ШҚО-да қос азаматтықпен жүрген 11 адам елден шығарылды
Фотосурет: polisia.kz
Шығыс Қазақстан облысында қос азаматтықпен жүрген 63 адам анықталды, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
ШҚО Полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары бір жылда қос азаматтығы болғаны үшін 63 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартты. Олардың 38-і шетел азаматтығын алғаны туралы белгіленген мерзімде хабарламағаны үшін, 15-і Қазақстан Республикасының паспорты мен жеке куәлігін заңсыз пайдаланғаны үшін жауапқа тартылды.
Мәселен, 47 жастағы өскемендік 2025 жылдың қазан айында қызымен бірге басқа мемлекеттің азаматтығын алғанымен, бұл туралы уәкілетті органдарға хабарламаған. Ер адам сот шешімімен Қазақстан Республикасының аумағынан шығарылды. Жыл басынан бері сот шешімімен елден 11 адам шығарылған. Барлық құқық бұзушыдан ҚР азаматтарының құжаттары тәркіленді, - делінген ақпаратта.
Осы ретте, көші-қон қызметі Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес елде қос азаматтыққа жол берілмейтінін еске салады.
Шетел азаматтығын алған жағдайда 30 күн ішінде ішкі істер органдарына хабарлап, Қазақстан Республикасының құжаттарын тапсыру қажет.
Пікірлер (0)