телефон арқылы брондау мүмкін емес. Бөлмелерді тек 1 қазаннан бастап алуға болады. Ал «Реал» футбол клубы 15 қабатты, 277 нөмірі бар қонақ үйді толықтай жалға алған.
Айта кетсек, «Реал» Алматыға түнгі 00:50 шамасында қонды. Қонақ үй алдында жұлдызды құрамды қолдарына жалауша, футбол добы мен атаулы жейделерін ұстаған жанкүйерлер қарсы алды.
30 қыркүйекте өтетін «Қайрат» – «Реал» матчы тек спорттық емес, мәдени оқиғаға да айналмақ. Бұл мадридтіктердің еурокубок тарихындағы ең алыс сапары болып отыр. Сондықтан бапкерлер штабы Қазақстанға негізгі құрамды ала келген.
Кездесу Астана уақытымен сағат 21:45-те басталады. Алматыдағы көптеген бар мен мейрамхана үлкен экрандарда тікелей көрсетілім ұйымдастырып, фан-аймақтар әзірлеп жатыр.
Пікірлер (0)