СҚО мен Ақмола облысында инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны (ЭККС) іске асыру басталды

Жаңалықтар
view 22
news

Сурет: gov.kz

Бүгін, 22 тамыз күні, Көкшетау қаласында Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдіктері, табиғи монополия субъектілері, құрылыс және жобалау компаниялары, отандық өндірушілер, өңірлік кәсіпкерлер палаталары, салалық қауымдастықтар мен БАҚ өкілдерінің қатысуымен кезекті көшпелі семинар-кеңес өтті, деп хабарлайды janabastau.kz ақпарат агенттігі. 

Іс-шара барысында қатысушыларға «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» Ұлттық жобасын іске асырудың негізгі тетіктері түсіндірілді. ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Тимур Қосымбаев, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ, «Қазцентр ТКШ» АҚ, «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ және «Қазақстан Даму Банкі» АҚ өкілдері баяндама жасады.

2025 жылы өңірде «Степногорск Теплотранзит» ЖШС-ның (желілердің тозу деңгейі — 71,4%) жылумен жабдықтау саласында пилоттық жоба іске асырылады. 4,3 шақырым жылу желілерін реконструкциялау және 11 бірлік жабдықты (сорғылар, ысырмалар және т.б.) ауыстыру жоспарланған. Іс-шараларды жүзеге асыру тозуды 3,32%-ға төмендетуге мүмкіндік береді. Компания 22 мыңнан астам абонентке қызмет көрсетеді, оның ішінде 21,5 мыңы – халық, шамамен 600-і – заңды тұлғалар. Қамту аумағы – Степногорск қаласы және Заводской кенті.

Сонымен қатар, Ұлттық жобаны өңірлерде жүзеге асыру жөніндегі Жобалық кеңсенің тобы «Көкшетау Жылу» ШЖҚ КМК-ның нысандарында (желілердің тозу деңгейі — 43%) атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Биыл шамамен 5 шақырым жылу желілерін реконструкциялау, 3 қазан агрегатын жөндеу және автоматтандырылған мониторинг жүйесін енгізу жүргізілуде. Бұл іс-шаралар тозуды 4,39%-ға төмендетуге мүмкіндік береді. Кәсіпорын 66 мыңнан астам абонентке, соның ішінде Көкшетау қаласының, Красный Яр ауылы мен Станционный кентінің тұрғындарына қызмет көрсетеді.

2026 жылы Солтүстік Қазақстан облысында «Петропавл жылу желілері» ЖШС, «Солтүстік Қазақстан электржелілік үлестіру компаниясы» АҚ, «Қызылжар су» ЖШС және басқа да кәсіпорындар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғыртуға қатысады.

Жобаларды іске асыру нәтижесінде Солтүстік Қазақстан облысындағы инфрақұрылымның орташа тозу деңгейі 21%-ға төмендейді.

2026 жылға арналған жалпы инвестиция көлемі Ақмола облысында 89,17 млрд теңгені, Солтүстік Қазақстан облысында 130,56 млрд теңгені құрайды.

ТМРК төрағасы Тимур Қосымбаев инфрақұрылымды жаңғырту – экономиканың тұрақтылығы мен халықтың өмір сүру сапасы соған байланысты болатын стратегиялық таңдау екенін атап өтті. Ол Ұлттық жобаны іске асыруға отандық өндірушілер мен бизнестің белсенді қатысу қажеттігін де жеткізді.

Көкшетаудағы семинар энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту бағдарламасын аймақтарда түсіндіру бойынша Жобалық кеңсенің екінші көшпелі кеңесі болды.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *