СКО-да толық циклді ең ірі саңырауқұлақ фермасы жұмыс істеп тұр
Фотосурет: Солтүстiк Қазақстан облысы әкімдігінің iшкi саясат басқармасы
Петропавл қаласында солтүстік өңірлер үшін бірегей саналатын шампиньон өсіретін толық циклді ферма жұмыс істейді. Жоба Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығын әртараптандыру және агроөнімдерді өңдеу үлесін 70%-ға дейін арттыру жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылды, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Жаңа нысан Үкіметтің қолдауымен және Ауыл шаруашылығы министрлігінің қаржыландыруымен «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағы аумағында пайдалануға берілді.
«Бұл - Қазақстандағы ең ірі әрі технологиялық тұрғыдан жабдықталған өндірістердің бірі. Жалпы инвестиция көлемі шамамен 11,3 млрд теңгені құрайды. Кәсіпорын жылына 2 400 тоннаға дейін саңырауқұлақ өнімін өсіріп, өңдеуді жоспарлап отыр. Жобаның іске асырылуы өңірдің өңдеу өнеркәсібін дамытуға қосымша серпін беріп, жаңа жұмыс орындарын ашуға және ішкі нарықтағы отандық өнім үлесін арттыруға ықпал етеді, бұл импортты алмастыруды қамтамасыз етеді», - деді СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.
Мұнда шампиньон өсірумен қатар, өңделген өнім - консервілер мен мұздатылған жартылай фабрикаттар шығару жоспарланған. Өндірістік цикл қатаң технологиялық регламенттерге сай ұйымдастырылған. Өнім компосттың үстінен тікелей жиналады - күніне үш ретке дейін.
«Камераға салынған компост бар болғаны 37 күн жұмыс істейді. Яғни, біз компостты салғаннан кейін 18 күн өткен соң саңырауқұлақ жинауды бастаймыз. Оларды шамамен 21 күн бойы жинаймыз. Одан кейін камера толығымен тазартылып, жуу, дезинфекциялау және булау жүргізіледі. Содан соң бірден жаңа компост партиясы салынады. Барлығы қайтадан басталады», - деді саңырауқұлақ фермасының директоры Екатерина Асаенок.
Цифрландыруға да ерекше көңіл бөлінген: ферма онлайн-бақылау жүйесімен жұмыс істейді. Бұл мамандарға әр камерадағы процестерді нақты уақыт режимінде бақылауға, параметрлерді жедел түзетуге және микроклиматтың негізгі көрсеткіштерін қадағалауға мүмкіндік береді. Кәсіпорынның іске қосылуы жақын уақытта Қазақстанның ішкі саңырауқұлақ өнімдері нарығындағы позициясын айтарлықтай нығайтады.
«Қазіргі таңда ел бойынша импортты алмастырудың шамамен 25%-ын қамтамасыз етіп отырмыз. Келесі жылы кеңейту нәтижесінде бұл көрсеткішті 45%-ға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Саңырауқұлақтарды өңдеуді де осы жерде бастаймыз. Біз тек өз облысымыздың ғана емес, сонымен қатар Ресей Федерациясының солтүстік өңірлерінің де сұранысын жабуды және өнімді экспорттауды көздеп отырмыз», - деді кәсіпкерлік басқармасының басшысы Дархан Амрин.
Жобаны қаржыландыру бірнеше көзден жүзеге асырылды: «СҚО тәжірибесі» бағдарламасы аясында, республикалық бюджет қаражаты есебінен, сондай-ақ кәсіпорынның жеке капиталы арқылы.
«Мемлекет тарапынан үлкен қолдау бар. СҚО тәжірибесі аясында осы зауытқа шамамен 2 млрд теңге бөлдік, биыл толық аяқтау үшін», - деді Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.
Алдағы уақытта жылына 4 000 тоннаға дейін компост өндіретін компост зауытын іске қосу, сондай-ақ саңырауқұлақ фермасының қуаттылығын жылына 4 800 тонна өнімге дейін арттыру жоспарланған.
Пікірлер (0)