Сыңғырла, алғашқы қоңырау!

Қосшы жаңалықтары
view 307
news

1 қыркүйек – білім күні. Еліміз бойынша оқу жылы басталып, алғашқы қоңырау соғылды. Құшақтары гүлге толы, мәз-мейрам мұғалімдер, оқушылар мен қуанған ата-аналар. Қосшы қаласында да алғашқы қоңырау салтанатты рәсімі өтті.

Қосшы қаласының оқушылары сүйікті мектебімен қауышып, алғашқы қоңырау салтанатты шарасына қатысты. Қосшы үшін бұл күн – ерекше дата! Себебі, шаһарда 1200 орындық жаңа ІТ мектеп-лицей ашылып, орын тапшылығы мәселесінің шешілуіне септігін тигізіп отыр. Жаңа мектептің ашылуына облыс пен ауданнан лауазымды тұлғалар қатысып, жас жеткіншіктерге білім жолында табыс тіледі. 1175 бала бірінші сыныпқа қабылданды Қосшы қаласында бүгінде төрт мектеп бар. Үшеуі – жалпы білім беретін мемлекеттік мектеп болса, біреуі – «Дара» жеке меншік мектебі. Биылғы жаңа оқу жылында 1200 орындық білім ордасы қосылады. Ол – Желтоқсан көшесінде ашылып жатқан IT мектеп-лицей. Яғни, биыл төрт мектеп жұмысын бастады. Бұл күні білім ордаларына асыға жеткен оқушыларға алғашқы қоңырау да соғылды. Алғашқы қоңырау күні – бәріміз үшін маңызды, ол үлкенге де, кішіге де бірдей қымбат. Жалпы ресми статистикаға сөз жүгіртсек, Қосшы қаласында 8685 бала бар. 1 сыныпқа 1175 бала қабылданған. Оның ішінде қазақ тілді сыныпқа 800-ден астам оқушы, ал орыс тілді сыныпқа 350-ге жуық оқушы өтінім берген. Жаңа мектеп есігін айқара ашты 1 қыркүйек білім күніне орай Қосшы қаласында 1200 орындық жаңа IT мектеп-лицейдің тұсауы кесілді. Айтулы іс-шараға Ақмола облыстық мәслихатының хатшысы Талғат Жүнісов, облыстық білім басқармасының басшысы Бейбіт Жүсіпов, Қосшы қаласының әкімі Гайдар Қасенов, Қосшы қаласы мәслихатының хатшысы Болатбек Ибраев және қаланың білім бөлімінің басшысы Қанат Ахметовтар қатысты. Мерекелік шараға орай ұйымдастырылған жиында Талғат Тұрлыбекұлы, Бейбіт Айтымұлы және шаһар әкімі Гайдар Қабдоллаұлы барша оқушылар мен ата-аналарды, ұстаздар қауымын білім күнімен құттықтап, мектеп табалдырығын енді ғана аттап жатқан бүлдіршіндерге ақ жол тіледі. «Білім жолы – ең маңызды белес. Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысының өзі Қосшыдағы мектеп мәселесін назарға алып отыр. Біздің міндет – осы мәселені реттеп, балаларымызға жақсы білім алатындай жағдай жасау. Сіздерді білім күнімен және жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын. Бақыт, сәттілік тілеймін», – деді қала әкімі Қайдар Қасенов. Салтанатты іс-шара барысында ортаға әліппе оқулығы әкелініп, өнерпаздар концерттік бағдарлама ұсынды. №2 мектептегі қоңырау Ал «Лесная Полянадағы» №2 мектепте қала әкімінің орынбасары Берген Жұмкейұлы жиналғандарды құттықтады. №2 мектептің бірінші сыныбына биыл да 700-ге тарта бала қабылданған. Бұл мектепте алғашқы қоңырау іс-шарасына тек бірінші сынып оқушылары мен түлектер ғана қатысты. Қалған сыныптар баланың көптігіне байланысты сынып сағатын өткізумен шектелді. Биыл 1 200 орындық мектепте 3 ауысымда 5 мыңнан астам оқушы білім алмақ. Қалыптасқан дәстүр бойынша бұл мектепте екінші ауысымдағы оқушылар түстен кейін, яғни, сағат 15.40-19.30 аралығында білім алады. «Қосшы қаласының өркендеп, дамып келе жатқанын күннен күнге байқап келеміз. Қала халқының саны жылдан жылға өсіп, мектептер пен әлеуметтік нысандарды салу қажеттілігі туындап отыр. Әлбетте, біз осы міндеттерді сапалы түрде жүзеге асыруға барымызды саламыз. Біздің Қосшының оқушылары білімді үздік беретін мектептерде оқиды деген сеніміміз мол. Мұғалімдерді, оқушылар мен ата-аналарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтаймын», – деді Берген Жұмкейұлы. Сапалы білім, саналы тәрбие алуларыңа тілектеспіз! Кезінде президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі келген Қосшыдағы №1 мектептегі алғашқы қоңырау да қуанышпен, думандата өтті. Бірінші сыныпқа қабылданған балалар қол ұстаса шерулетіп өтіп, көпшіліктің қошеметіне ие болды. Мектеп былтыр жөндеуден өткен. Іргелі білім ордасының тәжірибелі мұғалімдері де мәз-мейрам. Мектеп директоры Сұлуай Ілиясова жиналған жұртшылықты білім күнімен құттықтады. «Мектеп табалдырығын аттаған біздің бүлдіршіндерімізді құттықтаймын. Қадамдарың құтты болсын. Кемелденген еліміздің болашағына нұр болып төгіліп, сапалы білім, саналы тәрбие алуларыңызға тілектеспін», – деді Сұлуай Ілиясова.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *