Стефан Цвейг. Шахматшы
Руханият
157
1
Чентовичтің шешесі ауырып өледі, әкесі суға кетіп, оқыста ажал құшады. Жетім баланы аулындағы бір пастор панасына алып тәрбиелейді. Пасторға күн сайын полицияның кіші офицері қонаққа келетін. Екеуі үш партия шахмат ойнайтын. Ойынды жас Чентович те сырттай қызықтап тұратын. Бір күні шахматты енді ойнай бергенде бір шаруа кіріп келіп, анасының хәл үстінде жатқан жайын айтты. Діндар шұғыл жүгіріп кетті. Офицер жалғыз өзі қалды. Партия аяқталмаған еді. Ол балаға қарап: – Әй, жүгірмек, мүмкін сен аяқтарсың? – деді езу тартып. Сосын қарқылдап күлді де: – Сен әлі шахмат тастарының қалай қозғалатынын да білмейтін шығарсың, – деп кетуге ыңғайланды. Бала жақын келді де, пастордың орнына отырып, жүріс жасады. Офицер ойнағысы келмесе де, баланың көңілін қалдырмайын деп, ол да жүріс жасады. Он төртінші жүрісте офицер жеңілді. Ол қызарып кетіп, екінші мәрте ойнамақ болды. Бірақ тағы да ұтылды. Үшінші жолы да сол кепті киді. Ашуланып, үйден шығып кетті. Ертесі күні қарымта қайтармақ болған. Бірақ офицер де, пастор да баладан қайта-қайта жеңіле берді. Баланың дарынын байқаған пастор оны жарыстарға қатыстырды. Әуелі ауылдағы шахмат жарысына апарды. Бір кафеге ауылдың әуесқойлары жиналып, ақшаға ойнайтын. Бала алғаш сол жерде сыналып, бәрін ұтып шықты. Онан соң өзге ауылдарға, қалаларға, одан әрі халықаралық бәйгелерге қатысып чемпион атанды. Тіпті «Шахмат философиясы» деген кітап шығарып үлгерді. Негізі Чентовичтің өзі әріп танымас сауатсыз. Бірақ бір баспагер кітап шығарайық деп ізінен қалмай қойды. Сосын бір студентке ақшасын беріп жүріп, кітабын жаздырды. Бір күні Нью-Йорктен Буэнос-Айреске қарай үлкен бір кеме жолға шықты. Кеменің ішінде Чентович те бар еді. Жұрт оны сыртынан танып, сұхбаттасқысы келді. Бірақ ешкімнің жақын баруға батылы жетпеді. Кемеде шотландиялық тау кен-инженері Мак Коннор да бар еді. Ол қызуқанды, өзімшіл жан. Ол Чентовичпен қол беріп амандасып еді, анау менсінбеді. Созған қолын алмады. Мак Коннар ыңғайсызданып қалды. Сырттағы жұрттың бәрі екеуінен көз алмай, аңдып тұрған еді. Коннар сыр бермегенсіп Чентовичті шахмат ойнауға шақырды. Ол: – Бір партия – 250 доллар. Келіссең ойнаймын, – деді. Мак Коннар келісті. Ертесіне шахмат ойнайтын жер белгіленді. Кемедегінің бәрі сонда жиналды. Чентович белгіленген мерзімнен 10 минутқа кешігіп келді. Оның ойнады деген аты ғана, орындыққа отырмады. Фигурамен бір жүріс жасады да, «Ал, бастарыңды қатырыңдар» дегендей салонның екінші басына кетіп қалды. Ойлануға 10 минут уақыт берілген. Мак Коннар жүріс жасаған соң чемпионды шақырды. Ол тағы бір жүріс жасады да, кетіп қалды. Жұрттың арасында тұруды өзіне ар санады ма, кім білсін?! Шахматты көңілсіз, қарсыласын менсінбей ойнады. Көпшілікке де оның осы мінезі ұнамады. Жиырма төртінші жүрісте Мак Коннарға мат қойды. Шотландық намыстан жарылардай еді. Қалтасынан тағы 250 доллар шығарып, қарымта ойынға шақырды. Чентович мысқылдап езу тартты да, келісті. Он төртінші жүріске дейін Мак Коннар жақсы ойнады. Әрі қарай жағдайы қиындады. Бір фигураны көтере бергенде, арт жағында тұрған біреу: – Әй, олай етпе! – деді. Бұл жасы қырық бес шамасындағы кісі еді. Түрі келісті болғанымен, өңі жаңа ауырып тұрғандай боп-боз екен. Мак Коннор оған: – Сіз не кеңес айтасыз?! – деп сұрады. – Пешканы қозғама! Жалтарма жүріс жасап, корольді қауіпті аймақтан шығар! Сонда, екі жақ та өтпелі пешкаларға ие болды! Ең дұрыс жол осы! – деді. Мак Коннар көп ойланбады. Дәл солай жүріс жасады да, Чентовичті шақырды. Ол әдетінше салонның арғы басында жүрген. Аяғын сылбыр басып келді де, қандай жүріс жасалғанын көрді. Көп тосылмады, бір жүріс жасады да, тағы кетіп қалды. Кезек Мак Коннарға келді. – Енді пілді қозға! Чемпион, амал жоқ, пешканы қорғайды! Бірақ, бұл жүрісі оған пайда бермейді! Сен оның пешкасын – атпен аласың! Осылайша шабуылға көшесің! – деді әлгі бейтаныс. Мак Коннор ештеңені жарытып түсінбеді. Айтқанын орындай берді. Кезек Чентовичке келгенде ол терең ойланып қалды. Сөйтті де фигурасын қозғады. Мак Коннар оның пешкасын жеді. Чентович бірінші рет орындығына отырды. Енді ойлануға кірісті. Қатты ойланғаны сонша аузы ашылып қалды. 7-8 минуттай ойланып барып, бір жүріс жасады. Кезек Мак Коннарға келді. Әлгі бейтаныс сыбырлап: – Сен оны жеңе алмайсың. Бірақ ойынды итжығыспен аяқтауға болады. Қазір пешканы же! Сосын үш жүрістен соң оның ферзасын жеп айырбас жасайсың. Ол сенің ферзаңды жейді. Сөйтсең ғана партия тең аяқталады, – деді. Үш жүрістен соң екі жақта ферза алмасты. Төрт жүрістен соң Чентович көп ойланбай, тең ойынға келісті. Ойын біткен соң, қызарақтап: – Мырзалар, үшінші партия ойнайық? – деп, өзі ұсыныс жасады. Жұрт қуанып кетті. Мак Коннор орнынан тұрып: – Әрине, ойнаймыз. Бірақ менің орныма мына мырза ойнайды, – деп әлгі бейтанысты нұсқады. – Жоқ, мен келіспеймін. Өмірімді шахмат ойнап көрмегем, – деді бейтаныс ыршып түсіп.3
Бейтаныс кісі бұрын жүйке ауруына шалдыққан сияқты. Самай тұсы әппақ. Өмірден қатты шаршаған адамдай. Адамға үрейлене қарайды. Оның жанына келіп амандастым. Ол өзін Доктор Б. деп таныстырды. Тегі таныс. – Мен шахмат ойнасам ауырып қаламын. Сондықтан ойнамаймын, – деді қалшылдап. Сөйлегенде өгіз құсап екі көзі екі жаққа кетіп қалады екен. Онымен танысып, өзімнің де Вене қаласынан екенімді айттым. – Е, сен де Веналық болсаң, менің ата-тегімнен хабарың бар шығар. Біздің заң кеңсеміз болды. Әкем екеуміз шіркеулердің дүние-мүлкін құжаттап, кеңес берумен айналыстық. Тіпті Император отбасының да қаражат қағазын жүргіздік. Біздің қызметті тұтынған адам ақша құнсызданған да, төңкеріс кезінде де бар байлығын сақтап қала алды. Әкем өте сауатты адам еді. Билікке Гитлер келгенде шіркеу мен монастырьлардың дүние-мүлкі тәркілене бастады. Ол кезде әкем марқұм болып кеткен еді. Гестапо менің ізіме түсті. Мен де ертерек қам қылып, маңызды деген құжаттың бәрін өртедім. Қалға-нын немере туысымның үйіне жасырдым. Гестапо құнды қағаздарға тікелей қатысы бар адамды концлагерьге жібермейді екен. Әп-әдемі, жып-жылы, үлкен бір бөлменің ішіне әкеп қамады. Бөлмеде мамық төсекті кереует, жылы су, таза киім, орындық бәрі бар. Бір қызығы бөлмеде терезе жоқ, тек күні-түні шам жанып тұрады. Тергеген кезде де ұрып-соққан жоқ. Өте сыпайы, жылы сөйлесті. Бірақ уақытты білмеуім үшін – сағатымды тартып алды. Сосын бір де бір кітап, қағаз, қарандаш бермей қойды. Темекі шеккізбеді. Жан баласынан тек – күзетшіні ғана көрдім. Басқа ешкімді кіргізбеді. Күзетші менімен тіл қатып сөйлеспеді, бірде бір сұрағыма жауап бермеді. Қиындық енді басталды. Мен уақыт пен әлемнен бөлініп қалғандай күй кештім. Жылы төсек, дәмді тамақ толып тұрғанымен уақытты айыра алмасаң азап екен. Өзімді мұхит түбіне жүрген сүңгуірші сезіндім. Қол-аяғым байлаулы емес. Бұрыштан-бұрышқа жүре беруге болады. Бірақ ойым байланып қалды. Жападан жалғыз қалғанда адамға серік – өз ойлары емес пе? Бірақ, ойға да тіреу керек екен. Тіреуі жоқ бос қуыстан ой да шаршайды. Ойың уақытты айыра алмаса өзің сияқты төрт қабырғаға қамалады да қалады. Бір кезде самайың сыздап, сырқырап бастайды. Жалғыз бөлмеде жынданып кете жаздайсың. Өзіңнің не адам, не айуан екеніңді айыра алмай қиналасың. Не ұйықтап жатқаныңды, не тамақ ішкеніңді сезіне алмай дал боласың. Кәдімгідей мына әлемнен бөлініп қалғандай күй кештім. Осылайша екі апта жанталастым. Бір күні жауап алуға шақырды. Бөлмеге кіргенде екі офицерді көрдім. Сондағы қуанышымды көрсеңіз. Күзетшіден өзге түр әлпетті көрмеген санама саңылау түскендей болды. Жаңа адамдардың бет пішіні, көзі, мұрыны, үстіндегі әскери киімі бәрі миымның зерттеу объектісіне айналды. Алақ-жұлақ етіп, екеуіне кезек-кезек қарай бердім. Олар алдыма бума-бума қағаздарды тастап, сұрақтың астына алды. Кісі баласының тіл қатуы да бір бақыт екен. Құлағым естіп тұрса да, көзім қағаздағы жазуларды асыға оқып, жанталасып барады. Қай монастырь үшін қандай құнды қағаздар сатып алдың? Қандай банктермен іскерлік байланыс орнаттың? Пәленше деген тұлғаны танисың ба? Швейцариямен нақты байланысың бар ма? Негізгі сұрақтар осы болды. Жауабыма қанағаттанбаған сәтте қайтадан бөлмеге әкеліп қамады. Әр екі апта сайын бір мәрте тергеп тұрды. Бөлмеде жалғыз жата беріп жынды болып кете жаздадым. Бірақ санамды айықтыру үшін қалайда бірдеңемен айналысуым қажет. Жатқа білетін өлеңдерді неше мәрте қайталап шықтым. Заңның негізгі баптарын еске түсірдім. Ойыма түскен есептерді ойша қостым, алдым, көбейттім, бөлдім. Бірақ бұл ермегім бар болғаны төрт ай ғана созылды. Бұдан да зерігеді екенсің. Миыма есеп келсе лоқситын жағдайға келдім. Тіпті күзетшіге тесіктен айқайлап: – Мені тергеушіге апар! Бәрін мойындаймын! – деп те айқайладым. Күзетші менің не дегенімді естімеді ме, әлде естігісі келмеді жауап қатпады. Бір күні тергеушілер шақырды да, есігінің алдында 2 сағат күттірді. Отыруға рұқсат етпеді. Қақиып тұрдым. Көзіммен бөлменің ішін араладым. Бүкіл затты мұқият сүзгіден өткізіп жатырмын. Миымның қатты істегені аш қасқырдай көрінген ақпарды жұта берді. Есіктің шегесін, еденнің тесіктерін, дуалдың тегіс сыланбаған бұжыр-бұжыр бетін бәрін санап үлгеріп жатты. Киім ілгіште ілуі тұрған тергеушілердің шинеліне көзім түсті. Далада жаңбыр жауған сияқты. Шинельдің жағасынан судың тамшыларын байқадым. Көзіме жаңбырды елестеттім. Шинельдің ілгектерін санай бастадым. Біреуінде – 8, екіншісінде – 10 ілгек бар екен. Бір кезде қаласына көзім түсті. Біреуі томпиып тұрған сияқты. Күзетшінің көзін ала бере, мысық табандап жақын келдім де, қолымды сүңгітіп жібердім. О, Құдайым-ау, кітап! Қуанғаннан тізем діріплеп кетті. Кітап ұстамағалы жарты жыл болыпты. Өзі шағын ғана кітап екен. Алақаныма сыйып кетті. Жүрегім бұлқынып, алпыс екі тамырдағы қан буырқанып ағып жатқандай болды. Шаттықтан өзімді әрең тежеп тұрмын. Не кітап екенін де көргем жоқ, дереу ышқырыма сүңгітіп жібердім. Сәлден соң тергеуге кірдім. Олардың қойған сұрағынан гөрі кітаптың жәйін көп уайымдадым. Түсіріп алмайын деп, өтірік жөтелген боп, қайта-қайта бүгіле бердім. Бөлмеме қайта оралғанда менен бақытта жан болмады. Енді жалғыз емеспін. Оқитын кітабым бар. Төсекке шалқамнан жатып алдым. Жастығымды ыңғайлы етіп, басыма жастадым. Кітапты ышқырымнан суырып, қолыма алғаным сол еді, көңілім су сепкендей басылды. Шахмат ойынының оқулығы екен. Әйгілі шеберлері ойнаған жүз елу партия жинақталған. Бұрын шахматты көргенім болмаса қызығып ойнаған емеспін. Кітапты парақтап шығып, түк түсінбедім. Ертеңіне кітапты тағы да ақтардым. Мүмкін бір қызық оқиға көзіме ілінер деп ойладым. Бірақ таңба мен цифрдан басқа ештеме жоқ. Бір кезде бір ой сап етті. Үстімдегі тор-тор көйлегім шахмат тақтасына ұқсайды екен. Тамақтың қалдықтарын ақтарып жүріп шахмат «тастарын» жасадым. Нанның қиқымы пешканы, макорон – ферзаны, күріш – ат, пияздың қоқымы – ладьяның қызметін атқарды. Ең қиыны – ақ пен қара тастарды бөлу еді. Оларды қалай айырамын деп басым қатты. Адамнан айла арылған ба?! Бөлменің шаңына үйкелеп, қара «тастарды» да шығардым. Енді алаңсыз ойнай бердім. Бір партияны айна-қатесіз жаттап алу үшін алты күн уақытым кетті. Сегіз күн өткенде «фигураларды» шаңға бояудың қажеті болмады. Ақ пен қара «тастарды» миыммен ажыра бердім. Бір ай өткенде кітаптағы кез келген партияны миыма салып алып, ойнай беретін шеберлікті меңгердім. Кітаптың ішіндегі әрбір әріп кеудемдегі бос кеңістікті толтыра берді. Сансыраған ақылымның тиянағына айналды. Бұл кітаптан айрылып қалсам, тағы да су астына түсіп кетердей сезіндім. Кітаптағы барлық партияны жаттап алсам да, кітапты жастығымның астына салып, күніне бірнеше мәрте сипалап шығамын. Бұрынғы мәнсіз, жарымжан күндеріме толық күнге айналғандай болды. Партияларды міндетті түрде таңертең – екі, тұсқайта - екі, кешкісін – бір мәрте талдауды әдетке айналдырдым. Тіпті көзіме шахмат ойнап отырған адамдарды елестеттім. Үлкен сахна, көрермендер, төреші, шахмат тақтасының төбесінен төніп тұрған жарық – бәрін көз алдымнан өткеріп шығамын. Өзім де көрермендердің арасында отырғандай сезімді кештім. Бірақ жүз елу партия да түк емес екен. Әрі кетсе үш айдай алдандым. Әрқайсысын отыз реттен ойнаған шығармын. Артынан бұл ермегім де мәнсіз тірлікке айналды. Қайтадан іш-құса болдым. Енді бұл тұйықтан шығар жалғыз жол қалды. Жаңа партиялар ойлап табу. Екі адамның рөліне кіріп, өзіммен өзім шахмат ойнап үйрендім. Бұл әдетім құмарлыққа айналды. Миыма мыңдаған партияның схемасын сызып тастадым. Құмарлығым есірік күйге айналды. Көзімді ашсам да, жұмсам да шахмат елестейтін болды. Түсімде де шахмат ойнап, таңертең қара терге түсіп оянамын. Тіпті тергеушінің алдында отырып та, партияны жалғастыра бердім. Кейде олардың сұрағын естімей жынды адамша саусақтарымды жыбырлатып, өзімнен өзім сөйлей беретін болдым. Оған қарсы тұрар ерік күшім қалмады. Бойымды безгек қысқандай, шыдамсыз мінезді де жұқтырдым. Бөлмені тазалауға кететін он бес минутта әрең шыдас беремін. Ойынмен отырып, кейде тамақ жеуді де ұмыттым. Шөлім бір қанбай қойды. Бөтелкедегі суды екі жұтқаннан тауыстым. Жалынып күзетшіден су сұраймын. Ол кейде әкеледі, кейде қырсығып қалады. Суды сіміріп салсам да, бір, екі минуттан соң-аузым тағы құрғайды. Өйстіп жүргенде біреу мені құрдымнан құтқарып алды. Бір күні есімді жисам, басқа бөлмеде жатырмын. Терезеден жарық түсіп тұр, қабырғалары әппақ, төбесі биік. Терезеден таза ауаның иісін сездім. Жап-жасыл ағаштардың жапырақтары көрінеді. Көзімді қатты жұмып, тағы аштым. Түсім емес, өңім сияқты. Түске таман бір дәрігер келді. Жүзі келісті, жылы адам екен. Менің жағдайыма толық қанық екен. Немере ағамның жақын досы болып шықты. Мен оған тіл қатып: – Дәрігер, айтыңызшы, маған не болды? – деп сұрадым. – Жүйке жүйеңіз бұзылған. Қорықпаңыз, ұзамай жазылып шығасыз, – деді. Сосын саусағымен төбені нұсқап: – Олардың жұмыс тәсілі осы ғой. Мұндай қорлық көрген жалғыз сіз емес. Енді уайымсыз демалыңыз, – деді. Мен көзімді жұмып қайта ұйықтап кеттім.4
Осы сәтте қоңырау үні естілді. Бұл – кемедегі жолаушыларды түскі асқа шақы-ратын белгі еді. Жұрттың бәрі асханаға жиналды. Бір кезде асқа доктор Б. екеуміз кірдік. Оны көргенде жұрт жамырап қолқалай жөнелді. Чемпионмен жекпе-жек ойын өткізуін сұрады. Доктор Б көптің өтінішін қимады ма: – Достар, мен тек бір-ақ партия ойнаймын. Әрі қарай денсаулығым көтермейді, – деді. Түстен кейін көптен күткен ойын басталды. Сегізінші жүрісте ойын шиеленісті. Чентович әр жүрісіне ұзақ-ұзақ ойлана бастады. Бұл доктор Б-ның жүйкесіне тиді. Саусағын жыбырлатып, әрең шыдап отыр. Жүрістерді есептеу жылдамдығы Чентовичтен жүз есе артық сияқты, Чемпионның қылар айласы қалмады. Доктор Б. оны күйрете жеңді. Жұрттың қуанышында шек болмады. Бәрі бірін бірі құттықтап жатыр. Чентовичтің тәкаппарлығын ұнатпағандар «өзіңе сол керек» деп, айыздары қанғанша сыбырлап тілдеп жатты. Чентович болса сұп-сұр болып кетті. Қастары түскиіп, қабағы түйіліп, басын жоғары көтермеді. Бағанағы тәкаппар бейнесі зым-зия жоғалған. Қарсыласына бейшарадай үн қатып: – Тағы бір партияға ойнасақ қалай қарайсыз? Қанша сұрасаңыз да төлеймін, – деді. Доктор Б. көңілденіп отыр еді. – Жәрайды, ойнайық, – деді. Мен әлгінде ғана доктор Б-ның әңгімесін тыңдаған соң ба, тағы бір партия жүйкесі салмақ боларын сезіп тұрдым. Құлағына сыбырлап: – Бүгінге бір ойын жетеді. Миға артық салмақ салмаңыз, – дедім. – Қайдағы салмақ? Кеш батқанша ойнаймыз, – деді доктор. Есірік буа бастаған ба, әлгінде айтқан сөзін ұмытып қалған сияқты. Ойын басталды. Төртінші жүрістен соң Чентович терең ойға сүңгіді. Доктор Б-ның шыдамы таусылды. – Жылдамдық керек! Жылдамдық! – деп айқайлады. Жиналған жұрт шошып кетті. – Сенің ойланып отырған сәтіңде мен он жеті партия ойнап үлгердім. Енді ойлансаң ұйықтап қалатын шығармын, – деді чемпионға ұрысып. Чентович үндемеді. Ойланып отыра берді. – Сіз бүгін жүріс жасайсыз ба, өзі? Мүмкін ертең келейін бе? – деді келеке еткендей. Чентович жақтырмай қарап: – Мен өзіме тиесілі он минутты толық пайдаланамын, – деді. Таңертеңгі Мак Коннармен ойнағанындай серпін жоқ. Он тоғызыншы жүрісте ойын шиеленісті. Чентович тығырыққа тірелді. Маңдайынан тер сауды. Доктор Б. оның барлық жүрістің немен аяқталарын алдын ала сайрап айтып отырды. – Қазір былай жүресің, мен пешкамен бүйтіп қорғанам да, сенің атыңды жеп қоямын. Егер былай жүрсең онда, ладьяны алға жылжытып, шах қоямын, – деді лепіріп. – Мен ешқандай шахты көріп тұрған жоқпын, – деді чемпион қалшылдап. Чентович ұзақ ойланған сайын доктор Б-ның самайдағы тамыры көрініп, көзі қызарып, өңі өзгере берді. Мен оның жүйкесі сыр бергенін түсіне қойдым. Қолтығынан көтеріп: – Ойынды тоқтатайық. Дәрігердің айтқаны есіңізде ме? Сізге шахмат ойнауға болмайды, – дедім. Сол кезде ғана доктор Б-ның есіні бірдеңе түскендей, орнынан атып тұрды. Чентовичке қолын созып: – Менің әлгі айтқаным бос сөз. Бұл партияны сөзсіз сіз ұтасыз. Мен есептеп көрдім, – деді. Чентович сасып қалды. Өзі де тығырықтан шығар жол іздеп қиналғасын ба, орнынан атып тұрып, доктор Б-ның қолын алды. Доктор Б. жұртқа қарап: – Уа, жақсылар! Кешірім өтінемін. Маған үміт артпаңдар! Мен өмірімде шахмат ойнаған адам емеспін. Енді ойнамаймын. Бұл бірінші әрі соңғы ойыным! – деді де, басын иіп, каютасына аяңдады. – Бұл жын ба, сайтан ба? Кім өзі? Білетіңдерің бар ма? – деді Мак Коннар айналаға қарап. Жұрт та бейтаныс адамның соңынан ұзақ қарап тұрды. Ұялған тек тұрмас демекші, Чентович аяқталмаған партиядан көз алмаған күйі: – Өте өкінішті. Үш жүріске шыдағанда ойсырай жеңетін едім. Байғұс мұны сезді ме, аяғына дейін шыдамады. Негізі, әу бастағы шабуылы жаман болған жоқ. Әуесқой адам үшін мұның өзі аз жетістік емес, – деді ақталғандай болып.
Пікірлер (0)