Тарихы терең аспап: XIX ғасырдың пианиносы филармонияға табысталды
Сурет: Ашық дереккөзден
Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармонияға A.Uslall фирмасының 19 ғасырдың екінші жартысында жасалған көне пианиносы табысталды. Бірегей аспап бірнеше онжылдық бойы ақын Татьяна Окольничьяның үйінде сақталып келген. Енді ол филармониядан лайықты орнын тапты, деп хабарлайды janabastau.kz ақпарат агенттігі.
«Бұл аспап мен үшін өте қымбат. Бірақ қаламыздың тарихымен байланысты болғандықтан, мамандардың қолына тапсыруды жөн көрдім. Енді адамдар сол тарихты сезіне алады», – деді ақын.
Пианино алғашында көпес Матағановтың отбасына тиесілі болған. Кейін 1959 жылы ақынның әулетіне өткен. Пернелері піл сүйегінен жасалған көне аспапта кезінде Татьянаның ұстазы, мектеп директоры Елизавета Портнова да ойнаған.
Музыкалық шеберлердің айтуынша, пианино сирек кездесетін әрі жақсы сақталған, бірақ реставрацияны қажет етеді. Оның қаңқасында «Morgenstern & Kontrade. Leipzig» деген жазуы бар, ал A.Uslall фирмасының рояльдары Ресейде алғаш рет 1884 жылы Жаңа Орлеанда өткен халықаралық көрмеде алтын медаль алған.
Тұсаукесерде аспап қайтадан үн қатты. Алғашқы болып онда ақынның өзі ойнаса, кейін кәсіби пианистер Ирина Воронина мен Ерлік Сайырхан өнер көрсетті. Енді бұл пианино филармонияның орталық фойесінде тұрақты түрде қойылады.
Филармония өкілдерінің айтуынша, бұрын келушілер көне кеңестік люстраға таңданса, енді қала тұрғындары мен қонақтары Павлодардағы ең көне пианиномен де таныса алады.
Пікірлер (0)