Сәуле Досжан Түркі дүниесінің балалар әдебиеті сыйлығына ие болды
Фотосурет: дереккөз
Жуырда Қазақстанның Түркиядағы Елшілігінде қазақтың белгілі жазушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Досжанның «Ауылдан шыққан миллионер» («Köyden Çıkan Milyoner») кітабы түрік тіліндегі басылымының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі turkystan.kz-ке сілтеме жасап.
Қазақстан Елшілігі мен TÜRKTAV қорының қолдауымен ұйымдастырылған шараға Қазақстанның Түркиядағы елшісі Еркебұлан Сәпиев, Анкара университеттері қауымдастығының басқарма мүшесі, профессор Мақсут Чошкун, қауымдастық төрайымы Асууман Сунгурлуоғлу, TÜRKTAV төрағасы Өмер Низаметтин Айкурт, қордың атқарушы директоры Әсел Лахаева, ЮНЕСКО жанындағы Мәдениеттерді жақындастыру орталығы Астана филиалының директоры Үмітхан Мұңалбаева, сондай-ақ түркітанушы ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Кеш Қазақстан және Түркия елдерінің мемлекеттік әнұрандарымен ашылды. Елші Еркебұлан Сәпиев «Ауылдан шыққан миллионер» кітабына жоғары баға беріп, мұндай шығармалардың өскелең ұрпаққа ой салып, жігер беретінін атап өтті. Сонымен бірге ол Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың соңғы Жолдауына тоқталып, онда жастардың білім алуына, кәсіпкерлікті дамытуға және мәдени байланысты нығайтуға ерекше мән берілгенін атап өтті.
Сондай-ақ «Ауылдан шыққан миллионер» кітабы Түрік тіл қоғамының «Балалар әдебиеті» сыйлығына ие болды. 2022 жылдан бері беріліп келе жатқан бұл сыйлық ортақ мәдени сананы қалыптастыруды және сапалы балалар әдебиеті шығармаларын қолдауды мақсат етеді.
Кештің маңызды қонақтарының бірі, профессор Мақсут Чошкун, әдебиет пен білімнің бауырлас халықтарды жақындастырудағы рөліне тоқталды. Ол өз сөзінде кітаптың жас ұрпаққа арман мен сенім сыйлайтынын атап өтіп, әдебиетті бауырлас халықтарды жақындастыратын рухани күш ретінде сипаттады. Профессор Осман Мерт түркі әлемінің ортақ құндылықтарын сақтаудың және балалар әдебиетін дамытуға үлес қосатын туындыларды қолдаудың маңыздылығын атап өтті.
«Ауылдан шыққан миллионер» алғаш рет 2021 жылы жарық көрді. Жасөспірімдерге арналған бұл тәрбиелік хикаят ауылдағы қарапайым баланың еңбек пен білім арқылы үлкен жетістіктерге қол жеткізу жолын баяндайды. Шығарма Қазақстанда мектептер мен кітапханаларда түрлі шығармашылық жобаларға арқау болды.
Пікірлер (0)