Светқали Нұржан елдегі уахабистердің атын атады

Жаңалықтар
view 381
news

Фотосурет ашық дереккөзден

NEGE сайтына берген сұхбатында танымал ақын Светқали Нұржан еліміздегі уахабистер туралы сұмдық жайттарды жасырмай айтып берді деп жазады janabastau.kz.

“Бір кездері сопылық ілім тамырын кеңге жайса, кейін бұл жолды уахабистік ағымдар басқан жоқ па?” деген журналистің сұрағына Светқали Нұржан: 

– Осы жолдың дұрыстығын, біздің төл-рухани іліміміз екенін, осымен ұлттық иммунитетті оята алатынын білген азаматтар бұл жолда жүрмесе де, жандануына барынша жұмыс істеді.

Ақпарат құралдары саласында «Ғалым Доскен дәуірі» деп аталатын дәуір бар. 2006 жылы сыртқы күштер Ертісбаев деген министрді әкеліп, соның қолымен тұншықтырды. 150 шақты журналист жұмыстан босап қалды.

«Доскен дәуіріндегі» бес жылға созылған рухани майданда қазақ қандай зиян көрді? Сол хабарларды мектеп, оқу орындары көрнекі құрал ретінде пайдаланатын.

Бірақ ұлт болып ұйысып келе жатқан қазақты, елдің қазынасын еркін тонау үшін мемлекетті басып алған қарақшылар сол жүйені жойып, Құдайға сенбейтін, имансыздарды тәрбиелеп шығарды.

Сөйтіп, қазақ ұлтының рухани тұтастығын талқан қылды. Әлемдік жауыз күштердің әу бастағы жоспары осы еді. Шын мәнінде, бұл – еркін алшаңдағысы келген уахабистердің тапсырмасы.

Әңгіменің ашығы, біз кезінде оларға жұмыс істетпей қойдық қой. Егер біз сол екпінмен тағы үш жыл қарқынды жұмыс істегенде уахабизм ағымы өзінен өзі жойылатын еді.

Ұлттық сана өскен жерде олар жүре алмайды ғой, жарық бар жерде көртышқандар, егеуқұйрықтар болмайды – дейді.

Сондай-ақ ол бүгінге дейін уахабистердің еш айылын жимағанын тілге тиек етіп:

“Олардың ешқайсысы уахабизм ағымының өріс алуына жұмыс істегені үшін сотталған жоқ. Қайрат Сатыбалды улы идеологияны қолдап, қаржыландырғаны үшін емес, экономикалық қылмысы үшін «сотталды».

Қаңтар оқиғасын ұйымдастырған солар емес пе?! Сосын амал жоқ, өтірік ұстап, уақытша әйтіп-бүйтіп шығару керек болды. Сол кезде «Жаңа Қазақстан Самат Әбішті қорғау арқылы салафизмді Қазақстанда сақтап қала алды» деп жаздым.

Олар ың-шыңсыз жұмысын жалғастырып жатыр. Мешіттерге барып көрсең, көз жеткізесің. Өз басым мешітке бармаймын, себебі мешіттерде өз ұлтыңнан шығып құбыжыққа айналып кеткендер көп. Оларға «тәк-тәк» деп жатқан ешкім жоқ. Былтыр күзде заң шығарамыз деп еді, оған да жаңа Қазақстан билігінің әлі жетпей қалды. Тіпті, соңғы кезде күресіп те жатқан жоқ қой. Себебі олар мемлекеттік идеологияның басында жүргендердің маңайын торуылдап, майлы қасықтай жылпылдап жанында жүр. Одан кейін жат күштерге қарсы күрес туралы не айтуға болады?!

Журналистің “таяуда Мұхамеджан Тазабеков сұхбатында өздеріне қарсы жұмыс істегендердің қатарында сіздер туралы айтып қалды. Сіздер бір-біріңізді тек сұхбаттарда ғана түйреп өтетін сияқтысыздар…” деген сауалына Светқали Нұржан:

“Оларға бұрын да, қазір де, екі бастан қарсымын. Атымды атаса, айта берсін. Мен Тілеухан, Тазабектердің сұхбатын көрмеймін де, қарамаймын да. Себебі не айтатынын білемін.

Мен де журналистерге берген сұхбаттарымда олар туралы пікірімді ашып айтамын. Сосын сыртымнан қаралап, жасырын күштерді айдап салады. Ондайға түк апшымайтын адаммын.

Өз басым мұндай лас ойынға араласпаймын. Екіжүзділік – саяси күштердің, деструктивті ағымдардың әрекеті мен бет-бейнесі. Құдайдың атымен халықты алдайды, халықтың атымен билікті алдайды.

Түптің түбінде, екі ортада жүріп құрдымға кетеді. Қалай болғанда да, уахабизм күші Қазақстанда салтанат құра алмайды.

Мына жағыңда тұрған «аждаһа», мына қапталдағы «аю» Қазақстанда ешқашан салафиттік мемлекет орнаттырып қоймайды. Өйткені олар үшін Қазақстан – өте қымбат кеңістік.

Ал егер билікке сақалдарымен жер сыпырып жүргендер келсе, олар ешқашан ел басқара алмайды, тыныштық орнамайды.

«Сондықтан креслода отырғандар бүгін ойланып, бұлардың жұмыс істеуіне тыйым салсын. Әйтпесе, аяқтарын әлгі империялардың өздері-ақ аспаннан келтіреді» деп 2016 жылы сұхбаттарымда айтқанмын.

Әулие емеспін, дегенмен сол ескертпелерім қаңтарда алдарынан шықты.

Бір қателіктің мың түрлі салдары болады. Бұған дейін бір қателік үшін майданға шықса, енді бірінен бірі балалаған мың түрлі қателікті жою үшін ұрпақ қан төгуі мүмкін. Бұл тарихта талай мәрте дәлелденген.

Біз халықтың кешегі қаңтардағы қаһарын пайдаланып, біраз дүниені орнына қоя алмадық. Кейбіреулер «Олардың қолында ақпараттық, қаржылық ресурс көп. Егер қанды қаңтардан кейін назарбаев кланын тұншықтырып тастаса, зәбір көргендер ретінде ұлттық тұлғаларға айналып кетер еді» дейді.

Бұған да келіспеймін. Халық – төреші. Азғантай топты алдауы мүмкін, тұтас халық тобырға айналып кетпесе, оларды алдай алмайды.

Ал уахабизм ағымының қазақ халқына тигізген зардабына қатысты көрнекті ақынның жауабы мынадай болды:

“Бұлар сандаған ғасыр бойы әрбір ұлт өз әулие, абыздары арқылы сомдап шығарған ұлттың күллі адами қасиетін жойды.

«Отанды сүю – иманнан» деп келдік қой, ал олар «Жоқ, сенің отаның – жәннат» дейді. Себебі, жәннаттың «кілті» қолдарында-мыс.

Ең бергісі, қазақтың бағзы дәстүріндегі кішінің үлкенге құрмет көрсетуі, келіннің сәлем етуінен бастап, бейсенбі-жұма күндері пісіретін жеті нан садақаға дейін соғыс ашты.

Жер бетіндегі мың сан ұлттың ішінде бедеріңді айқындап тұратын тарихи тамырыңа балта шапты. Одан асқан не зиян керек?!

Мұның арғы жағында соғыс саясаты тұр. Қазақстан даласын соғыс алаңына айналдырмақ болған күштердің пиғылы осы. Қаншама жастарды Сирияға алып кетті. 2011 жылы сопылардың соты басталған күні Ақтөбенің Шұбаршиінде мемлекетке қарсы лаңкестік әрекет жасады. Одан кейін де бұл әрекет әр жерде көрініс тапты. Ал олардың бұл қасіретті әрекеттерінің бәрі Назарбаевтың немесе Қайрат Сатыбалдының тікелей пәрменімен жабылып қалып отырды. Осынау сұмырай күштің серкелерін Қайрат Сатыбалды Үшқоңырға жинап, Назарбаевпен жолықтырып келісімге келгенін де білемін. Назарбаев оларға: «Мен тұрғанда ешқандай террористік әрекетке бармай, жұмыстарыңды жүргізе беріңдер», – деп батасын берген. Бұл – шындық, себебі нәтижесі солай болып шықты.

Бұлар қазір әскерін нығайтып алды, қару-жарақ жетеді. Кезінде баласы Айсұлтан Назарбаев та өлер алдында бұлардың қандай құпия күштері бар екенін айтып кетті ғой. Соның бәрі шын мәнінде солай болды”

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *