Шымкент әкіміне жағымпазданып, «баланың сұрағын» қойған журналист мазаққа қалды (ВИДЕО)
Фото: ашық дереккөз
Әлеуметтік желіде шымкенттік журналист Бақытжан Көпбаевтың Орталық коммуникациялар орталығында өткен брифингте қала әкімі Ғабит Сыздықбековке қойған «баланың сұрағы» қызу талқыланып жатыр. Тіпті кейбірі оның сөзін мазаққа айналдырып жіберген, деп жазады JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Ғабеке, біздің Шымкент сіз келгенге дейін үлкен ауыл сияқты дамып бара жатқан. Мегаполис дегенде ұялатынбыз. Сіз келгелі бері қала шетелдегі мегаполистердей өзгеріп жатыр. Тұрғындар «әкіміміз ертең кетсе, жетім қалмаймыз ба?» деп қорқады. Сізді бізге әкім қылып сайлаған Аллаға және Президентке рақмет, - деді журналист.
Оның қала басшысына мұндай сөз арнауы көпшілікке ұнамай қалған.
Соңғы уақытта Шымкентте сабын тапшылығы туындап жатыр деп естіп ем. Астанада брифинг болады деп бәрін оптом сатып алған екен ғой бәз біреулер. Алматының әкімі Дархан Сатыбалды брифингке қашан барады екен? Мен де әкімімізді жер көкке сыйғызбай мақтап, жеті атасына дейін рахмет айтсам деп отырмын. Шымкенттіктерден қай жеріміз кем? - деп жазды журналист Диас Нұрақын facebook-парақшасында.
Сондай-ақ философия докторы Шынар Құрманғали да әлеуметтік желідегі парақшасында журналистің әкімге жағымпазданғанын ашық жазған.
Тағы бір баланың сұрағын қойыпты ғой. «Папа, сіз бізді тастап кетпейсіз бе?» дегендей болыпты ғой. Мә, мына жағымпаздыққа айдаладағы (онлайн) мен ұялып кеттім ғой, - деді ол.
Пікірлер (0)