Тоқаев Жапонияның Премьер-министрі Санаэ Такаичимен келіссөз жүргізді

Жаңалықтар
view 24
news

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Жапонияның Премьер-министрі Санаэ Такаичимен келіссөз жүргізіп, Қазақстан делегациясына қонақжайлық көрсеткен Санаэ Такаичиге ризашылығын білдірді. Бұл туралы Ақорда мәлім етті, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі. 

Бұл сапар, шын мәнінде, екі ел арасындағы қарым-қатынастың жаңа кезеңі. Біз Жапонияны әрқашан Азиядағы уақыт тезінен өткен сенімді серіктесіміз деп санаймыз. Бүгінгі Жапония – ғасырлар бойы қалыптасқан даналық пен бірегей дәстүрді заманауи инновациямен үйлесімді жарастырған, дамыған мемлекет. Сіздің парасатты әрі мықты басшылығыңызбен еліңіздің халықаралық аренадағы рөлін одан әрі нығайтатын ауқымды реформалар жүргізіліп жатыр. Біз Жапонияны алыстағы көршіміз, дегенмен жақын әрі сенімді досымыз деп жиі айтамыз. Өзара байланыстарымыздың тарихы тереңде. Бұған дейін Сіздің еліңізге төрт рет келген едім. Бұл – менің Президент ретіндегі алғашқы сапарым. Қазақ-жапон қарым-қатынасының берік институционалдық негізі қалыптасқан. Өзіңіз айтқандай, 2004 жылы Жапонияның сол кездегі Сыртқы істер министрі Кавагучи ханыммен бірге «Орталық Азия + Жапония» форматына бастамашы болдық. Сыртқы істер министрлері деңгейіндегі алғашқы кездесу Астанада өтті. Бүгінде мұндай кездесулердің кеңінен танылғаны соншалық, ірі мемлекеттердің көбі «Орталық Азия плюс» платформасын құптайды. Бірақ Жапония бұл диалог алаңының алғашқы бастамашысы және негізін қалаушы болып қала береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жапония Премьер-министрі Қазақстан Президентінің ресми сапары екі елдің өзара тиімді ынтымақтастығына тың серпін беретініне сенім білдірді.

Сізбен жүздескеніме қуаныштымын. Осыдан 21 жыл бұрын Сыртқы істер министрлерінің «Орталық Азия + Жапония» форматындағы алғашқы жиыны өткен еді. Оған Өзіңіз төрағалық еттіңіз. Бүгін, міне, «Орталық Азия + Жапония» форматындағы мемлекет басшыларының кездесуіне Президент лауазымында қатысқалы отырсыз. Қазақстанды заң үстемдігіне негізделген еркін әрі ашық әлемдік тәртіпті нығайту ісінде стратегиялық серіктес ретінде қарастырамыз. Өзара тиімді қарым-қатынасты одан әрі дамыту үшін Сізбен тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға ниеттіміз, – деді Санаэ Такаичи.

Келіссөздер барысында сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистикалық, энергетикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты байланыстарды дамыту перспективасы егжей-тегжейлі талқыланды.

Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев Жапонияға ресми сапармен барды. Сонымен қатар Токиода жалпы құны 3,7 млрд доллардан асатын келісімдерге қол қойылады.

Мемлекет басшысы Жапония Императоры Нарухитомен кездесті. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаевтың құрметіне ресми қабылдау өтті. Кейін Тоқаев Мейджи Джингу ғибадатханасын аралап көрді. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Жапонияда тұрып жатқан қазақстандықтармен кездесті және Жапония Парламентінің Қазақстанмен достық лигасы мүшелерімен кездесті.

 

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *