Тоқаев Құрылтай сайлауын өткізу туралы арнайы жарлыққа қол қоятынын мәлімдеді
Фотосурет: Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай сайлауын өткізу туралы арнайы жарлыққа қол қоятынын мәлімдеді. Бұл туралы ол парламент палаталарының бірлескен соңғы отырысында айтты, деп хабарлайды Ақорда.
"Жаңа Конституцияның заңды күшіне енуі – ұлт тағдырына тікелей әсер ететін тарихи оқиға. Тұғырына қонған Ата заңымыз аса ауқымды қоғамдық-саяси үдерістер кезеңіне жол ашады. Осыған орай, мен бірқатар маңызды құжатқа, соның ішінде Құрылтай сайлауын өткізу туралы арнайы жарлыққа қол қоямын", - деді президент.
Мемлекет басшысы саяси науқанды жоғары деңгейде өткізу керектігін айтты.
"Алдағы сайлауда ашық, адал және әділ бәсеке болуға тиіс. Қазақстан халқы – қоғамда жасалып жатқан түбегейлі өзгерістердің негізгі қозғаушы күші. Азаматтармыз елдің ертеңіне бей-жай қарамай, шешуші сәтте таңдау жасауға қабілетті екенін айқын көрсетіп келеді. Бұл – жауапкершілігі жоғары, бірлігі бекем, рухы және мәдениеті биік ұлттарға ғана тән қасиет. Сайлауға қатысу – елдік істен шет қалмау деген сөз. Осы ретте жұртымыз алдағы саяси науқанға белсене атсалысады деп сенемін", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Пікірлер (0)