Тәуелсіздік: қауіп пен қатерлер
Фото ашық дереккөзден
Қазақстанның тәуелсіздігіне қауіп төнуі мүмкін бе? Бұл сұрақ бүгінгі күні елдің саяси және әлеуметтік өмірінде жиі талқылануда. Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты жүргізген зерттеу нәтижелеріне сүйенсек, біздің қоғам ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін басты бес факторды былай жіктеген: сыбайлас жемқорлық –71,5 пайыз, тарифтер мен коммуналдық қызметтер қымбатшылығы – 41 пайыз, заңсыз есірткі және қару-жарақ айналымы – 39,7 пайыз, жұмыссыздық – 38,3 пайыз, халықтың өмір сүру деңгейінің төмендігі – 34 пайыз атаған. Бұл көрсеткіштер ұлт қауіпсіздігінің сақталуы тек қана әлеуметтік-экономикалық себептерге байланысты емес, оған заң бұзушылық пен әлеуметтік теңсіздіктің де ықпалы зор екенін білдіреді. Ал, енді, ел арасында жүргізілген сауалнамаға сүйенсек, лаңкестік пен жаһандану процесі қоғамның аса үлкен алаңдаушылығын тудырмағанмен, мемлекет қауіпсіздігі үшін олардың да зардабы үлкен, деп жазды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігінің тілшісі журналистік зерттеуінде.
«Ауыруын жасырған – өледі» демекші, қазақ қауымы Қазақстанның Тәуелсіздігіне әсіресе Ресей тарапынан төнетін қауіптердің орасан екенін айтады. Терістіктегі көршіміздің қазіргі жүргізіп отырған империялық саясаты, әсіресе Украинадағы жағдай, Қазақстан үшін де аса қауіпті. Оған Путиннің КСРО-ның құлауына байланысты «Бұл ХХ ғасырдағы ең бір ғаламат апат болды» деп күңірене сөйлеуі Ресейдің әлі де Советтер одағын қайта тірілткісі келген пиғылын айғақтап тұр. Сонымен қатар, мәскеулік саясаткерлерінің шовинистік көзқарастары, «Қазақта мемлекет болмаған», «Солтүстік Қазақстан – орыстың жері» деген сықпыттағы пропагандасы елдің тұрақтылығына, жеріміздің біртұтастығына төндіріп отырғанын үлкен қатер екенін айтпасқа болмайды. Өйткені, Ресей Федерациясы мұндай пропаганданы Украинаға шабуыл жасамас бұрын ондаған жылдар бойы үзбей айтып келгенін. Оның арты Мәскеудің басқыншылық соғысына ұласқанын көздеріңіз көріп отыр. Сол себепті де, еліміздің сыртқы саясаты мен ішкі қауіпсіздігіне айрықша көңіл бөлінуі қажет.
Тәуелсіздігіміз баянды болуы үшін тек әскери күш қана емес, сонымен бірге идеологиялық, мәдени және экономикалық шараларға да баса назар аударған жөн. Бұл жағдайда ұлттық құндылықтар мен тарихты қорғау, білім беру жүйесінде дұрыс тарихи түсінік қалыптастыру үлкен маңызға ие.
Геосаясат тақырыбына қалам сілтеп жүрген адам ретінде, меніңше, ол үшін төмендегідеі бірқатар шарттарды орындауымыз керек.

Біріншіден, сыртқы саясатты нығайту: Қазақстан өз Тәуелсіздігін сақтау үшін халықаралық аренада белсенді болуы тиіс. Сонымен қатар, экономикалық және әскери одақтарға қатысты саясатты қайта қарап, еліміздің қорғаныс қабілетін арттыруы қажет.
Екіншіден, ішкі қауіпсіздікті қамтамасыз ету: экономикалық реформалар жүргізу, жұмыссыздықты жою, жемқорлыққа қарсы күрес – еліміздің ішкі қауіпсіздігін сақтау жолындағы маңызды қадамдар болып табылады.
Үшіншіден: ұлттық құндылықтарды қорғау: мәдениет пен идеология саласында белсенді жұмыс жүргізу, әсіресе жастар арасында ұлттық сана-сезімді қалыптастыру – тәуелсіздікті сақтап қалудың кепілі болады.
Төртіншіден, әскери дайындықты күшейту: қазіргі заманғы жаһандық қауіп-қатерлерге жауап ретінде Қазақстанның әскери әлеуетін нығайту.
Дәулет АСАУ
Пікірлер (0)