Сотта Салтанаттың Бишімбаевқа жазған хаты оқылды
Фотосурет: Ашық дереккөзден
Марқұм Салтанат Нүкенова күйеуі Бишімбаевқа жазған жазбаларында қарым-қатынасын тоқтатқысы келетінін жазған, деп хабарлайды janabastau.kz.
Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша өтіп жатқан сот отырысында прокурор Салтанат Нүкенованың жеке жазбасын оқып берді.
Жазбада Нүкенова Бишімбаевты сүйетінін, бірақ ақталудан шаршағанын, сонда да бар күшін салатынын айтқан.
"Сәлем, жаным, мен де фотоға қарап отырмын, жүрегім ауырады. Мен сені сүйемін. Мен үшін жасаған және жасап жатқан істеріңді, еңбегіңді бағалаймын, тырысып жүргеніңді көріп жүрмін. Бірақ ұрыс-керістен, ұдайы махаббатымды дәлелдеуден, ақталудан шаршадым.
Бұл өмір емес. Мен сенің ойыншығың емеспін, үнемі қуа беретін, бір нәрсені бірнеше рет қайталай беретін балаң емеспін. Егер байқамаған болсаң, мен ақымақ емеспін, өзім білетін, меңгерген істі қалай істеу керек екенін 24/7 тыңдағым келмейді. Әр ұрыс-керістен кейін бірнеше күн бойы өз-өзіме келумен боламын, сонан соң өз жұмысыммен айналысып, сені күлімдеп қарсы алуым керек болады, шаршадым деп көр. Махаббат пен неке бақыт әкелуі үшін оның іргетасы сенім мен сыйластықтан қалануы керек, әйтпесе күш салудың қажеті қанша?
Бәрі картадан жасалған үй сияқты опырылып түседі. Ақымақтарға ұқсап бір-бірімізбен алыспай, бір-бірімізге тіреу болуды үйренуіміз керек. Екеуміздің қарым-қатынасымыз жайлы көп әңгімелесетін, бір-бірімізді түсенетін сияқты едік, соған қарамастан ұдайы тису мен ұрыс-керістен күйзеліп кетемін. Екеуміздің арамызда болған жанжалдарды ауыр қабылдаймын деп айтқанмын, содан жүйкем сыр бере бастады, бірақ мен сені сүйемін, сондықтан өз тарапымнан өз-өзімді қолға алуға, сенің өтінішіңнің бәрін орындауға тырысамын, өйткені маған сенің тыныштығың мен бақытты болғаның маңызды. Мен енді бұған шыдай алмаймын. Мен ата-анаммен бірге боламын, олар маған бас-көз болады", - делінген Салтанат Нүкенованың жазбасында.
Бұл жазба хабарлама емес екенін ескертеміз. Айыпталушы бұл хатпен таныс болмағанға ұқсайды.
Айта кетейік бүгінгі сот отырысында WhatsApp желісіндегі хат-хабарларды, суреттер мен жазбаларды зерттеуге кірісті.
Пікірлер (0)