Мұқағали туралы бұрын-соңды айтылмаған шындық жария болды
Сурет: Ашық дереккөзден
Ақын Мұқағали Мақатаев туралы көпшілік естімеген дерек әлеуметтік желіде тарады. Ақынның қиын тағдыры жайлы естелікті жазушы Төреғали Тәшенов өзінің парақшасында бөлісті, деп хабарлайды janabastau.kz ақпарат агенттігі.
Айтуынша, Мұқағали Мақатаев сол кезеңде жоғары қаламақы алғанымен, тұрмыста қиыншылық көрген. Ол тапқан қаражатын жұбайы Лашын көпшілік алдында тартып алатын кездері болған. Ақын бір жолы мұндай әрекетке шыдай алмай, Жазушылар одағының ғимаратында алған қаламақысын елдің көзінше еденге лақтырып жіберген.
МҰҚАҒАЛИ ТАҒДЫРЫ — ОТБАСЫ ТРАГЕДИЯСЫ
…Ол кезде «Жазушы» баспасы Жазушылар Одағының бірінші қабатында еді. Суатқа таласқан қойдай сығылысып жүріп кассадан қаламақы алып шықтық. Мұқағали таңдамалы жинағына тоғыз мың сом алды. Тоғыз мың — бір «Волга», әйтпесе екі «Жигули». Кассадан шығуы мұң екен, Лашын Мұқағалидың жағасынан алды. Жұрт көзінен ұялған Ақын:
—Саған керегі мен емес, мынау ғой!- деп қалтасындағы ақшаны шашып жібергенде еден көл бетіндегі күзгі жапырақтай жайрады да қалды. Лашын тоңқаңдап, еңбектеп жүріп сыпырып алды.
Ертеңгісін бәріміз Одақтың екінші қабатындағы холға жиналатын едік. Жаңалық та, өсек-аяң да осы жерден бастау алатын.Мұқағали моншаға түсіп келген екен:
— Шіркін, бір саптаяқ мұп-мұздай сыра, бір істік ып-ыстық шашлық болар ма еді!- деп тамсанып қойды. Сонда Рамазан:
— Әй, Мұқағали! -деді. — Бүгін моншаға баратыныңды білгенде кешегі тоғыз мыңнан тым болмаса бір теңге алып қалмадың ба?!-деп еді, Ақын жігіттерден қысылғаннан жерге кіріп кете жаздады.
Моншаның шыптасы 20 тиын, бір саптаяқ сыраның пұлы 25 тиын, бір істік шашлықтың құны 25 тиын…
Мұқағали ақша шашқан адам емес, ілтипат үшін болса да дос-жарандарын сыйлаған да емес, өйткені, қашанда оның қалтасында соқыр тиын да болмайтын. Керісінше, оны дос-жарандары, жалпы өлең сүйер қауым сыйлайтын да оған деген сыбағасын қатынынан жасырса да сары майдай сақтап жүретін еді. Ол қаламақыны Тұманбай, Қадырлардан кем тапқан жоқ, сөйте тұра отбасы қораш тірлік кешті. Таң қалатын қисынсыз нәрсе. Берекесіздік пе, әлде тегінен ырыс қонбаған шаңырақ па?..Менің бір күдігім, үйінде Мұқағалиға арнап қазан көтерілмеген сияқты. Нәпақасы да, дәм-тұзы да ел үстінде болды…
Қалихан ЫСҚАҚ
«Келмес күндер елесі». «Ана тілі» баспасы 2013 жыл. 353-354 беттер.
Бұл дерек – ақынның тағдыры мен тұрмыс-тіршілігі оңай болмағанын көрсететін естеліктердің бірі ретінде жарияланды.
Пікірлер (0)