Талғардағы сот: жәбірленуші «Хуторлықтардың» жетекшісінен қорқып жүр ме?
Фотосурет: ашық дереккөзден
22 қыркүйекте Талғар қаласында Хасан Қасымбаевқа және тағы 5 адамға қатысты сот отырысы өтті. Оған жәбірленуші Аюпжан Тәжиев келіп, сот алдында «Хасанға еш арызым жоқ» деп жауап берді. Істе екі жәбірленуші бар. Оқиғаның мән жайын Orda.kz тілшісі біліп қайтқан, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
2024 жылдың 2 қарашасында Хасан Қасымбаев уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ол 2021 жылы ережесіз жекпе-жек жаттықтырушысы Арман Әлімовтің денсаулығына қасақана ауыр зиян келтірді және ұрлады деген күдікке ілінген болатын.
36 томнан тұратын іс бойынша Хасан Қасымбаевпен бірге Руслан Әлиев, Мадияр Қалымжанов, Сайлау Ақтанов, Нұрмұхаммет Сұлтанбеков, Данияр Асқаров та айыпталып отыр.
Сот залына кіре алмаған тілшілер қанша арыз-шағым қалдырса да ол әлі күнге қараусыз жатыр. Олар сот ашық болса да залға кіре алмай әуре. Сонымен қатар теледидардың дауысы жаңғырып, ақпарат алуды қиындатқан. Сот сағат 10:00-де басталуы қажет болғанмен, айыпталушылар «ауырып қалған» соң түстен кейін бір-ақ басталған. Сот үш айыпталушы қатыспаса да жалғаса берді.
Тағы бір айта кетерлік жайт, Аюпжан Тәжиев сот залында айыпталушылардың көзінше жауап беруден бас тартты. Судья оның өтінішін қабыл алып, 6 айыпталушыны сот залынан шығарып жіберді. Мұны Хасан Қасымбаевтың қорғаушылары заңбұзушылық деп атап, сот отырысы бір тарапқа болысып қаралып жатқанын алға тартты. Олар Хасан Қасымбаевтың конституциялық құқығының тапталғанын айтты.
Еске сала кетсек, жәбірленуші Аюпжан Тәжиев бұған дейін сотқа келмей жүрген еді. Қанша шақырту алса да келмеген оны судья алдыңғы сот отырысына күштеп алып келу туралы шешім шығарды.
Сонымен қатар, жәбірленуші тауда Хасан Қасымбаевты көргенін жасырмады, сонымен қатар оған шағымы жоқ екенін де айтты.

2016 жылы Дархан деген жігіт хабарласып, кездесуге шақырды. Мен дәл сол күні кездесе алмадым. Ертесіне кездесеміз деп келістік. Ол көлігімен келіп, мені көлікке отырғызып, Талғарға барып келеміз деп тауға апарды. Біз Дархан екеуміз жерлеспіз. Мен аяқ киім сатумен айналысамын. Бірнеше рет ота жасатқаннан кейін көбі есімде жоқ. Біз тауға барсақ, Хасан бар екен. Хасанды сол жерде ғана көрдім, - деді Аюпжан Тәжиев.
Жәбірленушінің айтуынша, Хасанның жанында Чина деген азамат болған. Олармен тауда сөйлесіп, кейін дәмханаға барғанын айтты. Тәжиев қорғаушылар мен судьяның сұрағына көбіне «есімде жоқ, білмеймін» деп жауап берумен болды.
Сондай-ақ ол үзіліс кезінде ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес (УБОП) қызметкерлерінің қорғауында жүрді. Сот отырысы біткеннен кейін Хасан Қасымбаевтың қарындасы сұхбат берді. Айтуынша, ол ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес қызметкерлерінің Тәжиевке «қалай жауап беру керек екенін үйреткенін» өз құлағымен естіген.
Мен балаларымды балабақшадан алып кету үшін шыққан едім. Көлігімнің жанында Тәжиевпен УБОП қызметкерлері тұр екен. Менің құлағым шалып қалды. Олар Тәжиевке сотта қалай жауап беру керек екенін үйретіп жатты. Олардың «есімде жоқ, білмеймін деп айт» дегенін анық естідім, - дейді Айжан Қасымбаева.
Сот отырысы біткеннен кейін Хасан Қасымбаевтың қорғаушысы сұхбат берді. Оның айтуынша, жәбірленуші Аюпжан Тәжиев сотталушы Хасан Қасымбаевқа уәжі жоқ екенін жеткізген.

Тәжиевке қатысты айтатын болсақ, оның берген жауаптары есінде жоқ. Сөздері бір-біріне қарама-қайшы. «Енді қазір менің Хасан Қасымбаевқа қатысты талабым жоқ» дейді. Ал «Дарханға қатысты талабым бар» дейді. Өйткені Талғар қаласында оны 2016 жылы тауға Дархан алып келген екен. «Хасан мені тек бір рет ұрды» дейді. Ал ақша талап ету бойынша ондай факті болған жоқ деп отыр. «Хасанға қатысты талабым жоқ» дейді. Тәжиевке қатысты Хасаннан жауап алынған жоқ, сол себепті оның не ойлайтынын айта алмаймыз. Іс 36 томнан тұрады. Қазір жәбірленушілерден жауап алынып жатыр. Ал ол бұл қылмыстық іспен танысқаны туралы нақты айта алмай отыр. Негізі қылмыстық іс аяқталғаннан кейін жәбірленушіге барлық 36 том қолына беріледі. Ол танысып, қол қояды. Қазір ол нақты жауап бере алмайды. Тәжиев 2016 жылы арызданған. Бірақ «Дархан, Шыңғыс, Хасанға қатысты оқиға болды. Тауға апарды, ақша сұрады» деп жазған болатын. Бірақ ол қазір өзінің талап-арызын нақтылай алмай отыр. «Есімде жоқ» дейді. Хасан Қасымбаевқа қандай айып тағып отырғаны туралы сұраққа да жауап бере алмады, - деді Г. Бабажанова.
19 қыркүйектегі сот отырысында жәбірленуші Арманның анасынан жауап алынды. Оған судья ескерту жасап, тек маңызды ақпаратты айтуды ескертті. Анасы ашуланып, 5 минут берулерін сұрады. Сонымен қатар ол Талғар қаласының полиция департаментіне реніші бар екенін жасырмады. Себебі полиция департаменті іспен танысуға рұқсат бермеген көрінеді.
Хасанның қорғаушыларының айтуынша, жәбірленушілердің берген жауаптары сәйкеспейді.
Айта кетейік, Хасан Қасымбаевтың есімі Шерзат Полаттың өлімінен кейін айтыла бастады. 2024 жылғы 4 қазанда «Қамажай» дүкенінде болған жанжалда Шерзат Полат қаза тапты. Бұл оқиға қоғамды дүр сілкіндірді. Осы жағдайдан кейін Талғар аудандық әкімдігінде қызмет атқарған Хасан Қасымбаевтың бауыры Аслан Қасымбаев жұмыстан босатылды. Ресми сот кабинеті дерегіне сүйенсек, Хасан Қасымбаевтың тағы бір бауыры Ержан Қасымбаев бұған дейін «адам өлтіру» бабымен істі болған. Ол кеден қызметкері Медет Жамашевті қасақана өлтірді деп айыпталған. Ал ІІМ «Хуторлық» қылмыстық тобы туралы сыбыс шыққанда-ақ ол ақпаратты жоққа шығарған болатын.
Пікірлер (0)